$ 439.43  473.31  4.82

Алматы облысында жауапсыз бизнесменнің кесірінен ондаған бала мектепке бара алмай отыр

Шалғайда орналасқан Күреңбел ауылының ондаған баласы мектепке бара алмай отыр. Себебі, оқушыларды мектепке тасымалдауға жарияланған тендерді жеңіп алған кәсіпкердің автобусы жоқ.

Күреңбел ауылының тұрғыны Мұрат Баймұхамбетов болса ұлын соңғы кезде өте сирек көретінін айтады. Сабағынан қалмасын деп кішкентай Рахымды ол Қоғалы ауылындағы туыстарына жіберген.

"Алғашында біз өз күшімізбен тасымалдадық. Кейін, алыстағы мектепке күн сайын баланы апарып-әкелу қиындап кетті, оның үстіне жол да тым нашар. Болмаған соң туыстарымызбен келісіп, баланы солардың үйінде жатып оқытуды шештік. Туыстардың болғаны әрине жақсы, бірақ баланы ата-ананың өзі қадағалауы қажет", - дейді ол.

Ал, Қоғалы ауылдық округінің әкімдігі оқушыларды тасымалдауы тиіс кәсіпкердің автобусы жоқ екенін айтып отыр. Жыл басында қызметтің осынау түріне мектеп әкімдігі байқау жариялаған екен. Жамбыл ауданының кәсіпкері бұл тендерді жеңіп алған. Кейін ол қысқы каникул аяқталған соң автобусын алып келемін деп уәде беріп, сол кеткеннен қарасын көрсетпепті. Енді білім бөлімінің шенеуніктері оны сот арқылы тауып алмақшы.

"Алдымен ол мұны бір күндік жұмыс шығар деп ойлағанын айтты, яғни келісімшартты соңына дейін оқымаған. Бірақ, біз оны шақырдық, оқу жылының соңына дейін оқушыларды тасымалдау керектігін айттық. Бәрін түсінгендей болды, келісті. Кейін белгілі болғаны, оның автобусы жоқ екен. Көлік іздеймін деп уәде берді. Біз онымен 5 күн бойы келіссөздер жүргіздік. Кейін мүлдем жоғалып кетті. Біз оған жазбаша түрде ескерту жібердік, жауап бермеді. Ақпан айында оның үстінен экономикалық сотқа арыздандық. 2 наурызда бірінші сот отырысы өтті, бірақ кәсіпкер оған қатысқан жоқ. Енді 16 наурызда келесі отырыс өтеді", - дейді Қоғалы ауылдық округінің әкімі Самат Исабаев.

Ал, былтыр балаларды тасымалдаумен айналысқан Ғалымжан Жорабеков болса жолдардың ауыларалық жолдардың өте нашар екенін айтып отыр. Ал, тендер арқылы берілетін 1,5 миллион теңге атқарған жұмысыңа арзымайды дейді ол.

Енді ауыл әкімдігі қайта тендер өткізу үшін "қашып жүрген" кәсіпкермен келісімшартты үзу керек. Жаңа тасымалдаушыны тауып, онымен келісімшартқа отыру тағы біраз уақытты алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары