"Үкімет қазір қандай жағдайда отырғанын адекватты түрде бағалай алмай отыр".
YouTube арнасындағы Qasqa Jol бағдарламасының осы жолғы шығарылымы елдегі өзекті мәселе – cу басу, қарғын су тақырыбына арналды. Бағдарлама барысында жүргізуші Жамбыл Зейнолла мал шығыны көп екенін атап өтті. Сонымен қатар, өкінішке қарай адам шығыны бар екені де айтылды. Студия қонақтары шаруалардың басын біріктірген «Шаңырақ» қозғалысы, республикалық бірлестіктің төрағасы Алмасбек Садырбай және Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров болды. Спикерлер елдегі су тасқынының себебі мен салдарын талқылап, пікірлерін ортаға салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алмасбек Садырбайдың айтуынша елдегі ушыққан жағдайға байланысты шаруалар үздіксіз хабарласып жатыр. Елдегі жағдай бойынша алғашқы белгі Ұлытау облысында болған.
«Әрбір дүниеге Үкімет тарапынан дұрыс назар аударылатын болса, Ұлытауда бірінші сигнал болды. Даладағы жан-жануар жайдан-жай өлмейді. Қар жауды, жауын жауды, аяз болды. Жануарлар қинала бастады. Шаруалар толымсыз шығынға батып жатыр. Малынан айырылды. Несиелері бар», - дейді спикер.
Жүргізуші депутат Ерлан Сайыровтан бөлінген қаражат жайында нақтылап сұрақ қойды.
«Үкіметтің айтуынша, 7 миллиардтан 3 миллиард теңге ақша бөлінген. Елдегі жағдайдың салдарын емес, себебін іздеуіміз керек. Біріншіден министрліктер мен әкімшіліктердің немқұрайлылығы. Өйткені, бұл жылда болады, еттері үйреніп алған. Биыл да «жеңіл-желпі өтіп кетеміз» деп ойлаған. Екінші себебі, елдегі – бюрократия. Әкімдерде дайындалуға бір ай уақыт болды. Сол уақытты олар пайдаланбады. Неліктен? Аудандық, облыстық деңгейдегі әкімдер шешім қабылдауға қорқады. Біздің заңдарымыз олардың қолдарын байлап тастаған...», - дейді депутат.
Оған қоса, Ерлан Сайыров елде гидротехник мамандары жоқ екеніне тоқталды. Бұрын әрбір совхозда гидротехник болған. Қазір бір ауданда емес, бір ауылда ондай маман жоқ.
«Осындай топан су басу жағдайында қандай іс-шара қолданып, не істеу керектігін ешкім білмейді. Гидротехник маманын дайындайтын ЖОО да жоқ. Бұрын Таразда институт болған, ол жабылды», - дейді депутат.
Ал «Шаңырақ» қозғалысы, республикалық бірлестіктің төрағасы Алмасбек Садырбай Үкімет қазір қандай жағдайда отырғанын адекватты түрде бағалай алмай отырған айтты.
«Ондаған тіпті жүздеген көпір, қаншама тасжол. Сондықтан да мына апаттың шығыны 100 млрд теңгеден асады», - деп болжады Алмасбек Садырбай.
Депутат Ерлан Сайыров болса Қазақстандағы жағдайдың өте күрделі екенін айтып, апатты «гуманитарлық дағдарыс» деп атады.