Ер балалардың 7 мен 10 жас аралығын «қозы жасы» деп, бұл жастағы балаларға әр түлік мал мен оның төлдерінің бөгенайын, белгі, қасиеттерін жыға тану талабын қойған.
Әрбір ұлттың салт-дәстүрі сол халықтың дүниетанымы мен сан ғасырлық тәжірибесі мен білімінің жиынтығы. Салт-дәстүр сол халықтың ерекшелігін, не нәрсеге қатты мән беретінін, табиғатын көрсетіп тұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тіпті сол елдің өскелең ұрпағы қандай болып ер жететінін салт-дәстүрінен байқауға болады. Бүгін қазақ салтында ер баланың тәрбиесіне қатысты жора-жоралғылар мен ұрдістерді бөлісуді жөн санадық.
Қыз баланың тәрбиесі қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Бірақ қандай да бір қоғамда, ұлтта көшбасшысы, елдің қорғаны, жұрттың болашағы ер азамат екенін екерер болсақ, ер бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін сезіне аламыз. Әйел адам отбасының ұйытқысы болса, ер азамат сол отбасының қазығы. Қазығы мықты отбасының шаңырағы биік, керегесі берік болары анық. Егер мемлекетті отауға теңер болсақ, әрбір ер азаматты сол отаудың мығым, берік болуы үшін қағылған қазыққа ұқсатуға болады.
Халқымыз бала тәрбиесінде ежелден араласатын ортаның маңызын түсініп, соған мін берген. Сондықтан «ұлым жақсы болсын десең, біліктімен ауыл бол» деп, үлдары тай мініп, өздігімен жүруге жарай бастағанда адамгершілігі жоғары, білімі терең, жақсы адамдармен көрші болып, өнерлі, үлгі-тағылымды кісілермен жиі барыс-келіс жасап, ұрпақтарының тамаша үлгі-өнеге алып өсуіне шарт-жағдай әзірлеген.
Ұлттық тәрбие мектебі ұл баланың да, қыз баланың өз табиғатына сай өскенін, яғни өзінің болмысына қарай жетілуіне баса назар аударған. Сондықтан да «еркек мінезді әйелден, әйел мінезді еркектен без» деп насихаттаған.
Ұл баланы ес біліп, қолғабысқа жарай бастаған кезден-ақ еңбек тәртібін үйретіп, түрлі жұмыстарға жұмсап, түрлі шаруаларды істетіп, ерте тұрғызып, еңбекқорлыққа баулыған.
Тәрбиелеу барысында ұл баланы жасына қарай, ақыл-ойы мен дене құрылысының жетілуіне қарай, тәрбиені таяздан тереңге, қарапайымнан күрделіге қарай бірте-бірте ауырлатып, қиындатып отырған. Мысалы, ер балалардың 7 мен 10 жас аралығын «қозы жасы» деп, бұл жастағы балаларға әр түлік мал мен оның төлдерінің бөгенайын, белгі, қасиеттерін жыға тану талабын қойған.
Ал 10 жастан 20 жасқа дейінгі аралықты «қой жасы», «Отан жасы» деп атап, осы он мен жиырма жас аралығындағы ер балаларға қойдың қырық қайырымын білу, астық жинаудың «ұрық таңдау, айдау, баптау, ору, жию, қамбалау» сияқты алты әдісін, бағбандықтың көшет отырғызу, баптау, жалғау, бұтау, үзу, сақтау сияқты амалдарын толық меңгеру талабы қойылған.
Ал 20 мен 30 жас аралығын «жылқышы жасы» деп атап, бұл жастағы азаматтарға ел танып, жер танып, тың жол тауып, жаңа бастама көтеріп, жылқының жиырма қасиетін меңгеріп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп-қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын, батыл да батыр болу талабы қойылады. «отызында орда бұзбаған қырқында қыр аспайды» деп, жас кезінде ел назарын аударып, өзіндік өнер көрсетпеген ер жігіттерді азамат деп санамаған. Тәрбиенің осындай сатыларынан өткен азамат та өмірдің қилы белестерінен өтуге, қиындықтарын еңсеруге және өз шаруашылығын дөңгелетіп әкетуге дайын болады.
Ал қырық жасты «жігіт ағасы», «дүр жігіт» деп атап, қырыққа келген әрбір азаматқа елге тірек, әлсізге қорған болып, Отаны мен халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау парызын жүктеген. «Ез тірліктен – ер өлім», «ерлік – жігіттің жігіттігін танытатын бағалы қасиет» деп ел намысы, ер намысы үшін сын сағатқа түсер сәтте бүгежектеп, жалтақтап, өзінің бас амандығы мен жеке мүддесін күйттеп, ел намысы мен ер намысын ұорғай алмаған еркекті еркек деп санамаған. Ондай жігіттерге «ез, намыссыз, жетесіз» деп лағынет айтқан.
Ұрпақтарды жасына қарай талап қойып, тәрбиелеу тәрбиенің жұғымдылығын арттырады. Мал бағып, от жағу, егін егіп, бау-бақ өсір, қажетті мезгіл мен сын сағаттарда елінің, жерінің, халқының Отанының, ар-намысын қорғап, ер азаматтық таныту саналылығын өсіреді. Ар-намысты, атақ-даңқты жеке басы мен өз мүддесінен жоғары қоюдай ұлы мұрат, асқақ арман орнатуына тамаша негіз қалайды. Іскерлікке, еңбекқорлыққа жетелейді.
Күнімізде бұл тәрбие тәсілі өзектілігін жоғандай көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнісінде бұл тәрюиенің астарында ер жігітті кезең-кезеңмен қоғамда алар орнына, атқарар қызметіне дайындағанын байқауға болады. Өз жасына сай өмір жолында қажетіне жарайтын білімді алып отырған бала есейгенде «мен кіммін?», «не үшін өмір сүріп жүрмін?» деген сыңайлы сауалдармен басы қатып, күйзеліске түспейтіні анық. Өйткені ол бала күнінен өзіне артылған үміт пен міндетті, қоғамдағы өз орнын біліп, сезініп, түйсініп өскендіктен уақыты келгенде өз орнына «қаланған кірпіштей» орныға алады.
Ал енді қазіргі жағдайда, қала өміріне бейімделген қазақ халқының тұрмысы мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен тығыз байланысы жойылған заманда бұл тәрбиені үйрене алатын орталардың, үйірмелердің болғаны қандай жақсы болар еді. Иә, спортқа, өнерге, әр түрлі тіл үйренуге, техникаларға баулитын орталықтар көп. Бірақ баланың бойында мейірімділікті, жауапкершілікті, шешім қабылдау, сенімді әрекет ету сияқты өмір жолында өте қажет болатын қасиеттер мал бағу, егін егіп-баптау барысында, басқаша айтсақ табиғатпен байланыс аясында кеңірек ашылатыны байқауға болады.
Сондықтан осы жағын ескеріп, ата-аналар жылына бір мезгіл баланы ауылда тәрбиелесе дегіміз келеді. Бірақ өкінішке орай қазір ауылдың өзінде екінің бірі мал бағып, егін егіп отырған жоқ және бұрыңғыдай ауылдың берекесі де қалмады дейтіндер көп. Енді бұл жағын Оқу-ағарту министрлігі ескеріп, мектептердің жанынан арнайы кішігірім теплицалар мен минизоопарктар ұйымдастырылса балалардың жетілуіне жасалған үлкен қадам болар еді.