$ 494.87  520.65  4.91

Қазақ халқы болашақ отағасын қалай тәрбиелеген?

Халықтық дәстүр бойынша ер балалар ат жалын тартып мініп, ақ-қараны ажыратып, оң мен солын тани тани бастағаннан оларды әкелері ертіп жүріп, алыс-жақын ел-жұртпен таныстырады.

Фото: zhas-zhanary.kz
Фото: zhas-zhanary.kz

Салт-дәстүріміз бойынша  ұл балаға 12-13 жастан бастап отбасы туралы тәрбие беріле бастайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мұнда адам баласы үшін отбасының бақыт-байлық  ұйытқысы, қуаныш ошағы, адамзаттың өсіп-өркендейтін алтын ұясы екендігі ұғындырылады. Отбасына пайдалы адам – ең жақсы адам. Ол қоғамға да, халыққа да, Отанға да пайдалы адам.  Отбасына зиянды адам – қоғамға да, халыққа да, Отанға да зиянды деп түсіндіріледі. Сондай-ақ ер азаматтардың жар сүйіп, отау көтеріп. Балалы-щағалы болып, өсіп-өркендеп, отбасын, алған жары мен ұрпақтарын ешнәрседен тарықтырмай бағып-қағып, жақсы тәрбиелеу бас тартуға болмайтын адамдық және азаматтық парызы екендігі жан-жақты ұғындырылады.

Ер балаларға отбасы тәрбиесін жүргізгенде әйел – ана; анаға құрмет  – барша аналарға құрмет, сондықтан әрбір ер азамат  алған жарын,болашақ балаларының анасын аялау, құрметтеу қажеттілігі баса дәріптеледі. Қандай жағдайда да әйелдерге қол, тіл тигізудің, қорлау мен мазақтың тәрбиесіздік, мәдениетсіздік, тіпті адамгершілікке жат пасық қылық саналатындығы; әйелдерге жасалған жамандық – барша аналарға жасалған жамандық, әйелдерге көрсетілген құрметсіздік  – барша әйелдерге көрсетілген құрметсіздік болатындығы; отбасы мен алған жарын құрметтеп, перзенттерін жақсы бағып-қағып, тәрбиелеп, ел-жұртқа  үлгі-өнеге көрсетуден асқан игі істің жоқтығы, үй іші ала болса, яғни отбасында ауызбіршілік болмаса кереге басы пәле болатындығы егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

Жалпы қазақ отбасы тәрбиесінде, мейлі ұл, мейлі қыз болсын, отбасын сүю, отбасын қадірлеу, отбасына адал болу, мейірлі, шапағатты болу, ерлі-зайыпты болған күннен бастапбірін-бірі аялап, құрметтеп, үнемі бір-біріне қол ұшын беріп, отбасын көркейтіп, гүлдендіріп; үлгілі, өнегелі отбасына айналдыру; ата-анаға масыл болмау, жоқты тауып бер деп қинамау, мал-мүлкін ысырап қылмау, шашпау; отбасы мен ата-анасының ар-намысын қорғау әрбір ер азаматтың отбасы мен ата-анасы алдындағы бас тартуға болмайтын адамдық және азаматтық міндеті екендігі ерекше ескертіледі.

Халықтық дәстүр бойынша ер балалар ат жалын тартып мініп, ақ-қараны ажыратып, оң мен солын тани тани бастағаннан оларды әкелері ертіп жүріп, алыс-жақын ел-жұртпен таныстырады.Үлкен жиын-тойларға апарып, аты шыққан би, ақын-жыраулармен өнерлі, үлгі-тағылымды адамдарды сыртынан көрсетіп немесе жүздестіріп, олардан өнеге алып, өнер-білім үйренуге шабыттандырады. Сондай-ақ баласын сондай тәрбиелі кісілердің арнаулы тәрбиелеулеріне береді. Ел мен жерді аралатып, қоныс-суаттарын; жайлау, қыстау, күзеу, көктеулерін, ру-тайпалардың мекенді жер-суын көрсетіп, шекарасын ұғындырады.

Бұл тәрбие ұрпақтардың көз аясын кеңейтіп, білімін молайтады. ҰрпақтардыОтаншыл, халықшыл болуға, туған жері мен қскен еліне деген азаматтық сүйіспеншілігін арттырып, ұоғамдық қарым-қатынасын нығайтуға тәрбиелейді. Өрісін кеңейтіп, досын көбейтіп, көпшіл, халықшыл болуға жетелеп, қоғамдық бейімділігін арттырып, адамгершілік қасиетін жетілдіреді.

Осы ретте өкінішке орай қазіргі күні көптеген әкелер табыстың қамымен отбасына көңіл бөлуді, бала тәрбиесімен айналысуды кейінге ысырып қояды немесе жанында анасы бар ғой деп жеңіл қарайды. Иә, ананың бала тәрбиесінде алар орнына ешкімнің таласы жоқ. Бірақ ер баланың азамат боп қалыптасуында әкені орны айрықша. Сондықтан әкенің баласына берер басты тәрбиесі – баласының анасына құрмет көрсетуі. Өйткені бала ата-анасының бір-біріне деген қарым-қатынасын көріп, отбасында осындай қарым-қатынас құру қалыпты, дұрыс екен деп түсінеді.

Бала тәрбиесінде әкенің берер екінші маңызды тәрбиесі – оны әрдайым қолдап, сынамай, қателіктеріне кешіріммен қарап, түзету жолдарын көрсете білу.

Сонда бала әйелді, ананы құрметтеуді және өзін құрметтеуді, сенімді болуды, батыл шешім қабылдауды үйренеді. Бұл ер азамат үшін шаңырақ көтергенде қажетті  ең маңызды қасиеттер.  

Сондай-ақ отбасына дайындағанда ер баланы меймандостыққа баулу маңызды. Бұл тәрбиеде әр отбасы ұрпақтарына: «би болмасаң, би болма, би түсетін үй бол» деп әрқашан қонақшыл меймандос болуға баули алса нұр үстіне нұр болар еді.

Үйге келген қандай да адамды құшақ жая қарсы алып, жылы сөз, жарасымды әзіл-қалжыңын айта жүріп, қабақ шытпай күтіп, аттанар сәтінде «бұйымтайын» сұрап, аттандыруды адамдық парыз деп ұғындырады. Адамдардың шен-шекпеніне бой ұрып, бай-кедей деп алалап, екі беткейлік көрсету пасықтық болатындығын құлақтарына құйып отырады.

Сонымен бірге қонақ қабылдап,  қонақ күтудің, ас-тағам ұсынудың жөн-жосығын үйретеді. Қонақ болудың, қонақасыға барудың жөн-жоралғыларын ұғындырады.

Қандай жиын-тойда да, түрлі қонақсы мен отырыстарды қариялар мен білімді, өнерлі кісілерге төрден орын берілетіндігі, қалған адамдар ода кейін жасы, жолы бойынша отыратыны; үйге кіргенде ең алдымен үлкен кісілер бұрын кіретіні,  алайда «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал барып, сәлем беріпті» деген халық даналығын берік ұстанып, оларға жоғары жақтан лайықты орын берілетіндігі; өнерлі, білімді жстарды қариялардың өз қастарына алып отыратын дағды  жан-жақтылы түсіндіріледі.

Бұл тәрбие ұрпақтарды береке-бірлікке, достыққа, татулыққа жетелейді. Көпшіл, халықшыл болуға, тамаша қоғамдық орта жаратуға баулиды. Адамдар арасындағы достық, сүйіспеншілікті арттырып, өркениеттіқоғам құруға жетелейді. Жастарды жомарттыққа, ізгілікке дағдыландырып, олардың жан дүниесін тазартып, жақсылыққа, бақыт-байлық жолына жетелейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары