$ 494.87  520.65  4.91

«Садақа беремін деп шектен шыққандар – шайтанның бауырлары» – исламтанушы Асқар Сабдин (ВИДЕО)

Біздегі діни проблемалардың көбі «импортный».

Тұрмыста, жақсы іс қылғанда, кез келген мәселеге қатысты «алтын ортаны» ұстанған жөн. Яғни, адам қатты жомарт та, сараң да болмауы керек. Жақсылық жасаймын деп бүкіл мал-мүлкіңді шашып жіберуге болмайды. Бұл туралы белгілі исламтанушы Асқар Сабдин «Qasqa jol» ютуб каналына берген сұхбаты барысында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, кез келген мәселеде ислам діні орта жолды ұстануды бұйырады.

«Жалпы, Құрандай мынадай аят бар. Бұрынғы үмметтерге қатысты...  Дінде шектен шықпаңыздар, діннің де өз мөлшері бар. Шектен шығатын болсаңыз да бұл апатқа алып келеді, проблемаға ұласады. Мысалы, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар. «Дінде шектен шығудан сақтаныңыздар!» дейді. Яғни, «дінді қиындатып жібермеңіздер!» дейді. Себебі сізден бұрын болған үмметтер осы дінді «қиындатамыз, шектен шығамыз, оны қаттырақ ұстанамыз» деп не боп кетті, жоқ боп кетті. Сондықтан орта жолды ұстанған жөн. Бұл бір хадисте ғана емес, көптеген аят-хадистерде айтылған. Амалда, тұрмыс-тіршілікте, қарым-қатынаста, өмірде, саудада, кез келген нәрседе, тіпті, жақсы істің өзін жасағанда Құранда не дейді? «Шектен шығып кетпеңіздер!» дейді. Мысалы, «ішіңдер, жеңдер, бірақ, ысырапқа жол бермеңдер» дейді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, адам садақа береді. Сол садақа, зекеттің мөлшері бар. Шектен шығып, «мен жомартпын, мен мынадай мықты адаммын» деп өзінің статусын көтеру үшін барлық мал-мүлкін таратуға да болмайды. Мысалы, Құранда тағы мынадай аят бар. «Мұсылман адамдар нәпақа, садақа берген кезде олар ысырапқа жол бермейді және сараң да болмайды. Осы екеуінің ортасында жол ұстайды» деген. Тағы бір аят бар. «Туысыңа ақысын бер, көмектес, жағдай жаса. Міскін, пақырға, кедей адамға да  ақысын бер» дейді.  Бірақ «оларға жағдай жасаймын деп бүкіл мал-мүлкіңді шашып жіберме» дейді. Себебі осылай садақа беремін деп шектен шыққандар – шайтанның бауырлары» дейді. Көрдіңіз бе? Әр нәрсенің өзінің мөлшері бар», - деді Асқар Сабдин.

Бұдан бөлек, исламтанушы қазіргі елдегі діни ахуал туралы пікір білдірді.

«90-жылдары Қазақстанның діни деңгейі өте төмен еді. Іштен ештеңе бере алмайтын болған соң, жастарымызды сыртқа жіберіп оқыттық. Сөйтуге мәжбүр болдық. Сондықтан біздегі діни проблемалардың көбі «импортный». Осылай тізбектеліп кете береді. Енді еліміздегі діни ахуалды бір ізге келтіру, жөнге салу мәселесіне шұғыл кірісу керек», - деді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеге өту арқылы көре аласыздар! https://www.youtube.com/watch?v=gCk9F0u6pJU

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 9
Ұнамайды 2
Күлкілі 2
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары