$ 498.34  519.72  4.85

«9-10 жасар қыз төсекте неке түнін күтіп жатыр»: Журналист отандық телеарнада «педофилияның» ашық көрсетілгенін айтты

Күйеуі 18-20 жастан асқан еркек. Одан сорақысы, бөлмеге 50-60-тағы шал кіріп кетіп, кішкентай баланы аяғынан сипалап, аймалай бастайды.

Фотоколлаж: Sn.kz
Фотоколлаж: Sn.kz

Белгілі журналист Кәмшат Тасболат отандық телеарналардың бірінде педофилия көріністері бар сериал көрсетіліп жатқанын айтып, дабыл қақты. Оның пайымдауынша, әлгі үнді сериалындағы көріністер адамның жүйкесіне кері әсер етеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

«Масқара! Astana арнасында бала құқын бұзатын, педофилияны ашық көрсететін «Қорғаушы ханым» атты үнді сериалы боп жатыр?! Шыны керек, отандық арнаның мұншалықты қоқыс жәшігіне айналғанын білмеппіз. Ақпарат министрлігі, Бала құқын қорғайтын ұйымдар, омбудсмен, Президент жанындағы әйелдер мәселесімен айналысатын комиссия, депутаттар назар аударатын дүние. Сериалға келсек, шамамен 9-10 жасар қыз (бойы ересектердің беліне келеді) төсекте неке түнін күтіп жатыр. Күйеуі 18-20 жастан асқан еркек. Одан сорақысы, бөлмеге 50-60-тағы шал кіріп кетіп, кішкентай баланы аяғынан сипалап, аймалай бастайды. Шыны керек, адамның жүйке жүйесіне, психикасына кері әсер ететін видео. Осыдан кейін елімізде педофилия қылмысы неге көбейді деп несіне таң қаламыз, егер мемлекеттік арнадан мынандай азғындық ашықтан-ашық көрсетіліп жатса?! Адамның жүрегін айнытатын, аздыратын мына сериалды эфирден алып тастау керек! Бұрынғыдай әр сериалды сараптан өткізу керек. Салық төлеушілердің есебінен күнін көріп отырған арналар контент үшін жауап берсін», - деп жазды Кәмшат Тасболат.

Әлеуметтік желіде белсенді журналистің жазбасына байланысты «Astana» телеарнасы жауап берді.

«Құрметті Кәмшат ханым! «Астана» телеарнасында жүріп жатқан «Қорғаушы ханым» телехикаясын көріп жүргеніңіз үшін және сериалға қатысты пікір білдіргеніңіз үшін рақмет!

«Қорғаушы ханым» балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауды насихаттайтын телехикая. Үнді халқының ортағасырлық жабайы салт-дәстүріне қарсы бағытталған. Басты кейіпкер халқының осындай кереғар дәстүріне қарсы шығады. Есейе келе адвокат мамандығын алып, балалар мен әйелдердің құқығын қорғайды. Телехикая әйел теңдігі, адал махаббат және қорғаушы (адвокат) қызметі туралы. Телехикая телеарнаның коммерциялық табыстан түстен жеке қаражатына сатып алынған және аударылған. Бүгіннен бастап телехикаядағы сюжет желісі бойынша басты кейіпкер бой жетіп, адвокат ретінде қызмет көрсете бастайтын бөлімдері көрсетіледі. Телехикаяны тамашалауға шақырамыз!», - деді телеарна.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 9
Ұнамайды 32
Күлкілі 4
Ашулы 16

Серіктес жаңалықтары