$ 498.34  519.72  4.85

Су тасқыны толастағанда өрт өршіді: Статистика не дейді?

2023 жылы 146 орман өрті, 700-дей дала өрті тіркелген. 

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Кең байтақ елімізде жылда көктемде су тасқыны, ал жазда орман өрті өршиді. Өкінішке орай, жылда қайталанатын оқиғалардан тиісті нәтиже шығарып, алдын-алу әзірге мүмкін болмай тұр. Оры орайда Skifnews.kz ақпарат порталы елімізде тіркелген табиғат апаттарына шолу дайындады.

Мемлекет басшысы «Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат» деп бағалаған су тасқыны толастады. 5 маусымда Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің барлық өңірінде биылғы су тасқыны аяқталғанын мәлімдеген болатын.

Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасы 87%-ға толды. Олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 99%-ға толы. Екі нысан да штаттық режимде жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, - деп жазды ведомстводан.

Ал Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 95%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 89,8%.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 87,8%-ға толды. Ертіс каскадының барлық су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 99,5%-ға толы. Олардың барлығы штаттық кесте аясында жұмыс істейді.

Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 91%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Сондай-ақ министрлік су қоймаларына жиналған тасқын суы ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберілетінін мәлім етті.

Десе де жаздың басталуымен бір табиғат апатының орнын екіншісі басып, орман өрті өршіді. Күні кеше ғана Жамбыл облысы аймағындағы тау баурайы, жайқалған орман өртке оранды.

Жамбыл облысы ТЖД мәліметінше, 2024 жылдың 4 маусымында сағат 16:20 шамасында "Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі" КММ Сарықоба орманшылығының аумағында құрғақ шөптер мен бұталар отқа оранды. Өрт ауданы шамамен 1650 гектар.

"Барлығы 244 адам және 50 бірлік техника тартылды, оның ішінде: жергілікті жерде орман шаруашылығы қызметкерлері 100 адам және 13 трактор, 2 автоцистерна, сондай-ақ 12 жеңіл автомобиль жұмыс істейді, күндізгі уақытта 1 тікұшақ және Қазавиаақорғаудың 6 қызметкері тартылды", - деп толықтырды Жамбыл облысы ТЖД.

Ел аумағында өрт оқиғасы жыл өткен сайын жиілеп барады.

2023 жылы Төтенше жағдай министрлігі өкілдері Қазақстанда жыл сайын 10 мыңнан астам тұрмыстық өрт орын алатынын, нәтижесінде 300-ден астам адам қайтыс болатынын мәлімдеген еді.

Ал орман өртіне келер болсақ, төрт жыл бұрын – 700, ал 2022 жылы 757 орман өрті болған. 2023 жылы 146 орман өрті, 700-дей дала өрті тіркелді.

Солардың ішінде ауқымы мен келтірген шығыны, оның ішінде адам шығыны жағынан 2022 жылғы Қостанай облысында болған және 2023 жылы Абай облысындағы тілсіз жау трагедиясы көптің қабырғасын қайыстырды.

2022 жылы тілсіз жау Қостанай облысының 43 мың гектардан астам орманын жалмап, бірнеше ауылды отқа ораса, 2023 жылы Абай облысында басталған орман өрті одан да үлкен алқапқа жайылып, 60 мың гектардан астам жерді тып-типыл етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы шұғыл әрекет ету штабының отырысында: «Елімізде тағы да алапат өрт болып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туысқандарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын» дей келе, тиісті органдар тарапынан өрескел қателікке жол берілуін «қылмыстық салғырттық» деп атады.

Сол күні Мемлекет басшысының өкімімен Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қызмет бабында қаза тапқан 14 адамды «Құрмет» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Бұдан бөлек, 2023 жылы10 маусымда жоғалып кеткен тракторшы Сергей Архиповтың денесі үш күн өткеннен кейін табылған болатын. Ол «Семей орманы» шаруашылығындағы өртті сөндіруге бара жатқан жолда жүрек талмасынан көз жұмған.

Екі жыл қатарынан осынша кең ауқымдағы дала өрті тұтанып, азаматтарымыздың қаза болуына жол берілуі – ең біріншіден Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметіне үлкен сын.

Президент еліміздің өртке қарсы қызмет құрылымдарында материалдық-техникалық жабдықтау жағы кемшін екенін айтты, ал Төтенше жағдайлар министрлігі шын мәнінде солай екенін ашық мойындаған еді.

Ал биыл 16 мамырда Астанадағы «Жасыл белдеуде» орман-дала өрттерін сөндіру бойынша өткен өрт-тактикалық жаттығу барысында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев техникалары өрт ошағына 10 минут ішінде жетіп баратынын айтқан-ды.

Бүгін "Өрт-2024" жылғы республикалық командалық-штабтық жаттығу аясында Астанадағы «Жасыл белдеуде» командалық жаттығу өткізілді. Жаттығуға 10-нан астам бөлімше, жеке құрамның 75 адамы және 25 бірлік техникасы қатысты. Оның ішінде Астана қаласының Төтенше жағдайлар қызметкерлері, Астана қаласының әкімдігі және мемлекеттік күштер қызметкерлері бар.

Жалпы, біздің техникаларымыз өрт ошағына 10 минут ішінде жете алады. Қазір өрт қаупі жоғары маусымның басталуына байланысты Астана қаласы әкімдігі, «Астана орманы» ЖШС-ден күнделікті 40-тан астам адам кезекшілік атқарады, - деді ол.

Төтенше жағдай министрлігінің айтуынша, күн жылынғаннан кейін адамдар табиғат аясында демалуға шыға бастайды. Алайда олардың немқұрайлы әрекеті салдарынан дала мен орманда өрт тұтанып жатады. Құрғақ шөптің жануы уақытында жойылмаса, үлкен шығынға әкеп соғуы мүмкін.

Мысалы, елордада 8 сәуірден бастап өрт қауіптілігінің жоғары кезеңі басталды. Осы кезеңнің басынан бастап құрғақ шөптер мен қамыстардың 15 жануы тіркеліп, оның жалпы аумағы 2 197,5 шаршы метрді құрады.

Соңғы 10 жылда  Қазақстанда орын алған ең ірі орман өрттері:

2023 жыл Абай

Найзағайдың екі разряды нәтижесінде "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында басталған елеулі табиғи апат болып табылады. Оқиға 8 маусымда сағат 12:03-те Батпаев орманшылығының 66-шы кварталында, Семей қаласынан 25 шақырым қашықтықта болды. Ауқымды өрт 13 шілде күні 13:00 де толығымен сөндірілді.

15 адам қаза тапты.

9 маусымда Абай облысының орман алқабындағы өрт фактісі бойынша ҚР ҚК "екі және одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

2022 жыл Қостанай

Қостанадайғы өрт 2 қыркүйекте сағат 15:10-да басталған. Оттың таралуына жоғары температура мен секундына 20 метрге дейін болған екпінді жел ықпал етті. Бұл өрттің орман алқабының үлкен аумағына таралуына әкеліп, «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ, «Семиозерное орман шаруашылығы мекемесі» КММ және Әулиекөл ауданының бірнеше елді мекендері – Аманқарағай және Озерное ауылдарының аумағын қамтыды.

Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 327 рет су шашты. Барлығы 2091 адам эвакуацияланды. 12 адам өрт кезінде жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақаттар, күйіктер алып, уланған. 1935 жылы туған бір адам қаза тапты. Өрт аумағы 43 мың гектарды құрады. Екі елді мекендегі 91 тұрғын үй жанып кетті.  Өртті 700-ден аса құтқарушы сөндірді. 7 қыркүйек күні сағат 15:00-де Қостанай облысында болған ірі өрт өшірілді.

Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысындағы өрттің шығуына адам факторы себеп болғанын мәлімдеді.  Облыстағы орман өрттері фактілері бойынша Ішкі істер органдары қылмыстық кодекстің 341-бабы (ормандарды жою немесе бүлдіру) және 2-бөлімнің 204-бабы (Бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық істер қозғады.

Нәтижесінде өрттің орын алуына жергілікті тракторшы кінәлі деп танылып, 2022 жылғы 22 желтоқсанда Әулиекөл аудандық соты 44 жастағы Александр Рапейкоға қатысты үкім шығарды. Сот ер адамды «орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермеді» деп таныды. Айыпталушы өз кінәсін мойындап процессуалды келісімге барып,  шартты түрде бір жылға бас бостандығы шектелді.

Біріккен Араб Әмірліктері Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллион доллар көлемінде көмек көрсетті.  Eurasian Resources Group өрттің салдарын жоюға 1 миллиард теңге бөлді.

2021 жыл Риддер

2021 жылғы 10 мамырда Қазақстанның шығысында, Риддерде ірі өрт болды.Тілсіз жаудың кесірінен 300 гектарға жуық орман шаруашылығы өртеніп, 51 учаске зардап шекті, 31 тұрғын үй толығымен өртенді, 37 қосалқы ғимарат, алты автомобиль, автокөлік шеберханасы қирады. Өртті сөндіруге 86 бірлік техника, екі тікұшақ және 500-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды.

Қайғылы оқиғада 1948 жылы туған әйел қайтыс болды, тағы екі ер адам реанимация бөліміне жатқызылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Келтірілген материалдық шығын 252 млн теңгеден асты.

Кейіннен өрттің шығуына кінәлі адам анықталды. Белгілі болғандай, 36 жастағы Риддер тұрғыны кәуап пісірмек болып, от жаққан. Өрт лезде жақын маңға таралып кеткен, жалынды өздігінен өшіре алмайтынын түсінген тұрғын  оқиға орнынан қашады. Тергеу барысында күдіктінің тұлғасы анықталып, 2022 жылғы мамырда сот қазақстандықты екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Төрт айдан кейін зардап шеккендерге жаңа үйлер берілді

 2019 жыл Павлодар

2019 жылы Қазақстанның солтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланып, өрт Павлодар облысының аумағына тарады. Аймақтағы өрт жағдайы ауа-райына байланысты күрделене түсті, ал секундына 15-16 метр қатты жел сөндіруге кедергі келтірді. Өрт шамамен 100 гектар жерді басып алған.

2018 жыл ШҚО

2018 жылғы 21 мамырда «Семей орманы» резерватының аумағында орман өрті орын алып, 300 гектардан астам аумақты қамтыды. Өртті сөндіруге барлығы 70 бірлік техника мен 300-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Қайғылы оқиғадан 20 адам көз жұмып, 2,3 мыңға жуық мал тірідей жанып кетті. Аталған апат соңғы 15 жылдағы ең үлкен өрт деп танылды. Өрттен келген шығын сомасы 78 млн теңгені құрады.

2015 жыл Күршім

2015 жылғы шілде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қытаймен шекарадан екі шақырым жерде табиғи өрт орын алды. Марқакөл орман шаруашылығында өрттің ауданы 700 гектарды құрады, оның 200 гектары орман жабылған аумағын алған. Жағдайды бақылау үшін екі МИ-2 және МИ-8 тікұшақтары аспанға көтерілді. Шығыс Қазақстан облысы ТЖД орманшыларына көмек ретінде 120 адамнан тұратын қосымша күштер мен қаражат жіберілді. Өрт орнында барлығы 274 адам жұмыс істеді.

2015 жыл ШҚО

2015 жылғы тамыз Шығыс Қазақстан облысында ірі табиғи өрт болды. Екі күн бойы өрт сөндірушілер Зайсан ауданында дала өртіне қарсы күресті. Айнабұлақ ауылдық округінің «Бәйгетөбе» және «Сандықтас» ашық учаскелерінде құрғақ шөп өртенген. Өрттің ауданы 500 гектарды құрады. Өрт орман алқабына жайылып, 10 гектар орманды жойды.

Статистика деректерінше, жыл сайын елімізде 800-ге жуық орман және дала өрті тіркеледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары