$ 494.87  520.65  4.91

«Күйеуім тоқал әкеліп, үш баламен далада қалдым»: Балалар үйінде тәрбиеленген келіншек тауқыметін бөлісті

Бір күнде жұмыстас әйелді үйіне әкелген.

Күйеуі екінші әйел алып, үш баламен далада қалған жалғызбасты келіншектің оқиғасы қоғамды бей-жай қалдырмады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Татьяна Пичугина есімді келіншек "Көреміз" бағдарламасына келіп, халықтан көмек сұрады.

“Күйеуімнің тоқалы пешімді сындырып, тереземді шағып кетті”

Туғанда Татьяна болдым, кейін Айша деп азан шақырып атымды қойды. “Перзент” балалар үйінде тәрбиелендім. Әмина апаның қол астында өсіп, қамқорлығын көрдім. 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Күйеуім Бақытжан да сол балалар үйіне келген. Жігіт ретінде ұнатып, тұрмысқа шықтым. Ол балалар үйіне 16 жасында келді. Мен 4 жасымда түскенмін. Әкемнің кім екенін білмеймін, анамның қайтыс болғанын айтты. Ағам да дүниеден өтіп кеткен, – деп бастады әңгімесін Айша. 

Жалғызбасты келіншектің айтуынша, күйеуі қылық шығарып, бір күнде жұмыстас әйелді үйіне әкелген.

Бақытжанның көзіме шөп салғанын көтере алмадым. Бірден ажырасуға арыз жаздым. Ол тоқал алып келді. Қанша қарсы болсам да, ол шешімінен қайтпады. Заңды түрде ажырасып, бір үйде тұра бердік. Өйткені менің баратын жерім болмады. Кейін бір көшенің төмен жағынан үй алып, сонда көштік. Ол тоқалымен бір үйде қала берді. Үйдің жағдайы өте нашар. Қабырғаларының сылағы түсіп, үйге суық кіріп тұр. Күйеуіме жөндеп бер деп айтқан едім, жауап болмады. Тоқалы да үйге келіп, айқай шығарып кетеді. Бір келгенінде нан пісіріп отырған электронды пешімді сындырып кетті. Онымен ақша тауып отыр едім. Тереземді сындырып, балаларды қорқытты, – деп көз жасына ерік берді келіншек. 

Бағдарламаға “Бәйбішенің соққысынан басым жарылды” деп шағымын айтып келген Бақытжанның екінші әйелі де келді. Оның да айтары аз емес. 

“Бәйбіше басымды жарды”

Бұл кісі маған ешкім емес. Күйеуімнің бірінші әйелі ғана. Ет комбинатында Бақытжан екеуміз жұмыс істедік. Сол жерде таныстық. Әріптес болып араластық. Оның екінші баласы дүниеге келгенде жиналып үйіне қонаққа да бардық. Бір күні Бақытжан әйелімен арасы онша болмай жүргенін айтты. Одан кейін ажырасып кеттік деді. Содан кейін көңіл жарастыра бастадық. Үйде бұл кісімен бірге тұрдық. Бірақ мен бірден қарсы болып, сосын басқа көшеден үй іздедік. Балаларға ештеңе демеймін. Бірақ біздің мазамызды алмаса екен. Күйеуіме күн сайын жазып, мазасын алады. Бітпейтін мәселесін айтады. Өзі жұмыс іздеп, ақша тапсын. Мен соны айту үшін үйіне бардым. Ол өзі мені тыңдағысы келмей, ашуға басты. Мен де ашуланып кеттім. Үйіме іздеп келіп, қолындағы темірмен басымнан ұрды. Қан-жоса болып, қанап жедел-жәрдем шақырдым. Басым әлі күнге дейін ауырады, – деді Зылиқа Абиева. 

Жұмысты сылтауратып бағдарламаға барудан бас тартқан Бақытжан бірінші әйелін кінәлайтынын жасырмады.  

“Балаларды қалдырып, жұмысқа шықсын”

Жұрт мені кінәлайды. Артық ештеңе айтқым келмейді. Екі жылдан бері осы үйде тұрып жатыр. Жұмыстың кезінде “Қабырға жарылып тұр”, “Диван сынып тұр” деп жаза береді. Қол-аяғы сау, ақыл-есі дұрыс адам неге жұмысқа шықпайды?! Азаннан-кешке дейін үйінде жатады. Балаларды қарайтын адам бар. Өзінің еңбек еткісі келмейді, – дейді Бақытжан Дәріпбек. 

Айта кетейік, екі жылдан бері алимент төлемей жүрген әкенің қарызы – 4 миллион 300 мың теңгеге жуықтаған. 

Бағдарлама соңында “Мейірім мекені” оңалту орталығы Айша мен үш баласына қамқорлық танытуға уәде беріп, орталықтан бір бөлме берді. 

Дереккөз: Stan.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 4

Серіктес жаңалықтары