Өзін еркелетіп, қыз сезініп, нәзік сезінгенде маған да энергия береді.
Ай сайын әйеліне 1 000 000 теңге айлық беретін жас кәсіпкердің видеосы желі қолданушылары арасында талқыға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кәсіпкер әрі блогер Елжан Сайдағалидің айтуынша, әйеліне қомақты сома айлық төлеуінің себебі – жарын еркелету, әрі осылайша өзін азамат сезініп, қуатының артатынын білдірді.
Мысалы, мен ай сайын әйеліме 1 000 000 теңге айлық беремін. Айлық беруімдегі ең негізгі нәрсе – ақша таппауында емес. Ол өзі 2-3 миллион ақша табады, мен одан бөлек ақша беремін. Бұл ақшаны жайбарақат жұмсап, өзін еркелетіп, қыз сезініп, нәзік сезінгенде маған да энергия береді. Қасыңдағы әйел адам қаншалықты нәзік болса, сен өзіңді соншалықты ер азамат сезінесің. Осы нәрсені сезіну үшін мен оған миллион теңге беремін. Ал ол миллион теңгеге жайбарақат қалағанын алады және осылай қамсыз дами береді, - деді Елжан Сайдағали.
Бейненің астына «Келісеміз бе?» деп сұрақ қойған кәсіпкермен ерлер тарапы келісе қоймады. Ер адамдарға жалпы әйеліне 1 000 000 теңге берудің өзі ерсі көрінген сыңайлы. Мұны жазылған пікірлерден көруге болады.
Коменттегі жігіттер, миллион бермей-ақ айналайын, бүгін тамақ жасамай-ақ қой, бургер апарам десең де жетеді ғой негізі. Бір миллион бермесе болмайтындай, немесе сондай ақша беретініне мына жігіт кінәлідей айттыңдар ғой. Өздеріңді салыстырмаңдар, қолдарыңнан не келеді, соны жасаңдар отбасыларыңа. Біз де осындай күнге жетейік деп жақсы ниетпен өтсеңдерші, міндетті түрде біреуді кінәлі ғып, өздеріңді ақтау керек пе? Салыстырма өзіңді ешкіммен, - деп ашына жазды бір оқырман.
Ал әйелдер жағы керісінше, қуана қолдап, «маған да осындай күйеу бұйырсын», «жолдасыма бөлістім», «нағыз азамат» деп кәсіпкердің ұстанымына дән риза болды.
Ал кейбірі «Қайдағы, біздікі 6000 теңге берсе, 2000-ын қайта сұрап алады, оны не істейсің деп» жазып жатты.