Спортқа, өнерге жақын қазақ рухы, санасы ғылымға осылай жақын болса...
Белгілі дінтанушы Досай Кенжетай спортсүйер халықты ғылымға да жанашыр болуға шақырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Олимпиаданың алғашқы күнінде ел қоржынына алтын жүлде салған Елдос Сметовтың жеңісіне қуанбаған қазақ жоқ. Кейбір атымтай жомарттар еліміздің туын биік тұғырға шығарған спортшыға риза көңілмен сыйақы атап жатыр. Бұл жайтқа барша қазақ қуанып отыр, десе де бұл шынайы жомарттық па, әлде спортшы арқылы көрініп қалу ма деген күдік те жоқ емес.
Елде қолдау қажет ететін салалардың бірі – ғылым. Осы саладағылардың күйінен сыр шерткен белгілі дінтанушы ғалым Досай Кенжетай әлеуметтік желіде өзінің ой-толғамымен бөлісті.
Олимпиада жарысында спорт түрлерінен елдің атын шығарған перзенттерімізге мың алғыс, әрине. Жарыста озған елдің аты аталып, ердің даңқы шығып, көк туы желбіреп, тіпті көзден жас та мөлдіреп, жүрек елжіреп, кедейлері де қуанып, байлары да көрініп қалайын деп “ жүз жылқы” атап кеп жібереді. Орынды. Бәрекелді!
Қазақ рухы Спортқа, өнерге жақын екен. Бірақ қазақ рухы, санасы ғылымға осылай жақын болса, жахандану жарысында, ұлттық болмыстың түлеуі мен дамуына, тарихи мәдени құндылықтардың үдеуіне және жайылуына, көз майын тауысып, жанын да тәнін де арнаған, өмірін жоқшылықпен өткізген, бірақ халқын мақсатына жеткізген ғалымдарды неге қолпаштамайды…
Негізі ұлттың намысы мен құндылығын, жады мен жанын, мәні мен мазмұнын бақылап, қорғап, сақтау жолдары мен тетіктерін сол ел зиялылары анықтап береді…
Бірақ ол сорлының бүкіл денсаулығы кетеді..
Ол да “ рингте” күреседі. Саясаты сай келсе, ел билігі тарапынан грамотамен мақталады, ұлтты құтқарады. Сай болмаса, “ халық жауы” деген атпен асылады, тапталады.
Қаншама боздақтар сол сана күресінде, құндылықтар сайысында, барын да, жанын да салды. Қуғынға ұшырап кетті. Иасауи айтқандай, олар “ жан ғылымымен” айналысқандар, марапаты Хақтан екен. Сол үшін үміті Алладан, рухы тоқ болып өтеді…
Бұған әрине сенімім кәміл. Дегенмен кейде, саясаты саңырау, билігі қаңырау, қоғамы меңіреу, ұлты еңіреуде жүрген елде, ғылым қуғанша, тәніңді шыңдап жүрген абзал ме еді дейсің. Айлығың шайлығыңа жетпей, жаның кредиттен қысылғандағы хәл осылай үн қатады… бірақ ғылым тәтті дерт. Тілмен, тәнмен емес, ділмен, жүрекпен ғана сезінетін… - деп жазды ғалым.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Ердің құны - 100 жылқы»: Ақтөбелік кәсіпкер Сметовке ерекше сый жасады