Бүгін Алматыда облыс ұсынған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Bnews.kz.
Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қала тұрғындары 45-тен астам азық-түлік түрлерін нарықтағымен салыстырғанда 15-20 пайызға төмен бағада сатып алды.
Тауар сапасы мен баға деңгейін Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен облыс әкімі Амандық Баталов тексеріп шықты. Шаһар басшысы еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуы мемлекет назарында екенін атап өтті. – Жерді пайдалану мәселесі бойынша Алматы қаласы облыспен бірігіп жұмыс істеуге дайын. Ол үшін қажет технологиялар мен қаржы жеткілікті. Алматылық кәсіпкерлер, екінші дәрежелі банктер облыстың игерілмеген жерлеріне 100 млн. АҚШ долларын жұмсауға қауқарлы. Бұл жаңа жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етеді, – деді Ахметжан Есімов.
Жәрмеңкеде қала тұрғындары үшін 80 тонна ет өнімдері, 85,5 тонна жеміс-көкөністер, 17 тоннадан астам сүт өнімдері ұсынылды. Жалпы, Алматы облысының 16 ауданы мен 3 қаласынан келген фермерлер алып шаһарға 218 тонна азық-түлік әкелген.