Астанада бүгінгі таңда 830 мыңнан астам адам тұрып жатса, соның 447 мыңға жуығы экономикалық белсенділер санатына жатады. Ал қаладағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 50 мыңнан асады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астанада еңбекке қабілетті тұрғындардың жартысына жуығы (40 пайыз немесе 180 мыңға жуық адам) шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған.
Астанадағы ірі өндіріс орындарында мыңдаған қала тұрғындары еңбек етуде. Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында Аймақтық индустриализация картасы бойынша 3 мың адамды жұмыс орнымен қамтыған, құны 86 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылды.
Астана қаласы бойынша ағымдағы жылдың басынан жалпы саны 9,4 мың жаңа жұмыс орындары ашылса, оның 6 мыңнан астамы шағын және орта бизнестің үлесінде.