15.09.2014, 03:04

Елімізде бірқатар азық-түлік қымбаттады

ti-ogorodnik.ru

«Қазагромаркетинг» АҚ-ның Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, «Қазагромаркетинг» АҚ-ның ел аймақтары бойынша азық-түлік бағаларына жүргізген мониторингі 2014 жылдың 2 – 9 қыркүйек аралығында бөлшек сауда бағаларының төмендегідей өзгерісін анықтады:

Қарастырылып отырған кезең аралығында еліміздің ешбір өңірінде ет пен сүт өнімдерінің бағасы айтарлықтай  (10% -дан) артық өзгерген жоқ. Тек Астанада сатылымда бағасы арзанырақ «Астанаөнім» ірімшігінің пайда болуы себебінен ірімшіктің орташа бөлшек сауда  бағасы 15%-ға 1427-ден 1218 теңге/кг-ға дейін  төмендеді.

Өскеменде сатушылардың көтерме сауда бағаларын 14%-ға қымбаттатуы салдарынан құс етінің бөлшек сауда бағалары 488-ден 556 теңге/кг-ға дейін немесе 14%-ға артты.

Жергілікті тауарөндірушілердің өнімдерінің жаппай пісіп жетілуі себебінен Қарағандыда алмұрт бағасының төмендеуі байқалады. Өнімнің орташа бағасы 308 теңге/кг-ға дейін немесе 18%-ға төмендеді. Сонымен қатар, нарыққа әкелінетін өнімнің үлесі азаюы себебінен Шымкентте алмұрттың бағасы 12%-ға 250-ден 280 теңге/кг-ға дейін қымбаттады.

Нарықтың ашық топырақ жағдайында өсірілген өніммен қанығуы себебінен қызанақ бағасы Өскеменде 12%-ға 192 теңге/кг-ға дейін, Ақтауда 11%-ға 160 теңге/кг-ға дейін, Ақтөбеде 10%-ға 94 теңге/кг-ға дейін арзандады.

Маусымның аяқталуына байланысты нарықта ашық топырақ жағдайында өсірілген қиярлардың үлесі азайды.

Бір апта ішінде қияр Өскеменде 99%-ға (163-тен 324 теңге/кг-ға дейін), Алматыда 50%-ға (138-ден 207 теңге/кг-ға дейін), Талдықорғанда (39%-ға 51-ден 71 теңге/кг-ға дейін), Петропавлда (36%-ға 125-тен 170 теңге/кг-ға дейін), Атырауда (34%-ға 86-дан 115 теңге/кг-ға дейін), Қарағандыда (26%-ға 146-дан 184 теңге/кг-ға дейін), Қостанайда (24%-ға 170-тен 210 теңге/кг-ға дейін), Павлодарда (19%-ға 160-тан 190 теңге/кг-ға дейін), Оралда (17%-ға, 101-ден 118 теңге/кг-ға дейін), Қызылордада (12%-ға 85-тен 95 теңге/кг-ға дейін) қымбаттады.

Өнімді жаппай жинау науқанының аяқталуы мен сатылымдағы өнім көлемінің азаюына байланысты шабдалы бағасы Өскеменде 36%-ға 503 теңге/кг-ға дейін және Таразда 12%-ға 240 теңге/кг-ға дейін қымбаттады.

Павлодар мен Өскеменде, Астанада тұтынушылардың сұранысы төмендеуіне және сатушылардың көтерме сауда бағаларын 31%-ға 80-нен 55 теңге/кг-ға дейін төмендетуі себебінен қарбыз бен қауын бағасы арзандады.

Шымкентте керісінше жергілікті тауарөндірушілердің өнімді жинау науқанының аяқталуына байланысты қауын 17%-ға 70 теңге/кг-ға дейін қымбаттады.

Бір апта ішінде сатылымда өнім үлесінің азаюына байланысты баялды бағасы  Павлодарда 15%-ға 130-дан 150 теңге/кг-ға дейін қымбаттады, Ақтауда керісінше нарықтың өніммен қанығуы мен бәсекелестіктің ұлғаюы себебінен  баялды бағасы 14%-ға 350-ден 300 теңге/кг-ға дейін арзандады.