18.09.2014, 10:09

Биыл астаналықтарға мемлекеттік бағдарламамен салынған пәтерлер табысталады

Сурет: news.mail.ru

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңі бойынша пәтерлер жыл соңына дейін астаналықтарға тапсырылады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, тұрғын үй комиссиясының отырысында 2008-2010 ж. арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша Н.Тілендиев даңғылының оңтүстігінде орналасқан тұрғын үйдегі пәтерлер үлестірілді. Енді мемлекеттік бағдарламаның бірінші және екінші кезеңі бойынша тұрғын үй комиссиясының оң қорытындысын алған пәтер иелері қоныс тойын тойламақ. 

Елімізде 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында бүгінде Астанада жалпы ауданы 261,5 мың шаршы метрлік 5 674 пәтердің құрылысы аяқталды.

Астана қаласының Құрылыс басқармасы ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы Ербол Байсаматов astana.kz сайтына хабарлағандай, 2008-2010 жж арналған мемлекеттік бағдарламаның екінші кезеңі бойынша пәтерлер жыл соңына дейін дайын болады. Тұрғын үй кешендері Сарайшық көшесінің оңтүстігінде, М. Жұмабаев даңғылының шығысында, Н. Тілендиев даңғылының оңтүстігінде, Сарыбұлақтың бойында салынып жатыр.