$ 445.66  474.58  4.78

Жас отбасылардың баспана алуына тағы да жеңілдіктер жасалмақ

Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспана алуға келген жас отбасыларға алғашқы салым көлемін азайтуды көздеуде. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен отырыста банк басшысы Ләззат Ибрагимова мәлім етті деп жазады ҚазАқпарат.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар үшін алғашқы салым көлемі 50 проценттен 30 процентке дейін төмендетілді. 20 проценттік айырмашылық Ұлттық қор есебінен өтелетін болады. Ол үшін 22 млрд. теңге бөлініп отыр. Жеңілдікпен берілетін пәтерлердің құны өңірлерде - шаршы метріне 140 мың теңге болса, Алматы мен Астана қалаларында - 180 мың теңгені құрайды.

«Азаматтардың қалған санаттары баспана несиесін алу үшін оның 50 проценттік салымын енгізуі тиіс. Бірақ қазір біз әкімдіктермен бірге оның көлемін жас отбасылар үшін төмендету жолдарын іздестіріп жатырмыз. Бұған қосымша қаржылық ресурстар қажет болады», - деп атап өтті ол.

Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Склярдың сөзінше, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 25 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, 15 жылда бағдарлама шеңберінде 1,5 млн отбасы баспанамен қамтылады деп межеленген.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары