$ 498.34  519.72  4.85

Бердібек Сапарбаев судан зардап шеккен ақтөбеліктерге ауылға көшуге кеңес берді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қала іргесінде орналасқан Өрлеу ауылында болып, тасқын судан зардап шеккен жергілікті тұрғындармен кездесті деп жазады "Мой Город" порталы.

Тасқын су батпақтан салынған үйлерді түкке жаратпай тастаған. Көбісі қирап қалыпты. Адамдары аман, тек көбі далада баспанасыз қалған. Бердібек Сапарбаев бұл тұрғындарға ауылға көшуге кеңес берді. Сонда жағдай жасалған дейді әкім.

"Қарғалы ауданында Аманғос Тілеуов деген фермер бар. Ол сіздерге баспана да, жұмыс та тауып бере алады. Тек барамын деген азаматтар болса", - дейді Сапарбаев.

Алайда, Өрлеу тұрғындары қаладан алыстағысы келмейтіндерін айтып отыр. Балаларымыз облыс орталығында білім алса дейді олар. Облыс әкімі болса тұрғындардың қалауын ескеріп, мүлдем үйсіз қалған үш отбасыға жер бөліп беруге уәде берді.

"Біз сіздерге жер береміз. Құрылыс материалдарымен де мүмкіндігінше көмектесеміз. Қазақта асар деген ұғым бар. Яғни, бүкіл туған-туыс, дос-жаран үй салуға көмектеседі. Жазда сіздер үй салып үлгересіздер деп ойлаймын. Ал, сіздердің қирап қалған үйлеріңіздің тіпті, құжаттары да жоқ", - деді Сапарбаев.

Айта кетейік, су тасқыны салдарынан Ақтөбе облысында барлығы 283 үй су астына кеткен. Олардың бесеуі мүлдем жарамсыз күйде. Облыс әкімі зардап шеккендердің бәріне материалдық көек көрсетілетінін айтып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары