Бүгін Астанада "Майский" саяжай массивінде тұратын адамдардың жер үйін сүрмек деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Тұрғындар - апалы-сіңлілі Раушан және Несіпкүл Ұябаевалар үйінің сыртына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреттерін жапсырып тастаған.
Несіпкүлдің Азаттыққа айтуынша, сәуірдің ортасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында "қала көркін бұзатын ескі үйлердің" әлі де қалғанына ашуланып, сынаған соң жергілікті билік өкілдері үйлерін босатуды талап етіп жиі келе бастаған.
- 50 шаршы метр болатын үйімізді 2007 жылы салдық. Бауырларым бар, барлығы жеті адам тұрып жатырмыз. Жер телімімізді мемлекет мұқтаждығына қажет" деген себеппен алу үшін 2014 жылдан бастап үйді босатуды талап ете бастады. Сол жылы өтемақы ретінде 400 доллар ұсынған. Ал биыл 4 миллион 700 мың теңге ұсынды. Мұндай ақшаға пәтер сатып ала алмаймыз. Шенеуніктер тым болмаса президенттен қорқатын шығар деген оймен президенттің суретін жапсырып қойдық, - дейді Несіпкүл Ұябаева.
Ол саяжай массивіндегі үйлерді сүру туралы сот шешімін Есіл аудандық соты 2014 жылы өздерінің сыртынан шығарғанын, бірақ ол шешім қолына тимегенін айтады.
"Майский" саяжай массиві қазір қоршалып тұр. Мұндағы үйлердің көпшілігі бұған дейін сүрілген, кейбірі бос тұр. Ресми мәлімет бойынша, босаған аумаққа әлеуметтік нысан салынбақ.
Қазақстан конституциясына енгізілген өзгеріс бойынша, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін бүлдіруге, жыртуға тыйым салынған.