Алматы облысында «Сәтті қадам» жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жобаның аясында жоғары оқу орындары мен мектеп түлектерін, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерді жұмыспен қамту көзделген деп жазады ҚазАқпарат ақпараттық агенттігі.
Алматы облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Бақтияр Жақсыкелдиновтың айтуынша, олар жұмыссыз жүрген жастарды түрлі мекемелерге ұсынады. Осы мақсатта облыстың 70 мекемесімен арнайы әріптестік келісім жасалған.
«Сәтті қадам» жобасына әртүрлі топтағы жастар қамтылады. Атап айтқанда, Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінген, жоғары оқу орнын аяқтап, жұмыссыз жүргендер, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың осы бағдарлама арқылы жұмысқа орналасуына жағдай жасаймыз. Олар облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі «Жас Отан» жастар қанатының штабына барып, өздерінің түйіндемелерін қалдыруы тиіс. Арнайы мамандық иелерін біз мекемелерге ұсынамыз. Ал ҰБТ-ден сүрінгендерді уақытша жұмыспен қамтимыз. Сондай-ақ тегін курстармен оқыту жағы да қарастырылған», - дейді Бақтияр Жақсыкелдинов.
«Жас Отан» жастар қанаты төрағасының сөзінше, магистранттардың да осы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар. Осыған орай «Жас Отан» мен «Самұрық Қазына» АҚ әріптестік келісімшарт жасасқан. Магистрлар бұл жерде тәжірибеден өту кезінде де жалақымен қамтылып, болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік алады.
«Сәтті қадам» жобасы жылдың соңына дейін жалғасады. Осы бағдарлама аясында өткен жылы Алматы облысы бойынша 17 адам іс-тәжірибеден өтіп, 3-уі тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 2800-ден астам жас уақытша жұмыспен қамтылды.