Жаңа дүкен Кербұлақ ауданының Сарыөзек қаласында бой көтерді. Атауы да ерекше – «Бәрі де рақмет үшін!». Дүкенде 1000-ға жуық жаңа заттар жиналған. Әлеуметтік маңызы бар жобаның бастамашысы аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Эля» ЖК директоры Күлсара Әмреева.
«Кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік жөнінде ұмытпауы тиіс. Бүгінгі таңда қоғамда қаржылық және рухани қолдауға зәру жандар өте көп. Біз бизнес өкілдері адамға қиын сәтте көмек қолын созудың маңыздылығын жақсы білеміз. Дүкендегі заттар аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға демеу болады деген ойдамын», - деді жоба жетекшісі.
Онда әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар қажетті заттарды тегін ала алады. Ашылған күні дүкенде балалар мен үлкендерге арналған мыңға жуық киім-кешек пен өзге де тұрмыстық заттар жиналды.
Қайырымды жандардың әкелген заттарын қабылдау мен келушілерге қызмет көрсету үшін әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту бөлімінің бағыты бойынша дүкенге бір қызметкер жұмысқа алынып отыр.
Айта кетейік, ауданда ашылған «Бәрі де рақмет үшін!» дүкені Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің екінші жобасы. Осыған дейін әлеуметтік дүкен Талдықорған қаласында да ашылған болатын. Дүкен қазір өз жұмысын тұрақты жалғастырып келеді.