ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақы мен баланың туылуына байланысты берілетін жәрдемақы көлемін өсіруге бағытталған заң жобасына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
"Мемлекет басшысы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген аталған хабарламада.
Осы заң аясында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде зейнетақы көлемі ұлғаяды. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 40 950 теңгені құрайтын болады. Бүгінде қазақстандықтардың 2 миллионы зейнетте екенін айта кету керек.
Ал, бала туылуына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақының көлемі 20 пайызға дейін көбейеді. Қос санаттағы азаматтардың мемлекеттен алатын ақшасын арттыру үшін биыл бюджеттен 81,6 млрд теңге бөлініп отыр.