Алматыда 7 баласы бар "Батыр ана" бала-шағасымен көшеге түнеп, көшеде тамақтануға мәжбүр. Өйткені, пәтер түгілі, қара нан алып жеуге жағдайы жоқ. Тұрып келген 1 бөлмелі жалдамалы пәтерінен үй иесі шығарып жіберген деп мәлімдеді KTK телеарнасы.
7 баласын жетектеген Шынар Сәрсенбаеаның барарға жері қалмапты. Соңғы үш күннен бері олар жол бойында отырып тамақ жеп, шөптің үстінде ұйықтайды. Әйелдің туыстары да бар екен. Бірақ, ешбірі үйіне кіргізбейтін көінеді. Ал, күйеуі болса осыдан 4 жыл бұрын балаларын еңіретіп тастап кеткен. Қазір мына 7 балаға ыстық тамақ жеу арман, күніге бұйырғанын жеген олар әбден ашқұрсақ болып қалған. Батыр ананың мемлекеттен ай сайын алатын 14 мың теңгесі нанға да жетпейді.
Бұл отбасы ең болмаса жалдауға арзан баспана тапсақ дейді. Бірақ, оны да іздей-іздей шаршаған. Өйткені, баланың көптігін естіген пәтер иелері тұтқаны қоя салады. Сәрсенбаевтар көмек сұрап шенділерді де жағалаған. Бірақ, олар да көмектесуге қауқарсыз.
Жанна Қожамбердиева, Наурызбай ауданы әкімдігі әлеуметтік сала бөлімінің басшысы:
- Бұл кісілер Алматы қаласында тіркеуде тұрған жоқ. Қаскелең ауданында тіркеуде тұр. Сол үшін үй мәселесін, пәтер мәселесін шешу біздің қолымыздан келмейді.
Алайда, көпбалалы отбасының аянышты тағдыры шенділерді бей-жай қалдырмапты. Сондықтан, қазір олар қоғамдық қорлармен сөйлесіп, бұларға бас сауғалайтын жер іздеуде. Ал, батыр ана көпке қол жаюдан аулақ. Арзан пәтер табылса, 7 баласын өз еңбегімен асырауға дайынмын деп отыр.