$ 498.55  524.28  4.75

МӘМС: тегін медициналық көмек алу мүмкін бе?

Сіздің тегін медициналық қызмет сапасына көңіліңіз тола ма? Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген соң тегін көмек алу мүмкін бе? Сақтандыру жүйесі бойынша тегін қызметке қандай реформа жасалады? Осындай маңызды әрі жиі қойылатын сауалдарға Алматы қаласы Денсаулық басқарамасы мамандары жауап берді.

Бүгінгі таңда 2009 жылдың 15 желтоқсанында қабылданған №2136 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес халыққа тегін көмек көрсетіліп келеді. Негізінен оның қатарына жедел-жәрдем мен санитарлық авиация қызметі, амбулаторлық-емханалық және алғашқы медициналық-санитарлық көмек кіреді. Оған қоса, айықтыру терапиясы мен реабилитация, паллиативті көмек мен медбике қызметі үшін де ақы алынбайды. Сонымен қатар, кез келген төтенше жағдайдарда медициналық көмек пен науқасты медицина орталықтарына жеткізу тегін. Сондай-ақ, халық көп жиналатын мерекелік, спорттық шараларда медициналық қызмет көрсету нүктесі болуы міндетті.

Ал тегін медқызмет көрсету саласының сапасы қандай? Жалпы биылғы жартыжылдықтың қорытынды есебі бойынша халықтың медицина қызметкерлері мен тегін медициналық қызмет сапасына қатысты пікірі өзгергенін байқауға болады.

«Биылғы жылдың көрсеткіштеріне қарап, халықтың тегін медициналық қызметке көңілі толады деуге болады. Себебі, 2017 жылдың 1 жартыжылдығында өткен жылмен салыстырғанда арыздар саны азая түскен. Биыл алты айда бізге 194 өтініш келіп түсті», - дейді Алматы қаласы Денсаулық басқармасы бастығының орынбасары Жанар Кенжебаева.

Бұған дейін жедел-жәрдем қызметіне қатысты арыз-шағым көп айтылатын. Ал басқарма  мамандары: «Бұрын жедел-жәрдем қызметіне көп сын айтылатын. Қазір ондай арыздар азайды. Қала бойынша алғашқы көмек көрсету қызмет сапасы жақсарды», - дейді.

2018 жылдың қаңтарында толығымен енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кейбір өзгерістерге жол ашады. МӘМС пакеті сізге амбулаторлық-емханалық және стационарлық көмек пен жоғары технологиялық аппараттар қызметін тегін ұсына алады. Негізгі шарт – сіз өз мәртебеңізді анықтап, сақтандыру жүйесіне тіркелуіңіз шарт. Тіркелсеңіз, Қазақстан Республикасы аумағындағы кез келген емханадан көмек сұрай аласыз. Себебі, мұндағы шығындарды сақтандыру қоры жабатын болады. Сонымен бірге, МӘМС жүйесіне қатысушы қосымша медициналық қызметке ақы төлеуден де босатылады. Айта кетерлігі, дәрі-дәрмек тапшылығы қиындығынан да құтыласыз. Еске салсақ, тұрғындарға тегін таратылатын дәрі-дәрмек тізімі бар. Ал бұл тізім МӘМС бойынша сақталып қана қоймайды, тізім ұзарып, дәрі-дәрмектің түрі көбейе түседі екен. Тағы бір ескеретін жайт, медициналық қызмет сапасына көңілі толмаған азамат емхананың үстінен арыз жазса, оның құқығын қор заңгерлері қорғайтын болады.

2020 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезең белгіленді. Бұл дегеніміз медсақтандыру жүйесіне тіркелмеген адамға амбулаторлық-емханалық және жедел-жәрдем көмегі көрсетіле береді деген сөз. Алайда, науқасқа жоспарлы тегін стационарлық көмек көрсетілмейді. Дегенмен, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қорға жарна төлесе де, төлемесе де кез келген қазақстандық азамат мемлекет кепіл берген тегін медициналық қызметке ие. Олардың қатарына туберкулез, психикалық аурулар мен СПИД, безгек сынды дерті бар науқастар кіреді.

Халыққа тегін медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында бірнеше шара қолға алынды. Алматы қаласы Денсаулық басқармасы қалалық прокуратурамен бірге өзара меморандум жасасқан. Бұған қоса, «Egov» порталымен бірлескен «Аlmatymed.kz» сайты да жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы барлық медициналық ұйымдарда «Науқастарды қолдау және ішкі аудит қызметі» жобасы қолға алыныпты. Call-орталықтар қала тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсетіп, олардың сұрақтарына жауап береді.

Г.Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары