Биыл Ұлы Жеңіске 72 жыл толды. Ардагерлерімізді тек осы Жеңіс күні қарсаңында емес, үнемі қолдауымыз керек деп жиі айтсақ та, қарияларға мемлекет тарапынан нақты қандай көмектердің көрсетілетінін біле бермейміз. Тіпті, оларды 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ғана еске алып, науқандық марапат ұйымдастырып жүрген жоқпыз ба деген де сұрақтар мазалайды кейде. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарамасының басшыларын әңгімеге тарттық.
Басқарма мамандары берген мәлімет бойынша, 2017 жылдың сәуір айында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне жергілікті бюджеттен 150 000 теңге, оларға теңестірілген адамдарға 30 000 теңге, соғыста қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жесірлеріне 30 000 теңге, Ауғаныстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде жараланған немесе ауруға шалдығып, қаза тапқан әскери азаматтардың ата-аналары мен әйелдеріне 30 000 теңгеден біржолдық әлеуметтік көмек төленген екен.
Оған қоса, екінші дүниежүзілік соғыстың 72 жылдығына орай ҚР Премьер-министрі Б. Сағынтаев пен Алматы қаласы әкімі Б. Байбектің атынан құттықтау ашық хаттары, гүл шоқтары және азық-түлік себеттері 496 ардагерге табыс етілді. Ал 9 мамыр күні жыл сайынғы дәстүрмен ерекше атап өтілді. 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылып, оған қала басшылығы, Алматы қалалық ардагерлер Кеңесі мен соғыс ардагерлері, тылға қатысушы ардагерлер, Ауған соғысы мен Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысушылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары, Алматы өңірлік гарнизоны, дипломатиялық корпус өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Саябақта ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған мерекелік дастархан жайылып, концерттік қойылымдар көрсетіліпті.
«Алматы қаласының барлық аудандарында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен тыл еңбеккерлері арасында 90 және 100 жасқа толған, одан да жоғары жастағы мерейтой иелерін және жалғызбасты зейнеткерлерді 9 мамыр – Жеңіс күніне орай үйіне арнайы құттықтап барып, естелік сыйлықтарын тапсырдық», - дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма бастығының орынбасары Гауһар Зікірқызы.
Сондай-ақ, Алматы қаласы мәслихатының 2011 жылғы 29 сәуірдегі № 425 «Санаторий-шипажайда емделуге мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек туралы» шешімі бойынша ардагерлерге сауықтыру демалысына жолдама берілді. Жалпы 2017 жылы бюджеттік бағдарламалар жоспары негізінде 3833 соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлеріне шипажайға жеңілдік беру қарастырылған.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысы мен Алматы қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 шілдедегі № 347 қаулысының шешімдеріне сай Алматы қаласы бойынша ардагерлер мен мүгедектерге ай сайын 5,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Біз олардың көңілі тоқ, уайымы жоқ болғаны қалаймыз. Ардагерлердің әлеуметтік жағдайы біздің бақылауымызда», - деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма бастығының орынбасары Гауһар Әбуева.
Сонымен бірге, қоғамдық көліктерде ардагерлеріміз тегін жүре алады. Себебі, Алматы қаласы мәслихатының 2015 жылғы 15 қыркүйектегі № 367 «Алматы қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көліктерде жолақы жеңілдігін беру туралы» шешіміне сәйкес, ардагерлер мен оларға теңестірілген адамдарға, 75 жастан асқан зейнеткерлерге қалалық қоғамдық көлікте тегін жүруге электрондық жол жүру картасы берілген екен.
Г.Сембиева