$ 498.55  524.28  4.75

М.Исахов: «Жолақысын 150 теңгеге көтерудегі мақсат – халықтың қалтасын қағу емес...»

Күні кеше Алматыдағы қоғамдық көліктерде жол жүру құны 150 теңгеге дейін көтерілген болатын. Бірақ, бұл баға баршаға емес, тек «Оңай» картасын сатып алмаған тұрғындарға ғана қатысты. «Оңайы» бар жолаушылар болса ескі тарифте есептесуін жалғастыра бермек. Жергілікті билік бұл ақпаратты алдын ала халыққа ескерткенімен, жолақы қымбаттаған күні жолаушылар тарапынан наразылықтар байқалды. Әсіресе, көңілі толмағандар әлеуметтік желілер арқылы өз қарсылықтарын білдіріп жатты.

Алматы қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов болса тілшілерге берген сұхбатында тұрғындарға алаңдаудың қажеті жоқтығын айтады. Өйткені, жол ақысының тарифін өсіргендегі мақсат – халықтың қалтасын қағып алу емес.

– Біздің негізгі мақсат – 150 теңге арқылы елдің қалтасын қағу емес, оларды жаппай электронды төлем жүйесіне әкелу. Оның бірнеше пайдасы бар. Қолма-қол ақша жинағанда, біз тасымал­даушылардың қанша табыс табатынын білмейміз. Сол себепті, оларға жалақы және автопарк­тердегі проблема­ларды шешу туралы нақты талаптар қоя алмай­мыз. Электронды карта осы мәселелерді шешеді деген ойдамыз, – дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, электронды карта жүйесін енгізу арқылы автопарктерді жаңартуға да мүмкіндік туады. Ал, бұл өз кезегінде жолаушылардың өзіне қолайлы болмақ.

Жаңа ереже бойынша, бірегей төлем картасымен 10 рет үздіксіз қатынаған жолаушының келесі жолақысы 70 теңгеге түседі. Қала билігі қоғамдық көліктердегі баға саясатын оңтайландыру арқылы көлеңкедегі қаржы айналымын заңдас­тырмақшы. Бұл бастаманың оң нәтижесі алғашқы жарты күнде-ақ байқалған. Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы 1 тамыз күні электрондық билет жүйесімен төлеу 48 пайызға артқанын айтады. Оған дейін бір күнде 26 млн. теңге жиналып келсе, сол күні түскі сағат 14.00-ге дейін 23 млн. теңге қазынаға түскен.

Жаңа ереженің бір жақсысы, билет берілмеген жағдайда жолаушының тегін жүретін құқығы бар. Бірақ, бұл тәсіл авто­бус жүргізушілері мен кондукторларға қиын­дық келтірмекші. Өйткені, элект­ронды билетке арналған терминал­дардың жиі істен шығу жағдай­лары тіркелетін­діктен, олар «Оңай» картасы бар елді тегін тасимыз деген қауіптері барын жасырған жоқ.

Бұл тариф әзірге қала сыртына қаты­найтын көліктер мен метроға ене қоймады. Дегенмен, айналадағы ауылдарға баратын жолаушылардың жолақысы осы жылдың күз-қыс айларына қарай «қалалық дең­гейге» көтерілмекші. Бұдан бөлек, жол­ақыны СМС арқылы бұрынғы бағасы­мен төлеуге болатынын ескерген жөн.

Қоғамдық көліктерге тексеріс жасау алдағы айларға дейін созылмақ. Яғни, жолақысын төлемеген жолаушылар 4 жа­рым мың, ал дұрыс билет бермеген тасы­мал­даушылар 11 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді.

– Соңғы уақытта «Оңай» картасынан ақшам жоғалды» деген адамдар көп болып кетті. Шынында, картадағы ақша ешқайда кетпейді. Тіпті, осы жөнінде сенімсіздік туып жатса, «Оңай» жүйесінің арнайы сайтына кіріп, жеке кабинет арқылы оны «Телеграм» әлеуметтік желісіне тіркеп қоюға кеңес беремін, – дейді Алматы қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары