Түрксіб Алматы қаласы бойынша әлеуметтік-экономикалық жағынан көш ілгері, жылдан-жылға дамып келе жатқан аудандардың бірі саналады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық қорытынды мен даму көрсеткіштеріне қарап осындай тұжырым жасауға болады. Өсім мен даму кез келген саладан байқалады.
Түрксіб ауданының экономика мен инвестиция саласында айтарлықтай өсім байқалады. Мәселен, ауданда 38 ірі, 95 орта және 3 707 кіші кәсіп иелері бар. Ондағы жұмысшылардың жалпы саны – 47 247 адам. Жаңа жұмыс орындары туралы да айта кетейік. Жыл басынан бергі алты ай ішінде жаңадан 2162 жұмыс орны ашылған. Соған сәйкес, орташа айлық көлемі де 158 418 теңгеге көтеріліпті. Жұмыс іздеушілерге де мүмкіндіктер саны көбейген. Аудандық жұмыспен қамту орталығына 1 229 өтініш келіп түссе, оның 733-і тұрақты жұмыс тапқан. Сонымен қатар, өндіріс көлемінде де өзгеріс бірден көзге түседі. Өткен жылмен салыстырғанда 128%-ға артқан. Еңбек өнімділігі де алға жылжыпты. 6 айдағы инвестиция көлемі 23,3 млрд.теңгеге тең болды. 2017 жылғы бірінші жартыжылдық бойынша аудан бюджеті 1 710 545 мың теңгеге жетті.
Түрксіб ауданында 27 703 зейнеткер бар. Оның 56-сы соғыс ардагері. Айта кетейік, 296 жалғызбасты тұрғынға, соның ішінде 51 мүгедек және 245 қарт кісіге аудандық әкімдік көмек көрсетіп тұрады.
«2017 жылдың қаңтар айынан бері аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімі 2 831 адамға жалпы көлемі 42 775 мың теңгеге жуық әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, биылғы жылдың 25 мамыры мен 4 маусымы аралығында жетім, мүгедек, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына арналған демалыс ұйымдастырылды. 300-ден аса зейнеткерге сауықтыру орындарына арнайы жолдама берілді», - дейді аудандық әкімдік қызметкері.
Мектеп пен мектепке дейінгі білім беру орталықтарында да өзгеріс көп. Аудандық әкімдік қызметкерлері берген мәлімет бойынша, қазір 2231 бала балабақша кезегінде тұр. Ал аудандағы жалпы білім беру орталығының саны – 28. Ауданда 11 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді, 7 қалалық емхана мен 4 станционарлық мекеме бар. Бүгінгі таңда өзекті мәселе – МӘМС жүйесі бойынша түсіндіру тобы 49 кәсіпорында ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
2017 жылдың жұмыс жоспарымен және бекітілген бюджеттік бағдарламасына сәйкес 2 миллиард теңге мемлекеттік сатып алу қызметіне бөлінген. «Өңірді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында 10 көп қабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстары басталды, сонымен қатар, тұрғындармен алдағы уақытта аталған бағдарламаға қатысу бойынша жиындар өткізіледі. 80 ауланы жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жұмыстары жүргізілді. «Жас Қанат» шағын ауданында «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 5 қабатты 47 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Мәдениет саласында да реформалар бар. 2017 жылдың жартыжылдығы бойынша жалпы 20 300 адамды қамтыған 30 аудандық мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар өткізілген. Оның 10-ы – атаулы мерекелер мен 15-і спорттық іс-шаралар. Ауданда жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған міндеттер мен шаралар өте көп.