$ 439.43  473.31  4.82

Несие − басқару құралы

Дағдарыс. Осы сіз бір заңдылықты байқайсыз ба? Біздің елде дағдарыс қалай басталады, солай ашық түрде де, жасырын түрде де несие алу насихаттала бастайды. 2008 жылы бүкіләлемдік қаржы дағдарысы басталды. Қаржылық құрылымдар дағдарып тұрғанда, әлбетте, жұртқа ақша берілмейтіні аян. Дегенмен, Қазақстан Үкіметі Ұлттық қордан ақша бөліп, банктерді қаржыландыра бастады, ал олар халыққа оңды-солды несие берді.

Біраз ес жинап қалып едік, бүгінгі күні тағы да «кризис келеді, абдырап қалмаңдар» деп жағалай дабыл қағып жатыр. Сөйтсе де, өткен жылдың аяғында елімізде 500 миллиард тенге Ұлттық қордан бөлінетіні, оның 250 миллиарды банк секторын сауықтыруға, ал 100 миллиарды бизнесті жеңілдікпен несиелеуге кететіні айтылмап па еді?!.

Оның үстіне сенатор Б.Әйтімова ханым жастарға несиеге күн көріп, өздерің секілді жұрттың балаларынан «үлгі» алыңдар деп отыр. Неге?

Бұғалық. Кез келген дағдарыс толқыныс тудыруы мүмкін. Барлық елдерде орын алған толқулар мен көтерілістер, артында қарайлайтыны жоқ, жоғалтатыны аз, әрі сенгіш, әрі қайраты тасып жүрген жастар арқылы жасалады. Ашынып кетсе, барша халық талап етері сөзсіз. Осындай ұшынайын деп тұрған жараның ұшығына тимей үйлестіріп отыратын әлемде түрлі технологиялар түзілген. Осының бір пұшпағын көп елдердің басқару тәсіліне айналған несие беріп «жіпсіз байлау» алады. Несие алған адам мойнына бұғалық түскен асаудай жуасып сала беретіні ақиқат. Оның бар есі-дерті «мойындағы кредитті қалай жабам?» - деген сұраққа ауып, жұмысынан айырылып қалмауға тырысады. Одан айырылса, үйден, машинадан, оған дейінгі жиған-тергенінен айырылатыны аян. Жоғалтар нәрсесі болғандықтан, ол зомбиге айналып,  бетегеден биік, жусаннан аласа өмір кешуге мәжбүр. Б.Әйтімова ханымның өзі де «Біле білсеңіздер, шетелде жастар... несие алып, өмір сүреді. Колледжде білімді де несиемен алады. Содан кейін қалай болғанда да жұмыс табуға тырысады» деп айтқан жоқ па?!Ал осы несие деген бәлеге адам мойнын өз еркімен неге ұсынады?

Мәдениет пен сауат.  Капитализмнің негізгі ұстындарын әлі де бойымызға толық сіңірмегендіктен, бізде несие алу мәдениеті де дұрыс қалыптасқан жоқ. Несін жасырамыз, солай ғой? Несиеге келген нәрсе, тегін келгендей көретініміз өтірік емес. Қарыздың күліп барып, жылап қайтатынын естен шығарамыз. Қарашыл аттай қазіргі проблеманы ғана шешудіойлаймыз да, бүгінгі күйбең тірліктің «төбетінен» құтылам деп, ертеңгі «аждаһаның» аузына бір-ақ түсеміз. Және ол жай қарыз ба, үлкен өсіммен, банктің өз пайдасына орайластырыла жасалған шартпен бекітілген қарыз. Ақшаның буы ұрып тұрғанда, қарыз шартындағы жазуларды да толық оқуға шамаңыз келмейді. Шамаңыз келсе де, үздіксіз экономикалық қисаптармен жазылған, түсінбейсіз. Ондай тұзаққа заңнан хабары жоқ адам түгілі, заңды бір кісідей білем-ау деп жүрген менің өзім де түскенмін. Ең сорақысы, Сізге қажетті жерлері ұсақ қаріптермен жазылған, оны адам маңызды нәрсе емес шығар деген оймен, көз салмастан секіртіп өте шығады. Бұл құйтырқы психологиялық амал, сіздің визуалдық құқығыңыз бұзылады. «Бол-болдың» астында тұрғасын, «әй, қойшы, жұрттың бәрі алып жатыр ғой», - деп қолыңызды сарт еткізіп қойып бересіз. Міне, осы сәттен бастап Сіз банктің қорасындасыз. Екінші дәрежедегі банктермен көп соттасып, олардың «№1 жауына» айналған заңгер Е.Нарымбаевтың айтуынша, банктің өзі көрсеткен пайызынан да басқа жасырын пайыздар мен үстемелер бар.

Дін. Бұл тақырып өте нәзік, қазір тіпті ушығып тұр. Ислам діні біздің банктер беріп жүрген несие тәртібіне, өсімқорлыққа мүлде тиым салады. Көптеген мемлекеттер елге діннің етене дендеп кетпеуіне мүдделі, өйткені ол қазіргідей көрінбейтін бишікпен басқаруды қиындатады. Себебі, алдымен,  осы несие сияқты түбінде құрдымға итермелейтін басқару құралдарынан айырса, екіншіден, тек қана құдайдан қорыққан адамның басқа ештеңеден қаймықпайтыны тағы бар.

Салдар. Онсыз да ақыл тоқтатып, алды-артын болжай алатын аға-апаларымыздың өзі аңдамай несие алып, бала-шағасының бетіне қарай алмай, өзін-өзі өртеп жатқаны, кранға мініп алып түспей жүргендері, үндемей ғана өмірден кетіп жатқандары аз ба? Оның үстіне, суицид мәселесі бойынша қазақ елінің алғашқы бестікте екенін, бейресми деректер бойынша елімізде әр 1 сағат сайын 1 адам өз еркімен ана дүниеге аттанатынын, өзіне қол салушылардың дені жастар екенін ұмытпайық. Адамдардың рухани тоқырауына тосқауыл бола алмай жатқанда, жығылғанға жұдырық деп, жастарға «кризисте кредит ал» деп үгіттеу түйенің мойнынан қисық нәрсе емес пе?!.

Қалай ойлайсыз?

 

Алмас Жұмағали,

заң ғылымдарының кандидаты

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары