Алматы әкімі Бауыржан Байбек БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашы Каталина Девандас Агилармен кездесті. Кездесу барысында тараптар мүгедектер профилактикасы, қала өмірінде оларды әлеуметтік қорғау, барлық мүмкіндіктерді жасау, қолдау және басқа да маңызды мәселелерді талқылады.
Қала басшысы шетелдік қонаққа Алматыда құрамына азаматтық қоғам өкілдері енген мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік жағынан қорғау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің жұмыс жасайтындығын айтты. ҮЕҰ-ның араласуымен мүмкіндігі шектеулі жандарға стационарда, жартылай стационарда және үйлерінде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Қалада мұндай жандарға инклюзивті білім беруге ерекше назар аударылған, олар кәсіби жағынан қорғалған,түрлі нысандарға баруларына, көлікке мінулеріне жағдайлар жасалған, сонымен қатар әлеуметтік, спорттық, мәдени шаралармен қамтылған.
Бауыржан Байбек бүгінгі күні қалада мүмкіндігі шектеулі 43 мыңнан астам азаматтың тұратынын айтты. Биылғы жылы оларды техникалық қосымша көмек құралдарымен қамту үшін бюджеттен 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Мүгедектер үшін сапалы жабдықтар алынуда, жаяу жүргінші жолдары қайта жасалуда.
«Егер қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға жүру қолайлы болса, онда барлығына да жайлы. Алайда, ең бастысы - рухани бірлік, мемлекет тарапынан ғана емес, бұқарадан ткіелей қолдау тапқан мұндай жандар қашан да сергек болады», - деді Б.Байбек.
Өз кезегінде Каталина Девандас Агилар Қазақстан Республикасында тек саяси еркіндіктің ғана емес, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жақсарту шараларының да салтанат құрғанын атап өтті.
«Ел заңнамасы халықаралық стандарттарға сай жасалған, мүгедектермен жұмыс істеуде шетелдің инновациялық әлеуметтік тәжірибесі қолданылуда, ал бұл оларға қатысты кешенді шаралардың жүзеге асып жатқанын көрсетеді», - деп атап өтті БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы.
Ол Алматы қаласы мәслихатында мүмкіндігі шектеулі жандардың болуын жоғары бағалады. Каталина Девандас Агилардің пікірінше, бұл жалпы қоғамда мүгедек жандардың әлеуметтік тиімділігін арттыруға ерекше ықпал етеді.