Он сегіз мың әлемді жоқтан бар еткен Жаратушы Алла тағала адам баласының туылған әрбір перзентін, әрқайсысын таза, пәкиза, кіршіксіз мүмін етіп жаратқан. Кейінірек оларды ата-анасы мен қоғам өздерінің наным-сенімі, салт санасына сай, белгілі бір сеніммен тәрбиелейді.
Ардақты (с.ғ.с.) пайғамбарымыз осылай хадисте «фитра» деп, келтірген. Жалпы, кез-келген адамның дінге келуі, иманды болуы, оның жеке ісі мен амалы, дүниедегі тура жолы, ал қияметте бақыты. Адам осындай нәзіктікпен дінге енеді. Діни тұрғыда Жаратушыны жалғыз деп тану, шамасына қарай діни талаптарға мойынсұнуымен мұсылмандыққа қадам басады. Діни жоралғылар қазақ халқының дәстүріне салт болып, өміріне сіңген. Бұл дегеніміз, дінге кіру белгілі бір қажеттілікті талап ететін қағида. Тура сол сияқты, діннен шығу да үлкен мәселелерді қамтиды.
«Такфир аль-хиджра» деген адамды ата дінінен шығарушы әрі дін үшін өз Отанын, елі мен жерін алмастыруға үндейтін адасқан ағым. Бұл жолды дұрыс деп тауып, туған жерін қаралап, жат елге кейбір жастарымыздың қашқаны да бар. Осы атпен әлемге танылған, дінді өз ықтиярына бұрмалаған бұл топты елімізде «экстремистік лаңкесті тыйым салынған ұйым» болып танылды. Бұл өте дұрыс шешім. Себебі, бүгінгі мұсылман үмбетінің ордасына ылаң салған аса қауіпті ұйым. Оның кесірін әлем мұсылмандары көріп отырғанда, біздің еліміз дер уақытында қабылдады. Кез келген адам баласының дінге кіруі мен шығуы, оның жүректегі сеніміне, сөйлеген саналы сөзіне, істеген амалына байланысты. Ал, адамның дінге кіруі мен шығуы Жаратқан Алланың ғана құзырындағы дүние. Сондықтан, біздің есебіміздегі мұсылман баласы қандай да бір күнә істесе немесе Құран үкімдерін атқармаса, оның сенім-нанымына, иманына ешкімнің таласы болмауы керек. Себебі, оның жүрегі Аллаға ғана аян. Бір ғазауатта, бір кәпір әйгілі сахабамен жекпе-жекте жеңіліп, кәлима айтса да өлтіріледі. Сонда, пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның мұсылман күйінде өлтірілгендігін айтады. Әлгі сахаба «Ол имансыз болды, иман кәлимасын яғни «Лә иллаһа иллаллаһ, Мухамадур Расулла» деуі де ажалдан құтылу үшін болды ғой» дегенін де, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның жүрегі Аллаға ғана тән, адамның жүрегіндегін адамзат біле алмайды дегені бар.
Еліміздің дәстүрлі Ханафи мәзһабының көзқарасында адам қандай ауыр күнә істесе де, иман сенім жүйесінен шығып, кәпір болмайтындығы айтылады. Тек, ол харамды аузымен құптамауы, мақтамауы керек. Олай болған жағдайда да, ол адамның санасына, сауатына қаралатындығы кітаптарда тәптіштеп жазылған. Намаз оқымағанды кәпір етіп, адамды тәкфирлеп, діннен шығару ешкімнің құзіретіне берілмеген. Ол қазына Жаратқанның еншісі. Ибрахим (ғ.с.) пайғамбарымыз жоғары мақамға көтерілгенде, күнә істеп жатқан бірнеше адамдарды көреді. Ол Жебірейіл (ғ.с.) періштеге қайырылып, бұл күнәхарлардың көзін жоюға сұранады. Жебірейіл (ғ.с.) періште қанатының ұшы тиісімен олар ғайып болады. Тағы да сондай күнәхарларды көріп, Жебірейілге (ғ.с.) қайырылғанда, Алла тағала: «Бұлар күнәлі болса да, менің жаратқан пенделерім. Ойланатын шығар, тәубеге келер, сабасына түсер. Құлдарымды маған қалдыр, менің кешірімім, кеңдігім шексіз», – депті.
Бүгінде әрбір іс пен сөзге харам мен халалды көбірек қолдану бәйгеге айналғандай іспет байқалады. «Харам, харам» деумен халал көбеймейді, кәпір деумен мұсылман толықпайды. Кейбір діни сауаты төмен жастар адам түгілі, тікелей бір мемлекетті халқымен қоса, такфирге шығарып яғни сенімін аяққа таптап, оларға кәпір деп үкім беріп, дүниесі мен қанын адалдыққа тартып жүргендер бар. Осындай күнәлі істерін яки уағыздарын, тәкфирлі жайттарын, қылмыстарын, адам өлтірулерін бейне арқылы таспаға жазып, әр түрлі құрылғы арқылы таратудың өзі үлкен күнә екендігін түсінуіміз керек. Елбасымыз тарихи Ұлытау өңіріндегі айтулы сыр сұхбатында тиянақтап, бұл жағдайды баяндады. Еліміздің дамуы мен өркендеуіне алған бағыты тек қана дін мен ұлтаралық татулық болғанда ғана алға басатындығы хақ. Дінді дұрыс ұстап, ата – бабамыздың жолынан алшақтамай, қасиетке айналдыру әркімге міндет. Ендеше, жастарымызды жат ағымды қасіретті жолдан сақтауға ат салысайық, ағайын!
Нұрлан АСАНОВ
Шығыс Қазақстан облысының бас имамы