Ақтөбеде мүгедек баласын жолдасына берген әйелді «көкек ана» дегендер келіншектің ашуына тиді. Бұл қаралауға келіспейтінін айтқан екі ұлдың анасы өзінің жағдайын түсіндірді деп жазады NUR.KZ порталы.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ беттерінде мүгедек баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әке туралы жазылған болатын. Онда жатақхананың бір бөлмесін жалдап отырған Асылбек Оспанов алты жастағы мүгедек баласымен жалғыз тұратынын, әйелі баласын тастап кеткенін айтқан еді.
Елдің қаралауына шыдамаған әйел жағдайдың қалай болғанын айтып берді.
- Мен баласын тастап кеткен «көкек ана» емеспін. Қайтемін, екі балам да мүгедек болып туылды. Оларды емдету үшін біз біраз жерге бардық. «Балам ауру еді» деп отыра бермейтін шығармын. Жолдасыммен ажырасып кеткенімізге үш жыл болды. Екі мүгедек баланы екеуміз бөліп алдық. Бір-бірімізге алимент төлемейміз деп келістік. Мен өзімде қалған үлкен баланы бір жылға «Жайна» оңалту орталығына тапсырдым. Енді мен балаларымның болашағы үшін жұмыс істеуім керек емес пе?, – дейді Гүлжанат Алдабергенова.
28 жастағы келіншек өзінің өмірі туралы толығырақ жазуды өтінді.
- Мен 2009 жалы 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Бір жылдан кейін баламыз дүниеге келді. Науқас болды. Емшіге де апардық, Астанаға да апардық. Осылай жүргенімізде мен34 екінші балаға аяғым ауыр болды. 2011 жылы екінші баламды босандым. Оған да сал ауруға шалдыққан деген диагноз қойды. Бала буынын ұстай алмайды, – дейді Гүлжанат.
Екі бірдей мүгедек баланың күтімін жасау жас отбасына қиындық әкелген.
«Отбасы болғаннан кейін бөлек пәтер жалдап тұрдық. Жолдасым Атырауға бір айға жұмысқа барады, мен екі мүгедек баламмен жалғыз жалдамалы пәтерде қаламын. Қиналып жүргенімізді көріп, Мұғалжар ауданында тұратын менің ата-анам бізді өздеріне шақырды. Балаларды қарауға көмектесетінін айтқан соң біз бардық. Осылай жүргенімізде бес жыл өтіп кетті. 2013 жылы мен жұмыса кірген кезде арамызда айқай-шу басталды. Жұмыс істемей, баланы бағып үйде отырғанымды қалайды. Жиі ұрысуды шығарды. Шынын айтайын, жүйкем жұқарып, шаршадым. Сол үшін де ажырасуға арыз жаздым», – дейді келіншек.
Екі бірдей ерекше баланы бөліске салған отбасы тағы да соттасқалы жатыр
«Ажырасқанымызға үш жыл болса да маған маза бермей отыр. Енді мені баласын тастап кетті деп жазған. Мен балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Енді оны тағы да сотқа беремін. Мен «көкек ана» емеспін. Бала өзінікі емес пе? Мен туып бердім, мүгедек болып туылса қайтемін енді», – дейді келіншек.
Ал мүгедек баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әке шарасыз жағдайда қалғанын жеткізді.
«Ол не істеп жүр? Ажыраспай тұра беруіміз керек еді. Біздің ажырасуымыздың басы «балаларды балалар үйіне берем» дегенінен басталды. Басында екі баланы да маған әкеліп тастады. Маған екеуін қарау қиын болып кетті. Сондықтан интернатқа тапсырсаң да рұқсат беремін деген қолхат жазып бердім. Соны жазғаныма әлі өкінемін. Баланы алған бойдан «Жайна» орталығына әкеліп тастады. Аптасына екі-үш рет барып тұрамын. Кезінде ол "халық не айтса ол айтсын деп баланы тапсырамын" деп қоймады. Үш рет сот болған кезде де мен ажырасуға қарсы болдым. Мына баламен отырғаныма үш жыл болды, көруге бір келген емес», – дейді Асылбек Оспанов.