21.11.2017, 16:08

Таразда «Үміт қанатында» фестивалі өтті

«Рухани жаңғыру» идеясы Қазақстан қоғамындағы барлық азаматты қамтуы тиіс. Яғни, қоғамдық сананы жаңғыртуда қазақстандықтар түгел қамтылатын болады. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсеткен талабы. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін тек экономикалық дамудың аз екенін айтқан Елбасы ел тұрғындарының рухани да серпілісті бастан өткеруі қажеттігін айтыып отыр.

Осы орайда, Президенттің осынау идеясын қолдау мақсатында және көз жанарынан айрылған жандарды әлеуметтік сауықтыру мақсатында Жамбыл облысының орталығында аз іс-шара өткен доқ. Солардың бірі бүгін мәресіне жеткен «Үміт қанатында» атты мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы фестиваль.

Бұл фестиваль биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Сондықтан жыл санап қатысушылар саны да артып келеді. Мәселен, биылғы өнер сайысына облыс бойынша 23 зағип жан қатысқан. Көз жанарының әлсізіне қарамастан барлық үміткерлер өзара жарысып, келген көрермендерге әуезді ән мен жақсы көңіл-күй сыйлады.

«Фестивалдің мақсаты – зағип жандарды өмірде болып жатқан жаңалықтардан тыс қалдырмау, шығармашылығын шыңдау және осы өмірге кіріктіру болып табылады. Жалпы, мұндай азаматтарға қолдау және әлеуметтік тұрғыда көмек беру мақсатында біздің кітапханада түрлі іс-шаралар өткізіліп отырады. Ал, бүгінгі жиынымызды Мемлекет басшысының Рухани жаңғыру бағдарламасына арнап отырмыз», - деді Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана директоры Айгүл Оразқұлова.

Зағип жандар арасындағы жарыс 5 кезең  бойынша өрбіді. Соның бірі – қолөнер номинациясы. Оның аясында әрбір қатысушы өз қолымен жасаған бұйымдарын арнайы көрмеге қойып, келген қонақтардың назарына ұсынды.

«Екінші жыл қатарынан қатысып отырмын.Өте жақсы әсердемін. Біз секілді жарымжан кісілердің үйде отырып қалмай, қоғамға араласуына және өзінің бойындағы аз болса да қасиеті мен талантын көрсетуге, мен әлі де болса керекпін деген сезіммен сосын жас балаға өмірге бәрібір керекпіз деген бір жақсы құлшыныс оятады», - дейді жарысқа қатысушы Рабиға Мелдебекова.

Бұл жандар жарық жүниені жанарымен көрмесе де, жүрегімен сезеді. Басына түскен қиын тағдырға қарамастан, өмір сүруге деген құлшыныстарын ешқашан жоғалтқан емес. Дені сау адамның қолынан келмейтін керемет бұйымдар жасап, өз өмірлерін оюмен өрнектеген.Байқау  соңында жеңімпаздар марапатталды.