$ 443.85  474.3  4.8

Денсаулық сақтау саласының мамандары да, дін өкілдері де екпеден бас тартуға болмайтынын айтып отыр

Осыдан он шақты жыл бұрын елімізде баласына екпе ектіруден бас тартыпты дегенді естімейтінбіз. Ондайлар тек ел арасында ішінара ғана кездесіп жататын. Ал, қазір екінің бірі сәбиіне дәрі ектірмейтін болған.

Балаларына екпе салдырмайтындардың қатары жыл санап артып келеді. Тек биылдың 9 айында 12 мыңнан аса ата-ана вакцинадан бас тартыпты. Яғни, кем дегенде 12 мың бала (әр отбасында бірнеше баладан болатынын ескерсек 12 мыңнан әлдеқайда көп) қажетті дәріні қабылдамады.

Өкінішке қарай, екпеден бас тартып жатқан ата-аналардың басым көпшілігі бұл қадамға ешқандай ғылыми негізге сүйенбестен барып жатады. Алға тартатындары – діни көзқарастары ғана. Айтуларынша, исламда қандай да бір дәрі қабылдауға тыйым салынған көрінеді, тіпті мұны Аллаға серік қосумен теңеп жататын әсіре діншілдер де жоқ емес.

Еліміздің заңнамасында екпе ектіруде ата-аналардың өздеріне ерік берілген. Яғни, олар бас тартса да өз еріктері. Алайда, бұл баланың өмірі үшін үлкен қауіп-қатер туғызуы мүмкін дейді денсаулық сақтау саласының мамандары. Сондықтан, қазіргі отандық дәрігерлердің алдын қойылған басты мақсаттардың бірі – осындай ата-аналарға екпенің алдымен қауіпсіздігін, екіншіден онсыз бала өміріне төнетін үлкен қауіптің бар екенін түсіндіру.

Қазір қазақстандық ата-аналардың екпеден бас тартуына үлкен екі себеп бар: біріншісі – дін, екіншісі – интернет. Дінге қатысты ата-аналардың не дейтіні түсінікті. Ал, интернет деп отырғанымыз – ғаламтор желісіндегі ата-аналардың түрлі форумдары. Мұнда балаға екпе ектірмеуге үгіттейтін мыңдаған жазба мен аудио және видео контенттер бар. Көпшілігінің айтатыны «екпеден ешқандай пайда жоқ», «екпе егілген бала сал ауруына шалдығуы мүмкін» секілді болжамдар ғана.

Осындай жан-жақты үгіт-насихаттың арқасында қазір дәрігерлердің үгіттеу жұмыстары жай ғана жаңғырық болып қалып жатыр. Яғни, үгіттеу жұмысында қазақстандық дәрігерлер «діндарларға» да, интернеттегі форумдарға да жеңіліп келеді.

Күні кеше Алматыда «Сену және өмір сүру» деген тақырыппен екінші әлеуметтік-медициналық форум өткен болатын. Онда денсаулық сақтау саласының мамандары дәл осы екпе тақырыбында біраз шындықтың бетін ашты. Айтуларынша, ағымдағы жылдың 9 айында екпеден бас тартқан ата-аналар саны 12 мыңға жетіп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 пайызға артыпты. Былтыр бұл кезеңде 8 мың ата-ана баласын екпе егетін дәрігерге апарудан бас тартқан екен. Сол 12 мың ата-ананың 70 пайызының балалары әлі 2 жасқа толмағанын да айта кету керек.

«Екпеден бас тартудың себептеріне тоқталар болсақ, мұндай ата-аналардың 40 пайызы өздерінің діни ұстанымдарын алға тартады. Олар дәстүрлі исламды ұстанушылар емес, радикалды ағымдардың өкілдері деуге болады. Сондықтан біз қазір дәстүрлі ислам дінінің дінбасыларымен, тіпті, Иегова куәгерлерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізіп, мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Әңгіме барысында ұққанымыз, ешқандай дінде балаға екпе егуге болмайды деп жазылмаған екен. Сондықтан, дін өкілдері бізге көмектесуге уәде берді», – дейді ҚР Денсаулық сақтау басқармасы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас маманы Нұршай Әзімбаева.

Оның айтуынша, екпеге салғырт қарайтындардың саны «діндарлардан» да көп екен.

«Екпе ектіруді жай ғана қажет емес деп тапқан ата-аналардың үлесі 45 пайызға жетіп отыр. Олар екпеден ешқандай пайда да, зиян да жоқ деп есептейді. Шындығында, екпе егілмеген бала науқастанса оның соңы жақсылыққа алып бармайды, дерті өте ауыр болады. Мұндай ата-аналармен де жіті жұмыс жүргізуіміз қажет», – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, екпеге салғырт қарайтын ата-аналарға интернеттен бөлек 2-3 баласы бар тәжірибелі ата-аналар да кері әсерін тигізеді екен. Олар: «балаларымыздың ешқайсысы екпе алған жоқ, онсыз да ауырып жүрген жоқпыз. Демек, екпе ектірудің қажеті жоқ» дейді екен. Алайда, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаеваның айтуынша, ауру айтып келмейді және екпе егілмеген әрбір баланың аты жаман ауруға шалдығу қаупі басым.

«Иә, екпе ектірмесе де ауырмайтын балалар көп. Бірақ, олардың айналасында жүрген өзге балалардың барлығы егілген. Сондықтан, оларға жаман аурулар жұға қоймайды. Дегенмен, жаман айтпай жақсы жоқ, егер вирус пайда бола қалған жағдайда егілмеген балалар оны бірден жұқтырады. Қазір біз мұндай ата-аналармен жеке-жеке сөйлесіп, екпеден бас тартса салдарының қандай болатынын түсіндіріп жатырмыз. Қазір бұрынғы заман емес, шетелге шығып жатқан қазақстандықтардың саны өте көп. Солардың бірі сырттан ауру жұқтырып алып келуі әбден мүмкін, мұндай жағдайлар болып та жатыр. Егер егілмеген баллаар саны көп болса елде жаппай жаман аурулардың эпидемиясы жүруі мүмкін, бұл дегеніңіз үлкен қасіретке алып келеді. Мүгедек балалардың саны артып, өлім-жітім күрт көбеюі мүмкін. Қазірдің өзінде екпе алмаған балалардың ауыр дерттерге шалдығып жатқан жағдайлары тіркеле бастады, – дейді Риза Боранбаева.

Орталық директорының сөзін Нұршай Әзімбаева да растап отыр. Яғни, елімізде екпе егілмеген балалардың ауыр дерттерден көз жұмған оқиғалары тіркеліпті.

«Алдыңғы жылы, яғни 2015-те 9 жасар баланың «қызылша» ауруына шалдығу дерегі тіркелді. Ол екпе алмаған. 8 ай бойы қатты ауырып, ақыры қайтыс болды. Инфекция жұқтырғаннан кейін энцефалит ауруы асқынып кеткен. Ата-анасының апармаған жері жоқ, Германияға да, Израильге де апарып емдетіп көрді. Алайда, аталған инфекцияның әліге дейін емі жоқ. Оны тек басталмай тұрған сәтте екпе егу арқылы алдын алады. Ата-анасы қалталы азаматтар, медицинасы ең дамыған елдерге алып барса да өкінішке қарай, баласына көмектесе алмады. Сондықтан, екпеге салғырт қарауға еш болмайды», – дейді Н.Әзімбаева.

Нұршай Әзімбаева еліміздегі тұрғындардың 95%-ы екпе алған, ал бас тартқандар саны ары кетсе 2 пайызды ғана құрайтынын атап өтті.

«Кім біледі, бәлкім марқұм баланың жақындарының бірі «қызылша» ауруымен ауырған шығар, балаға содан жұққан болуы мүмкін. Иә, паротит, палиолмиелит сынды инфекциялар өткен ғасырда қалды. Бірақ, кез-келген уақытта қайта пайда болуы мүмкін. Кейбір ата-аналар 2-3 баласы барын, ешқайсысы екпе алмағанын, соған қарамастан ешқандай жаман ауруға шалдықпағанын айтып мақтанады. Бірақ, мынаны түсіну керек, біздің елдегі тұрғындардың 95%-ы екпе алған. Бас тартқандар саны ары кетсе 2 пайызды ғана құрайды. Яғни, қоғамның басым көпшілігі сақтанғандықтан, екпе алмағандарға да ауру жұқпайды», – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас маманы.

Егілген және егілмеген балалар арасында сал ауруы мен аутизмнің үлесі шамалас.

Жоғарыда айтқанымыздай, интернет желісінде «екпенің қаупі» жайында үгіт-насихат өте көп. Үгітшілердің айтуынша, екпеден кейін сәби сал немесе аутизм ауруына шалдығуы әбден мүмкін. Тіпті, мысал да келтіреді. Дәрігерлер мұның бәрі жай қауесет, нақты екпеден әлі ешқандай бала ауруға шалдықпағанын қанша айтса да, дәріден бас тартқан ата-аналардың саны жыл сайын артып келеді. Яғни, қарапайым тұрғындар мамандарға емес, желідегі бейтаныс адамдарға көбірек сенеді.

«Бұл проблема тек біздің елде ғана туындап отырған жоқ, бүкіл әлемде екпеге қарсы үгіттейтіндер көп. Дегенмен, балалар арасындағы сал ауруының, аутизмнің екпеге мүлдем қатысы жоқ екенін дәлелдейтін көптеген ғылыми еңбектер бар, ол еңбектерді бір адам емес, үлкен ғылыми зерттеу институттары жазып шыққан. Бұл ретте біздің ғалымдар да зерттеу жүргізгенін айта кету керек. Ол зерттеулердің барысында белгілі болғаны, сал ауруына шалдыққан сәбилердің 60 пайызы туу кезінде жарақат алып, сол жарақаттың асқынуынан мүгедек болып қалған. Сондай-ақ, науқас сәбилердің 50 пайыздан астамы анасының құрсағында жатқан кезде-ақ инфекция жұқтырғаны белгілі болды. Аутизм дерті бойынша да дәл осындай көрсеткіштер бар. Сосын соңғы айтатыным, екпе еккен балалар мен егілмеген балалар арасындағы сал ауруы мен аутизм ауруының көрсеткіштері шамалас. Яғни, дәрі қабылдаған балаларда артып кетті деген түк те жоқ», – дейді Нұршай Әзімбаева.

Сондай-ақ, мамандар жекеменшік клиникалардағы екпе мемлекеттік емханалардағы екпелерден сапалырақ деген әңгіменің де жай ғана қауесет екенін айтып отыр.

«Қазақстанға келетін вакциналардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ, мейлі ол емханада болсын, мейлі жеке клиникада. Еліміздің аумағына сырттан әкелінетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатына ие. Сондай-ақ, олар біздің елге келісімен республикалық иммунобиологиялық зертханада тексеруден өтеді, сапасы мен қауіпсіздігі тексеріледі. Тағы айтамын, Қазақстанға келетін вакциналар әлемдегі ең ірі және сенімді өндірушілерден сатып алынады. Атап айтқанда, біз екпеге қажет дәрілерді Еуропаның, Жапония мен АҚШ-тың компанияларынан сатып аламыз», – дейді Санитарлық-эпидемологиялық қадағалау және талдау ғылыми-тәжірибелік орталығы Инфекциялық және паразитарлы ауруларды эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.

Қазақстанда балаға салынатын екпелер сәбиді болашақта 21 түрлі аурудан қорғайды. Сондықтан, отандық дәрігерлер біздегі екпені әлемдегі ең пайдалы әрі сапалы дәрі екенін айтуда. Ол ДДСҰ-ның барлық стандарттарына жауап бере алады. Дегенмен, біздегі вакцина баланы екі түрлі аурудан қорғай алмайды екен, олар: желшешек пен адам папилломасы вирусы. Адам папилломасы вирусына қарсы екпені тәжірибеден өткізген сәтті жалпы әлемдік дәрігерлер өкінішпен еске алады. Егер ол сәтті шыққанда қаншама әйелді жатыр обырынан аман алып қалуға болар еді дейді олар.

Отандық мамандар екпенің қажеттілігін дәлелдеу үшін еуропалық тәжірибені мысалға келтіріп жүр. Атап айтар болсақ, Италия мен Германияда және Болгарияда жергілікті халықты екпеден бізден әлдеқайда бұрын бас тарта бастаған екен. Екпе қабылдамаған балалар саны артып кеткеннен кейін «қызылша» ауруы қайта пайда болып, адамнан адамға тез жұға бастаған. Кейін амал жоқ, халық өз еркімен дәрігерлердің көмегіне қайта жүгініпті. Ал, қазіргі таңда Италия тұрғындардың екпе алуын заңдастырғалы жатыр. Яғни, ешкім вакцинадан өз еркімен бас тарта алмайтын болады.

Халықты заң шеңберінде екпе қабылдауға міндеттеуді біздің елдегі дәрігерлер де, дәстүрлі дін өкілдері де бұған дейін ұсынған болатын. Алайда, ол тек ұсыныс күйінде қалды. Өйткені, қоғамда пікір қайшылығы болып тұрған сәтте заң қабылданса арты толқулар мен наразылық акцияларына ұласып кетуі де ғажап емес.

Сондықтан, қазіргі таңда түсіндіру жұмыстарымен бүтін бір ақпараттық топ айналыса бастады. Олар әр облыстан құрылып, халық арасында үгіт-насихат жұмысымен айналысуда. Топ құрамында дәрігерлер, теологтар мен имам-молдалар және мемлекеттік қызмет өкілдері де бар.

Имам-молдалардың айтуынша, діни ұстанымдарынан бас тартып, баласына екпе салдыруға көнген «діндар» ата-аналар аз болса да кездесе бастапты. Тек енді қалғандарымен жұмысты күшейту керек.

«Екпе егу Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде болмағаны анық. Сол үшін тікелей «екпе егуге болады немесе болмайды» деген хадис кездестіре алмаймыз. Олай болса, бұл мәселе шариғат негіздері мен нормаларына қайшы ма деген тұрғыдан қарастырылуы қажет. Екпеге діни негізде қарсылық білдірушілер де осы тұрғыдан харамға шығаруға тырысады. Олар «әлі келмеген, келуі күмәнді болған аурудан қорқып екпе егу – Алланың тағдырына қарсы шығу, болашақты болжау. Бұлай істеу – харам» дегенді алға тартады. Әлі болмаған пәленің алдын алу дінге қайшы емес. Керісінше, асыл дініміз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидатты мұсылмандарға үйретеді. Оған пайғамбарымыздың «Кімде-кім таңертең (Медине қаласының) әжуа құрмасынан жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны жетпейді» деген хадисі дәлел болады. Бұл хадисті екпе егудің дінге қайшы еместігіне дәлел ретінде шейх ибн Баздың өзі де келтіреді. Ол кісі елімізде көпшілік ерушілері екпе егуге қарсы болған сәләфия ағымының бетке тұтар шейхтарының бірі екендігі мәлім», – дейді белгілі дінтанушы Ерсін Әміре.

Серғали Балажан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары