$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда жыл соңына дейін 4 жатақхана пайдалануға беріледі

Мемлекет басшысы жыл басында Алматыға барған жұмыс сапары барысында 2017 жыл Алматыда «Жастар жылы» болсын деп айтқаны бар-тын. Елбасының бұл сөзі жерде қалған жоқ, қала әкімі Бауыржан Байбек дереу жастардың әлеуетін арттыруға арналған Жол картасын әзірлеп, нақты жұмыстарға кірісіп кетті. Осы жобаның аясында шаһарда жаңа жұмыс орындары ашылып, жастардың уақыт өткізетін орталықтары жұмыс істей бастады.

Жалпы, «Жастар жылы» аясында жергілікті билік жас азаматтардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын да шешуді көздеп отыр. Өйткені, сапалы білім алып, өнімді жұмыс істеуі үшін жастардың басына баспана қажеттігі айдан анық. Сондықтан биыл Алматы қаласының әкімдігі жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламасын жариялады. Сонымен қатар, студенттерге арнап жаңа жатақханалар салып жатыр. Биыл жыл соңына дейін сол жатақханалардың төртеуі пайдалануға беріледі. Ал, 2020 жылға дейін барлығы 12 жатақхана студенттерге есігін ашпақ. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Назар Балғымбаев «Достық үйінде» өткен «Бірлігі мықты жастар - болашаққа жол бастар» акциясында айтты.

- Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін биыл студенттер мен жас отбасыларға жатақханалар салу жобасы қолға алынды. «Жол картасы» аясында 2020 жылға дейін Алматы студенттеріне 12 жатақхана  салу жоспарланған. Жоспарланған 12 жатақхананың 4-еуінің құрылысы биыл аяқталады. «Алматы жастары» деп аталатын бағдарламамен жастарға баспананы жеңілдетілген жолмен жалға беру жоспары басталды. «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі арқылы несиелеудің пилоттық жобасы іске қосылды. Жастардың жас деңгейі 35-ке дейін ұзартылып, бағдарламаның жүзеге асуы үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жыл аяғына дейін 100 жас отбасы баспаналы болады», - деді баяндамашы Назар Балғымбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары