Астаналық көпбалалы ана 5 баласын және науқас күйеуін жалғыз өзі асырап отыр. Небәрі 20 шаршы метр болатын тар бөлмеге тығылған отбасының жағдайы тым мүшкіл: үй суық, ішерге ас жоқ, киерге қалың киім де жоқ.
Sn.kz тілшісіне берген сұқбатында Жәмилә ең алдымен баспананың мұңын шақты. Шағын ғана бөлмені жалдап тұратын бұл отбасы түнімен дұрыстап ұйықтай да алмайды екен. Соңғы күндері Астанада күннің күрт суынуынан тар бөлменің өзі жылымайды.
«Амал жоқ, тар болса да осы жерде тұрып жатырмыз. Балаларым түнімен тоңады, соларды ауыртып алмайын деп-ақ таңға дейін ұйқтамаймын», - дейді Жәмилә.
Жәмилә жалғызбасты ана емес. Оның күйеуі бар. Алайда, ауыр сырқат оны төсекке таңған. Балаларының ас-ауқатынан бөлек Жәмиләға енді қымбат дәрі-дәрмек те сатып алу қажет. Сондықтан ол қазір екі жерде жұмыс істеп жүр. Сондағы айына табатыны небәрі 60 мың теңге. Кейде ол бір үзім нанға да жетпей қалады екен.
«Жейтін тамағымызға ақша таппай қалатын кездер аз болмайды. Тіпті, бір үзім нан болмай қалады үйде. Жалғыз өзімнің тапқаным түкке де жетпейді. Күйеуім сау кезде аса қиындықты сезіне бермейтін едім. Қазір бар ауыртпалық өзімнің мойныма түсті», - деп көзіне жас алды көпбалалы ана.
Отағасы да бауыр циррозына шалдыққан. Денесінен сары су тоқтамай тамып тұратындықтан, көп қимылдауға да болмайды екен.
«Күйеуім ауруханада жатқан жерінен шығып кетті. Бізге салмақ салғысы келген жоқ. Әрбір жатқан күні пәленбай мың теңге. Қазір үйде жатқанның өзінде дәрі-дәрмек керек. Дәрі тұрмақ ішер асымызды таба алмай отқан бізге өте қиын болып тұр. Әкеміздің де жағдайы жақсарса дейміз. Ауруханада емін алып, ортамызда күліп ойнап отырса екен», - деген Жәмилә күйеуінің ауруханаға жатып, сапалы ем алуына көмек болса екен дейді.
Бұл үйдегі балалардың кішісі беске енді толса, үлкені жиырмада. Оқуға ауысып барып, әкелеріне кезек-кезек қарайласады.
«Өзім таңертең жұмысқа кетерде тамақтарын беріп кетемін. Түсте тағы көруге келемін. Уайымдаймын. Екі жұмыстан алатын ақшам 60 мың теңге. Сол ақшаға да шүкір деп күн көріп келеміз. Ешкімге қол жайғымыз келмейді. Тек үкімет біз секілді жандарға беретін баспанасын тезірек берсе екен деп тілейміз. Үй кезегіне 2007 жылы тұрғанбыз. Әлі 909-шы орында тұрмыз. Ол кезек келемін дегенше әлі қанша жыл күтетінімізді білмеймін», - дейді Астана тұрғыны.
Отбасы қысқа дайын болмаса да, қысылып-қымтырылып күн кешуге мәжбүр.
«Балаларымның үстінде қыстық қалың киімдері де жоқ. Олар да ауырып қалмаса екен деп уайымдаймын. Бірінің киімін екіншілері киеді», - дейді ол.
Отбасына көмек қолын созам деушілерге:
+7 707 346 07 34 (Жәмилә).