28.05.2015, 18:00

Ақтауға Астрахан дәрігерлері келді

Таяуда Ақтау қаласына Астрахан облысының «Көз микрохирургиясы» орталығының білікті мамандары арнайы келді.

Астрахан облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің өңіраралық ынтымақтастық секторының меңгерушісі Нұрбек Шаймаков бастаған делегация құрамында «Көз микрохирургиясы орталығы» ЖШҚ директоры, медицина ғылымының докторы Владислав Колокольцев және осы орталықтың офтальмолог дәрігері Елена Языкова болды.

Ресми сапар аясында Астрахан делегация мүшелері өзара ынтымақтастық меморандумына қол қоюды жоспарлаған. Алғашқы күні Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаев меймандармен кездесіп, облыстық аурухананың құрылымы және жабдықталуын көрсетті. Одан соң Астрахан дәрігерлері Ақтау қалалық №2 емханасында болып, емдеу-сауықтыру мекемесінің қызметімен егжей-тегжейлі танысты.   

Ал ресейлік дәрігерлер өз кезегінде аймақтың офтальмолог-дәрігерлерімен, емдеу мекемелері басшыларымен кеңес өткізіп, келешекте бірлесіп әрекет ету мен тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Нәтижесінде Көз микрохирургиясы орталығы мен Маңғыстау облыстық ауруханасы және орталықтың Ақтау қалалық №2 емханасы ортақ меморандумға қол қойды.

«Көз микрохирургиясы орталығы» ЖШҚ Астрахандағы емдеу-сауықтыру мекемелері арасындағы үздіктер қатарына кіреді. Мұнда көру органының сырқатына шалдыққан ересек пациенттер офтальмологиялық тексеруден өтіп, емделеді. Осындай озық мекеменің мамандары Ақтау дәрігерлерімен өзара қызмет етуі облыстың денсаулық сақтау саласында жақсы нәтижелер әкелері сөзсіз.