Бірнеше күн бұрын Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде істен шыққан лифттен журналист қайтыс болған еді. Содан қорқып қалған тұрғындар әлі күнге дейін жөндеу жүргізбеген пәтер иелері кооперативіне видео-үндеу жолдады. Аталған ролик Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған.
Пәтер тұрғынының айтуынша, ол тұратын үйдегі лифт күн сайын істен шығып қалады екен.
«Құрметті Ақтөбеліктер. Біз Ақтөбе қаласы, Батыс-2 шағынауданы, 6 г үйдің 1 корпус тұрғындарымыз. Мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметкер ретінде КИК компаниясынан алған үйіміздің жағдайына келетін болсақ мынандай. Лифт мүлдем жұмыс жасамайды, электр жарығы сөне береді, бүгін ыстық су жоқ, еден дұрыс жуылмайды лас, ауланың қары қыстай алынған жоқ. Бірақ осының бəріне ай сайын 9700 тг төлеп отырмыз. КСК (Пәтер иелері кооперативі) бастығы Қазиев жəне КИК компаниясы бойынша біздің үйге жауап беретін Байрон Рыскалиевич мырза да, лифт үшін жауап беретін Ушаев Сергей де осы лифт мəселесін шеше алмай отыр. Сонда лифтке мінбесек ай сайын не үшін 500 тг төлеп отырмыз», - дейді видео авторы. Сонымен қатар, бұл үйде үш жылдан бері тұрып келе жатқан ақтөбелік азамат бұзылған лифтте балалардың жиі қалып қоятынын айтады. Лифттің апатты жағдайда тұрғанын бейнежазба арқылы көрсеткен тұрғын енді басшылықтан жауап күтеді.
Еске салсақ, Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының журналисі Айзат Әбдісаматты лифт қысып қалып, қайтыс болған еді. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барлық лифттке тексеру жүргізуді тапсырған болатын.