Алматы қаласының әкімдігі егде адамдарды белсенді өмірге тарту, олардың әлеуетін тиімді пайдалану, ұрпақтар үндестігін қалыптастыру,аға ұрпақты қолдау мақсатында «Белсенді ұзақ өмір» атты Жол картасының жобасын жасады. Бүгін қаланың Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек егде адамдарға жақсы жағдай жасауға бағытталған жоба туралы айтты деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бауыржан Байбек биылғы жылы елімізде ауқымды әлеуметтік реформалар - Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасының қолға алынғандығын атап өтті. Халықтың барлық тобының мүддесін қорғайтын бұл бастама азаматардың өмірін жақсартуға, қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтуға бағытталған. Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму Бағдарламасының басты негізі - әр адамға деген қамқорлық. Аталған Бағдарламаның басты ерекшелігі мұнда жастарға, зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға, яғни адамдардың барлығына тиісті қолдау көрсетіледі.
«Ең алдымен біз әлеуметтік қолдауға зәру жандарға көмек көрсетеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бала бақшалардың ақысы екі есе төмендеді. Алматыда қабылданған Жастарға қолдау көрсету картасы аясында студенттер жатақханасы салынуда, жас отбасылар пәтер алу үшін алғашқы төлемсіз 5%-дық несие алады. Дегенмен, азаматтар арасында қамқорлықты қажет ететін тағы бір топ бар. Олар – бүгінгі күні Алматының 12 пайызын құрайтын егде жандар. ЭЫДҰ мүше елдерде 60 және одан да жоғары жастағылар зейнетақымен шектелмей, толыққанды өмір сүруде. Біздің қарттарымыз да өздерін тың әрі қамқорлықта екендіктерін сезінулері тиіс.Сондықтан биылғы жылды біз Алматыда аға ұрпаққа қолдау көрсету аясында өткізетін боламыз», - деді Бауыржан Байбек.
Денсаулық сақтаудың Бүкіләлемдік ұйымының мәліметтері бойынша зейнеткерлерді белсенді өмірге тарту олардың жақсы өмір сүрулері мен ұзақ жасауларының басты құралы болып табылады. Қазіргі кезде Алматы қаласында 222 мың зейнеткер бар немесе олар жалпы тұрғындардың 12,5% құрайды.
Алматы қаласының әкімдігі егде адамдарды белсенді өмірге тарту, олардың әлеуетін тиімді пайдалану, ұрпақтар үндестігін қалыптастыру, аға ұрпақты қолдау мақсатында «Белсенді ұзақ өмір» атты Жол картасының жобасын жасады. Жобаны жасау барысында жалпы сараптама жүргізілді, халықаралық тәжірибе зерттелді, сарапшылар мен ҮЕҰ-дар тартылды.
Жобаны жүзеге асыру аясында белсенді ұзақ өмір Орталығы құрылады, мұнда кітапхана, ЕДШ-дың фитнес-залы, емдік йога, аэробика, шахмат, тоғызқұмалақ, домино және басқа да залдар жұмыс істейді. Орталықта компьютрлік ағартудың, ағылшын тілінің курстары, мотивациялық семинарлар мен шеберлік сыныптары ашылады. Қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастықта күн сайын тегін заңгерлік, психологиялық, медициналық консультациялар көрсетіледі.