Астанада бес баласымен құлағалы тұрған үйді паналап отқан ананы әкімдік далаға қуып шықты. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі 24/7 тобында Ernur Nurgali есімді желі қолданушысы мәлімдеді. Ол сөзіне дәлел ретінде фото және видеоматериалдар келтірген.
Оның айтуынша, Астана қаласының әкімдігі сотқа Надежда Гаврилинаның үстінен «заңсыз түрде пәтерді басып алған» деген шағым түсірген. Сот әкімдіктің шағымын мақұлдапты. Яғни, енді көпбалалы ана бала-шағасымен бірге далаға қуылады.
– «Бес баланың анасы Надежда Гаврилина заңсыз түрде Чехов көшесіндегі №2 үйдің 13-ші пәтерін басып алған» деп Астана қаласының әкімдігі сотқа шағым түсірген. Сот оны қанағаттандырып, Гаврилиндер отбасына баспанадан шығу туралы шешім шығарған. Ал, сот үйді иесіз деп таныған. Санаға сыймайтын дүние. Күлкің келеді. Астанада иесіз жатқан пәтер түгілі бір шаршы мерт жер табылмайтын шығар. Надежданың айтуына қарағанда, үй күйеуінің қайтыс болған інісінің атында болыпты. Құжаттардың қайда екенін ешкім білмейді. Мұрағатты ашуға әкімдік рұқсат бермеген. Көп балалы ананың сөзін көршілері растап отыр, – деп жазды желі қолданушысы.
Әкімдіктен әділдік іздегенімен Надежда еш көмек әзірге алмапты. Енді бұл ескі, құлағалы тұрған үйден 2 мамырға дейін көшуі керек. Жазба авторының айтуынша, әкімдік көпбалалы анаға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер береміз деп ресми хат жазған екен. Алайда, көп ұзамай «бермейтін болдық» деп, екінші хатын жолдаған.