$ 494.87  520.65  4.91

«Билік неге бізді бұлай жазалап жатыр?» Науқас зейнеткер дәрі ала алмай отқанын айтып жылады

Соңғы бірнеше айдан бері кейбір науқастарға берілетін тегін дәрі-дәрмек елімізде дефицитке айналды. Мемлекеттің ақшасына алынып, тегін таратылуы тиіс препараттарды дәріханалардан іздеп таппайсыз.

Осылайша өзіне қажетті дәрісін таппай, Астананың кешегі дауылында далада қалып қойған әжей мұңын айтып, көзіне жас алды. Зейнеткермен сөйлескен танымал қоғам белсендісі Аида Жексен бұл туралы өзінің Facebook-парақшасына жазған.

«Біздің зейнеткерлер әлемдегі ең бақытсыз адамдар. Олар мемлекеттен тым төмен зейнетақы алғаны өз алдына, Денсаулық сақтау министрлігі оларды қорлаудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Бүгін лифтте көрші әжейді кездестіріп қалдым, үстінің бәрі малмандай су, тісі-тісіне тимей дірілдеп тұр. Мұндай ауа райында неге далаға шығасыз деп сұрап едім, жылап жіберді:

- Қызым, мен емханаға барып келе жатырмын, дәрім таусылып қалған, дәріханада әдеттегідей ол жоқ. Мен гипертоник ретінде тіркеуде тұрған адаммын, бұл дәрілер менің өмірімді құтқарып тұр қазір. Билік бізге дәрі-дәрмекті тегін таратып жатырмыз деп барлық жерде айтып жүр. Ал, шындығында ол дәрілер еш жерде жоқ. Жарты жыл ішінде тек наурыз айында ғана бір-бір қораптан "Короним" мен "Бисопролол" алып үлгердім. Енді күніге дәрі іздеп осылай сандалып жүрмін. Дәріхана сатушысы соңғы рет дәрілердің 9 мамырда болғанын, алайда, 2 күн ішінде түгел таратылып кеткенін айтты. Мен үлгермей қалдым. Егер жедел жәрдем шақырсам оларда да дәрі жоқ, келіп ине егіп кетеді. Айтшы, мына билік бізді неге соншама жазалап жатыр? - деп әжей мұңын шақты.

Мен не жауап берерімді білмедім. Бәлкім Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов білер бұл сұрақтың жауабын. Әжейге түсіндіріп айтыңызшы, дәріге деп бөлінген миллиардтардың қайда жұмсалып жатқанын. Бұл жемқорлық па, әлде дұрыс басқара алмау ма?» – деп жазды Аида Жексен министр Біртановтың атына үндеу жолдап.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары