$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбеде көтеріліске шыққан саудагерлерге базардан орын берілетін болды

Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Ақтөбеде наразылық танытқан саудагерлерге басқа жақтан қосымша сауда орындары берілетінін мәлімдеді деп хабарлады жергілікті агенттіктер.

Астанада брифинг өткізген Ильин қала орталығындағы базар басшылығы барынша пайда табу мақсатымен эвакуация кезінде шығатын орындарға саудагерлерді орналастырып, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғанын айтты.

"Біз аталған нысанды тексеріп, шаруашылық субъектісіне кемшілікті жою туралы ескерту жасадық. Саудагерлердің наразылық танытуына олардың біразының эвакуация кезіде шығатын жолдарға орналастырылуы басты себеп болған. Бұл базар әкімшілігі барынша көп пайда табу үшін эвакуация жолдарын бекітіп, адамдарды орналастырғанын, онысы үшін ақша алып келгенін көрсетеді. Ол өрт қауіпсіздігі ережесіне қайшы келеді" деді Юрий Ильин.

25 мамыр күні Ақтөбедегі орталық базардың ондаған сатушысы наразылық білдіріп, сол маңдағы автокөлік жолдарын жауып тастаған. Саудагерлер базар басшылығының "үш тәулік ішінде орынды босату" туралы талабымен келіспейді.

Сол күні қала әкімдігінде кәсіпкерлермен өткен талқылау барысында орталық базар басшысы Еламан Итеғұлов "өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылғанын" жоққа шығарған. Оның айтуынша, саудагерлер өрт техникасы жүретін жолдар мен өрт жағдайында халықты эвакуация жасайтын жолдардың бойында 10-15 жылдан бері сауда жасап тұр. "Осыған дейін ешқандай проблема туындаған емес" деген базар басшысы.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары