12.06.2018, 10:55

Алматыда жас кәсіпкер мектептің спорт алаңдарына 200 миллионнан астам қаржы бөлді

Алматы қаласының Алмалы және Бостандық аудандарындағы №95 және №40 қалалық мектептерінде екі заманауи стадион салынады. Жас кәсіпкер Ақылбек Аққайыр бұл жобаларға 200 миллионнан астам қаржы бөлді.

Әр стадионда үш футбол, теннис, баскетбол, кроссфит алаңы, сондай-ақ жүгіру жолағы мен жабдықталған киім ауысатын бөлме болады. Қыркүйек айына қарай жұмыс істейтің екі нысанда бір уақытта 200 балаға дейін жаттыға алады.

«Біз бұл құрылыста ең заманауи деген технологияларды пайдаланамыз. Сейсмикалық кедергіге, балалардың қолайлылығына және қауіпсіздігіне басты назар аударылады. Арнайы едені бар көгалдарды сатып алып қойдық. Ол бала құлаған кезде жарақат алмайтын бактерицидтік қасиеттерге ие», – деп түсіндірді «Ақылбек НПО» ЖШС бас директоры Ақылбек Аққайыр.

Жобалар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекет қажетті аумақпен қамтамасыз ететін болса, инвестор нысанды реконструкциялауға және дамытуға қаржы бөледі. Осылайша, мектеп стадионды сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін тегін қолданады, ал қалған уақытта кәсіпкер объектіні шығынды өтеу үшін жеке мекшік ретінде пайдалануға бере алады.

Келісімге сәйкес, инвестор объектіні 10 жыл пайдаланады және келісімшартты ұзарту құқығына ие болады. Содан кейін стадиондар толығымен мемлекеттің меншігіне өтеді.

«Бұл барлық дамыған елдерде қолданылатын өте ыңғайлы механизм. Бюджет оған бір тиын да жұмсамайды, ал мектеп заманауи спорттық инфрақұрылымға ие болып, оқушылар спорпен айналысуға көп қызығатын болады. Жыл басынан бері бізге 70-тен аса кәсіпкерлер келіп, кеңес алып кетті. Олардың 11-і бағдарламаға қатысуға ниет білдірді және МЖӘ жобаларының тізіміне енгізу үшін өтініш берді», – деді МЖӘ Палатасының сарапшысы Асқар Несіпбаев.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ