$ 494.87  520.65  4.91

Моноқала: Мақсаттар мен мiндеттер

Моноқалаларды дамыту – тек өңірлердегі әлеуметтік, экономикалық мәселелердің шешілуіне ғана емес, ең бастысы, өндірістік күштерді орналастыру мәселелерін де шешуге мүмкіндік береді. Моноқалаларды дамыту арқылы тұрақты дамудың үш негізгі мақсатына қол жеткізуге болады: экономиканың тиімділігі, әлеуметтік тепе-теңдік және қоршаған ортаның тұрақтылығы. Себебі Қазақстандағы өндірістік күштер мен еңбек күшінің оннан бірі осы қалаларда орналасқан.

Қазақстанда жоғары деңгейде ұйымдастырылған урбандалған зоналардың болмауы (заманауи қалалық инфрақұрылымдардың шоғырлануы, ақпарат каналдары, елді мекендердегі экологиялық қолайлы өмір т.б.) болашақ ресурстардың, яғни біліктілігі жоғары, мобильді жұмыс күшінің, инновациялық технологиялардың, ақпарат көздерінің шоғырлануына кедергі келтіруде.

Осыған байланысты 2012 жылдың 25 мамырында Үкіметте «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Аталған бағдарлама бойынша, моноқала дегеніміз – бұл бір немесе бірнеше (көп емес) қала құраушы, бір бейінді және шикізаттық бағыттағы қаланың экономикалық және әлеуметтік жағдайын айқындайтын кәсiпорындарда еңбекке жарамды халықтың және өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігі (20 пайыздан астамы) шоғырландырылған қала.

Моноқалалар санатына тұрғындарының саны 10 мыңнан 200 мыңға дейін адамы бар:

қаланың негізінен өңдеу секторының қала құраушы кәсіпорындарының өнеркәсіп өндірісінің көлемі жалпы қалалық өндіріс көлемінің 20 пайыздан астамын құрайтын (мономамандандыру);

қаланың қала құраушы кәсіпорындарында жұмыспен қамтылған халықтың 20 пайыздан астамы жұмыс істейтін;

қала құраушы кәсіпорындары жартылай істейтін немесе мүлдем істемейтін өлшемдердің бірімен сипатталатын қалалар кіреді [1].

Бағдарламаның бір артықшылығы – жүзеге асуы тиіс мерзім аралығында дамытылуы тиіс қалалар санының оңтайлы мөлшері таңдалып алынған. Себебі мұндай қысқа уақыт аралығында республикадағы барлық 87 қаланың дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес болар еді. Моноқалаларды дамыту аймақтардың өзіндік ұйымдастырылуына, ресурстарын тиімді іске асыруына, экономикалық өсу зоналарының қалыптасуына, ұзақ мерзімді дамуда барлық инфрақұрылымдардың жақсаруына жағдай жасайды.

Қазақстандағы өндірістік күштерді шоғырландырудағы ең басты мәселе – елдің аймақтары түрлі деңгейде дамыған, экономикалық, әлеуметтік даму деңгейлеріндені алшақтық күн санап өсуде. Кеңестік дәуірдегі және өтпелі кезеңдегі Қазақстанның аймақтық саясатында теңестіруші қағида басым болды. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық дамуды ынталандыру арқылы аймақтарды теңестіру нәтиже бермейді. Мемлекет емес, бизнес бәсекелік қабілеті бар аймақтарды таңдайды. Өз таңдауында ол масштаб әсеріне (агломерациялар), алшақ емес экономикалық қашықтық (тиімді орналасу), даму кедергілерін азайтатын жақсы институттар, жоғары дамыған адам капиталына сүйенеді [2]. Сондықтан, Моноқалаларды дамыту бағдарламасының басты мақсаты – аймақтардағы экономикалық тіршілікті белсендіру, яғни тек ірі өндіруші ғана емес, өңдеуші шағын және орта бизнестің де аймақтарға баруына жағдай жасау болуы тиіс.

Қазақстанда түрлі бағдарламалар жасауда әлі де ескі жүйенің қалдықтары кездесіп отыратынын мойындауымыз керек. Себебі, еліміздегі шағын қалаларды дамыту әлі де ескі өндіріс түрлерін дамытуға негізделген. Мұны жоғарыда аталған бағдарламадан да көруге болады. Мысалы, бағдарламада өңдеуші сала бойынша 27 моноқаланың тек алтауы дамытылады, олар: химия өнеркәсібі бойынша – Серебрянск, металлургия бойынша – Ақсу, Жезқазған, Сәтпаев, Теміртау, машина жасау бойынша – Степногорск. Және бір моноқала – Курчатов ғылыми-эксперименталдық орталық ретінде танылған. Ал бағдарламаға енген басқа 21 моноқаланың барлығы да өндіруші өнеркәсіп орындары жұмыс істейтін қалалар болып табылады [1].

Атақты американдық әлеуметтанушы Э.Тоффлер өзінің «Үшінші толқын» еңбегінде «Ақпарат пен білім басты стратегиялық ресурстарға айналуда. Бұл, ең біріншіден, өндірістік күштерді аумақтық орналастырудағы күрделі өзгерістерге алып келеді. Егер индустриалдыққа дейінгі дәуірде қалалар сауда жолдарының түйісу нүктелерінде пайда болса, индустриалдық дәуірде – шикізат пен энергия көздері маңында, ал постиндустриалдық дәуірде – ғылыми орталықтар мен ірі зерттеушілік орталықтарының маңында орналасады» [3, 257 б.] деген болатын. Бұған бір дәлел – АҚШ-тағы Кремний алқабы.

Сондықтан, ел аймақтарындағы күрделенген әлеуметтік, экономикалық мәселелердің шешімін табу үшін тек ескі өндіріс түрлерін дамытуға басымдық беру аз, аймақтық қалаларда, әсіресе, шағын қалаларда шын мәнінде инновациялық болып табылатын өнім түрлерін шығаруды және осы талапқа сай адам капиталын аймақтарда қалыптастыруды қазірден қолға алу қажет.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасында бұл мәселе аз қозғалған. Бұл қалалардағы өндіріс орындарында жұмыс істейтін мамандарды даярлаудағы басымдық облыс орталықтарындағы жоғарғы оқу орындарына берілген. Ал моноқалаларда жаңа оқу орнын ашу тек Текелі қаласында (Ағахан университеті) шетелдік демеушілердің көмегімен жүзеге асатын сыңайлы және қай салада маманданатыны әлі белгісіз.

Қазақстандағы моноқалалардың негізгі қордаланған мәселелерін мынадай үш топқа біріктіруге болады:

  1. Экономикалық мәселелер:

Негізгі қала құраушы кәсіпорындардың жұмысының тоқтауы немесе оған қауіп төнуі (өндіруші кәсіпорындардың кен орындарының тозуы, бәсекеге қабілетсіз өнім);

қала экономикасының төмен деңгейде әртараптануы;

қала тұрғындарының қала құраушы кәсіпорындардан жоғары деңгейдегі тәуелділігі;

қала бюджетінің қала құраушы негізгі кәсіпорыннан түсетін салықтардан тәуелді болуы.

  1. Әлеуметтік мәселелер:

жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейінің жоғары болуы (1-сурет);

көптеген моноқалалардағы халықтың табыс деңгейінің төмен болуы;

халық санының азаюы;

әлеуметтік тұрақсыздықтардың өсуі.

  1. Өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдар мәселесі:

инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың тозуы;

моноқалалардың аумағындағы экологиялық мәселелердің ушығуы.

Бір айта кетерлігі, моноқалалардың көпшілігінде жылу және су жүйелері, электр, байланыс желілерінің тозығы жеткен.

Бұл мәселелердің барлығы әр аймақтағы моноқалаларды өз ерекшеліктері бойынша дамыту арқылы шешілуі тиіс. Көріп отырғанымыздай, моноқалалардан халықтың ірі қалаларға қарай көшуі тұрақты жұмыс орнының жоқтығынан, осыған байланысты әлеуметтік жағдайдың өршуінен болып отыр. Тіпті, тұрақты жұмыс жасап тұрған кәсіпорындары бар қалалардың өзінде де халықтың басқа жаққа қоныс аудару тенденциясы байқалады. Бұл, өз кезегінде, осы қалалардағы экологиялық жағдайдың төмендігі мен жұмыс орындарының тозығы жетіп, бүгінгі күн талаптарына сай келмеуімен, сондай-ақ, шет аймақтардағы жалақының төмендігі мен уақытында төленбеуі мәселелерімен түсіндіріледі. Моноқалалардың жағдайын жақсарту үшін тек сол қаланың өзі емес, сонымен қатар, моноқалалар үшін негізгі мәдени және әлеуметтік орталық болып табылатын облыс орталықтары мен негізгі азық-түлік пен жұмыс күшінің көзі болып табылатын елді-мекендерді де дамыту қажет. Әсіресе, соңғыларының даму болашағы ешқандай бағдарламамен толыққанды қарастырылмауда. Моноқалалардың маңындағы елді-мекендер де осы қалалармен бірге дамудың кешенді бағдарламасына қосылса, еліміздің кеңістіктік дамуындағы, өндірістік күштерді тиімді шоғырландырудағы көптеген түйіткілді мәселелер өз шешімін табар еді.

Жұмыс сапарымен Кентау қаласына барған облыс әкiмi А.Мырзахметов берiлген тапсырмалардың орындалу барысы бойынша қала басшысы Ә.Мақұлбаевтың есебiн тыңдады. Кеңейтiлген мәжiлiске облыстық басқарма басшылары, қала әкiмдiгiнiң бөлiм меңгерушiлерi мен ауыл әкiмдерi және өзге де жауапты мамандар қатысты.

Кентау — жаңа жүйемен есеп берiп отырған төртiншi аймақ. Мұнда да қордаланған мәселелер айқындалды. Қала әкiмдiгiне берiлген 161 тапсырманың 34-i өз деңгейiнде орындалмаған. Осы және өзге де шаһар дамуына байланысты жайттарға ерекше тоқталған облыс әкiмi берiлген әр тапсырманың маңыздылығына жеке-дара тоқталып, оны iске асыруда салғырттық танытқан сала басшыларын сынға алды. Әсiресе, жыл сайын қайталанатын мәселелердi азайту, жою, болдырмау жолдарына кеңiнен тоқталды. Бiр мәселенiң жыл сайын қайта көтерiлуi салаға жауапты қызметкерлер жауапкершiлiгiнiң жоқтығынан дейдi өңiр басшысы.

Бюджет қаржысына бой көтерiп, ел игiлiгiне берiлген әрбiр әлеуметтiк нысанның құрылыс сапасына айрықша көңiл бөлген облыс әкiмi ғимараттарды қалыпты жағдайда ұстап тұру үшiн ауыл әкiмдерi мен мектеп директорларына арнайы үлгiде мәлiметтер тiзбегiн толтырып, жергiлiктi әкiмдiкке тапсырып отыруды мiндеттедi. Бұл мәлiметтер әрi қарай аудан, қала әкiмдiктерi тарапынан тиянақты талданып, облыстық басқармалар мен әкiмдiкке жолдануы тиiс. Осындай бiрiздiлiк жүйе арқылы жаңа нысандардың бүгiнгi жағдайын жiтi қадағалап, кемшiлiктердi дер кезiнде жоюға мүмкiндiгi барын қадап айтқан облыс әкiмi әрбiр мемлекеттiк қызметшi бюджет есебiнен салынған нысандарға аса жауапкершiлiкпен қарап, өз дүниесiндей жаны ашуы қажет деп санайды.

Жиында көтерiлген тағы бiр өзектi мәселе Қаратау тәжiне баланған Кентаудың бүгiнгi сәулетi, келбетi жайында болды. Бұл үшiн шағын қаланың кескiн-келбетiн айшықтайтын жоба-жоспарлар айына екi рет өтетiн арнайы кеңесте талқылануы керек деп шешiлдi. Ал, аудан орталықтарын көркейтуге арналған сәулеттiк кеңестер аудан басшылығының қатысуымен аптасына бiр рет өтуi тиiс.  

Экономикасы ауыл шаруашылығына бейiмделген өңiрде бiршама уақыт бұрын мектеп жанынан жылыжайлар салу бастамасы қолға алынған едi. Осы орайда Кентауда бүгiнде 12 жылыжай кешенi жұмыс iстеп, жақсы өнiм берiп отыр. Тиiмдi бастаманы ары қарай жалғастыру мақсатында мектеп қазандықтарының жылу жүйелерiн жылыжайларға пайдалану керектiгi тапсырылды. Осы мәселеге тереңiнен тоқталған А.Мырзахметов «бiрiншiден, мектеп жанындағы осындай кешендер оқушыларға жылыжайларда өнiм өндiрудi плакаттан таныстырмай таза тәжiрибе алаңы ретiнде көкөнiстi баптап, өсiрудi үйретедi. Екiншiден, мектеп асханалары арзан әрi жергiлiктi өнiммен қамтылады. Үшiншiден, дайын өнiмдi өткiзiп, пайда тапқан бiлiм ошағы түскен қаржыны мектептiң түрлi қажетiне жаратады. Сондықтан мектептiң жылу жүйесiн осы жылыжайларға да қолдану маңызды мiндет» дедi.

Әрi қарай ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды сарапқа салған облыс басшысы су көздерiн тиiмдi пайдаланып, шағын су қоймаларын салу мәселесiне тоқталды. Бұл өз кезегiнде суармалы жерлердiң көлемiн ұлғайтуға сеп болмақ.

Шалғайдағы елдi мекендерде жалғыз күнкөрiс көзi — мал шаруашылығы. Осыған көңiл бөлген облыс әкiмi Кентауда шағын мал бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларын ашуда бiрыңғай СТК жүйесiн қалыптастырудағы ұйымдастыру жұмыстарының төмен деңгейде қалып отырғандығына қынжылыс бiлдiрдi. А.Мырзахметов осы мiндеттi тиiмдi ұйымдастыра алмаған тұлғалардың жауапкершiлiгiн қарауды жүктедi. Биыл облыста осы мақсатқа 7,3 млрд. теңге қаржы қаралған. Бөлiнген қомақты қаражаттан өз iсiмдi ашамын деп өтiнiш бiлдiргендердiң арасында кентаулық шаруалардың да саны көп. Алайда, оны ұйымдастыру iсi кемшiн түсiп жатыр. Бұл билiк тарапынан тұрғындар арасында түсiндiру жұмыстарының өз деңгейiнде жүргiзiлмегенiн айғақтайды. Қолынан iс келетiн шаруаларға жер беруде де жүйелi тiрлiк қолға алынбай отыр. Осы мiндеттерге кеңiнен тоқталған өңiр басшысы ұйымдастырушылық жұмыстарды жандандыруды және жердi аукционға шығаруда жан-жақты жариялылықты қамтамасыз етудi тапсырды.

Қаратау баурайында орналасқан Кентау ағын судан таршылық көрмейтiн шаһар санатында. Мұндағы екi өзеннiң әлеуетiн ұтымды пайдалану күн тәртiбiндегi мәселе. Осы орайда бұл аймақта балық шаруашылығын дамытуға арналған iс-шара жоспары дұрыс жүйеленбегенi кеңейтiлген жиында айтылды. Сондықтан уақыт оздырмай пилоттық жоба ретiнде балық өсiру жобасын қолға алуды тапсырды. Осылайша салалардағы жұмыстарды тереңiнен талқылаған өңiр басшысы әр мәселенiң өзегi мен жасалу жүйесiн түсiндiрiп, қызметтiк мiндеттерiне салғырт қарағандарға шара көрдi.

Сапар соңында А.Мырзахметов қала орталығындағы моноқала бағдарламасы аясында грант қаржысына салынған заманауи спорт кешенiнде болып, бес қабатты екi жатақханада жүргiзiлетiн жаңғырту жұмыстарының жөн-жобасымен танысты. Кезiнде жекенiң қолына өтiп кеткен жатақхананы коммуналдық меншiкке қайтару барысында ғимарат иелерi оны 120 млн. теңгеге бағалаған едi. Әкiмдiк жүргiзген келiсiмнiң нәтижесiнде қос нысанның құны 80 млн. теңгеге түсiрiлiп, мемлекет меншiгiне алынды. Алдағы уақытта бұл ғимараттар жөндеуден өткiзiлiп, тұрғын үй кезегiнде тұрған азаматтарға берiлмек.

Өңiр басшысы А.Мырзахметовтiң төрағалығымен аппараттық мәжiлiс өтiп, онда облыс әкiмi бас инспекторлары мен аппараттағы бөлiм басшыларының алты айда атқарған жұмыстары сараланып, алдағы уақытта атқарар мiндеттерi айқындалды.

Облыс басшысы аппараттың жұмысын одан әрi жүйелендiру мақсатында мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiктiлiгiн арттыру, олардың құқықтық кәсiбилiгiн жетiлдiру басты мiндет деп атап өттi. Осы орайда облыс әкiмi аппараты өңiрде бесаспап мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау орталығы болуы керектiгiне айрықша назар аударды. Айқындалған мiндеттерге қол жеткiзуде бас инспекторлардың айына екi рет өздерiне бекiтiлген аудан, қалаларға шығып, жергiлiктi жердегi өзектi мәселелердi талдап-таразылауы, түйiнi тарқатылмаған күрмеулi мәселелердiң шешу жолдарын ұсынуы, тұрғындардың талап-тiлегiне сергек қарап, тиiстi шараларды қолға алуы керектiгi аталған жиында кеңiнен сөз болды.

Одан бөлек, аппараттағы кадрлық құрамның сапасын арттыру бағытында қызметтiк мiндеттердi оңтайландыру, аттестаттау жүйесiн ендiру, тағы басқа жұмыс тиiмдiлiгiн арттыруды көздейтiн өзектi талаптар жүктелдi.

Үкімет 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасының жобасын қабылдаған болатын.

Аталған құжатты бүгін Министрлер кабинетінің отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев таныстырғаны белгілі.

Оның атап өтуінше, бағдарлама жобасы облыс әкімдерінің орынбасарлары және моноқалалар әкімдерінің қатысуымен Теміртау қаласында өткен семинар-кеңесте талқыланып, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді.

«Бағдарламаның мақсаты орта және ұзақмерзімді перспективада моноқалалардың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болып табылады»,-деп атап өтті министр. 
Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, құжатты тиімді іске асыру мақсатында моноқалалардың проблемаларын шешу критерийлеріне сәйкес, оларды жоғары, орта және төмен экономикалық әлеуеті бар топтарға бөлу жолымен сараланған тәсіл қолдану қарастырылған.

«Жалпы бағдарламаны іске асыру үшін 3 жылдық мерзімге атап айтқанда, 2013 жылы - 38,2 млрд., 2014 жылы - 43,2 млрд. және 2015 жылы 53,9 млрд. теңге қаражат қарастырылған»,-деді Б. Сағынтаев.

Бағдарлама жобасы Үкімет мүшелері тарапынан қолдау тапты

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары