Елбасы Жолдаулары мемлекетіміздің алдағы дамуы мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған, елдің келешекке бойын түзейтін даму жоспарлары. Жолдаулардың жалғасы ретінде үстіміздегі жылдың 5 мамыры күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы ел алдындағы күрделі мәселелерді шешуді тапсырды және осы кездесуде Қазақ елінің жарқын да, айқын болашағына бағытталған «100 нақты қадамын» жария етті. Бұл 100 нақты қадам – қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негізделген құжат.
Елбасы ұсынған кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім бағыты, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру сынды бес институттық реформаны жүйелі жүзеге асыру тұрғысында жарияланған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға, әрі күрделі кезеңнен сенімді өтуіне жол ашады.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасын жүзеге асыру мақсатында 15 нақты қадам белгіленді. Ондағы негізгі мәселелерге тоқталатын болсақ, сала мамандарын іріктеудің тәртібін күшейту, мемлекеттік қызметке қабылдаудың төменгі лауазымдардан басталуы, барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты «Мемлекеттік қызмет» туралы жаңа заң қабылдау және осы заң қабылданғаннан кейін жалақыларды қызметтік нәтижеге байланысты өсіру, барлық мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу мәселелері нақтыланған.
Бұл тұста, шетелдердің озық тәжірибесі негізге алынғаны белгілі. Бұл – ел ішіндегі мемлекеттік қызметке деген азаматтардың сенімін беріктеуге бағытталған шара.
Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау қарастырылған. Сонымен қатар, этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу, жегі құртқа айналған жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу мен сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру мәселелері де атап көрсетіліп отыр.
Атап өтер мәселе, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда, жемқорлықпен күресуде көш ілгері тұр. Баянды тәуелсіздіктің бақытын сақтау осылайша жүзеге асырылуда. Егемен елімізді ғасырлардан ғасырларға жетелейтін күш, әрине, бұл тәуелсіздігіміз бен бірлігіміз, сыбайлас жемқорлықсыз қоғам мен мемлекеттік қызметкерлердің өз қызметтеріне деген нық сенімі, олардың этикасы.
Заңның үстемдігін қамтамасыз ету реформасын жүзеге асыру бағытында 19 жаңалық енгізілген. Мәселен, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, қолданыстағы бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу, соттарды іріктеу тетіктерін жаңарту жайы атап көрсетілген.
Әділ сот төрелігін қарапайым халыққа да, инвесторлар мен бизнес үшін де қолжетімді ететін Жоғарғы Сотта инвестициялық алқа құрылады. Бұл реформа аясында болашақ судьялардың салада кемінде 5 жылдық еңбек өтілі болуы талап етіледі. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Бір жылдық тағылымдамадан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді.
Халықтың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдетіп, судьялыққа үміткерлерді іріктеуде біліктілік талаптарын қатайту қажеттігі алға тартылады. Сонымен қатар, олардың есеп беру тәртібін күшейту атап айтылып, айрықша тапсырылды. Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурорлардың қатысуын қысқарту да сөз болды. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру тапсырылды.
Сондай-ақ, этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі атап көрсетілді.
Аталған мәселелер әділ сот төрелігін жүзеге асырудағы шешім қабылдайтын, даулы мәселелер мен адам тағдырын шешетін әрбір судьяның өз мандатына толық сай болуын, сот қызметінің және құқық бұзушылықпен күресудегі полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді, осылайша өз кезегінде халықтың құқық қорғау органдары мен сот билігіне деген сенімі нығаяды.
Әр үкімнің мемлекет атынан шығарылуы, оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап ететінін ескерсек, аталған жаңғыртулардың барлығы уақыт өте келе сот қызметінің өлшемін биік дәрежеге жетелейтіні сөзсіз.
Еліміздегі біртектілік және бірлікті одан әрі нығайту мақсатында 5 қадам орындалуы қажет. Бұл салада ұлттық құндылықтар ұдайы дәріптеліп, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы жүзеге асырылады. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік Ел құндылықтары енгізіледі.
Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Татулық, бірлік, келісім – ең асыл іс. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді. Сол жылдары егемендігін енді алған жас мемлекетіміз үшін алдымен экономикамызды көтеру басты мақсат болып табылғаны рас. Бірақ бұл мақсатқа бірліксіз, ынтымақсыз қол жеткізу мүмкін емес еді.
Экономикалық дамумен қатар, еліміздегі татулықтың тамырын тереңдету Мемлекет басшысының негізгі ұстанымы. Осыған орай, Елбасы бастамасымен 1995 жылдың 1 наурызында тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстан халқының Ассамблеясы» атты жаңа институт құрылды.
«Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дейтін даналықтың шындығына бүгінде бәріміздің көзіміз жетіп отыр», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, бүгінде мемлекетімізде ұлттар достығы берік сақталып келеді.
Президент Жарлығымен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Бұл – еліміздегі ұлттар достығын, татулық пен бірлікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл маңызды қадам «нақты 100 қадаммен» әрі қарай ұштасып, жалғасын таппақ.
Бесінші бағытта 10 нақты қадам орындалады. Бұл бағыттың басты көздегені – есеп беретін мемлекет қалыптастыру. Мемлекеттік орталық органдардың статистикалық база мәліметтеріне онлайн-қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс. Атап өтетін тағы бір жайт, шалғайдағы шағын елді мекендерде жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі.
Транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекет құру мақсатында «Азаматтар үшін Үкімет» деп аталатын мемлекеттік корпорация құрылады. Сөйтіп, халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтар бір жүйеге топтастырылады. Бұл – тағы да сол ауылдар мен елді мекендерді одан әрі дамыту деген сөз. Әр елді мекенге дербес бюджет енгізу арқылы сол ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жаңғырта отырып жақсарту көзделеді.
«100 нақты қадам» – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, елді оза шаптыруға, дана халықтан құралатын дара мемлекеттің іргетасын одан әрі бекемдей түсуге бағытталған. Бұл жоспар – осындай маңыздылығымен, өзіндік құндылығымен ерекше.
Бұл – халық пен биліктің психологиясын өзгертуге бағытталған жұмыс. Мұндағы мақсат –әрине біреу. Мемлекетті әлемнің озық отыз елінің қатарына қосу. Дамыған отыз елдің қатарына жас Қазақстан өзіндік салиқалы саясатымен, мызғымас бірлігімен, жаңартылған озық тетіктерімен, жақсартылған әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалымен ғана ене алатыны сөзсіз.
Демек, осы мақсат-мұраттарымызға жету үшін егемендігіміз бен бірлігімізді қорғай отырып, жоспарда көзделген нақты 100 қадамды жүзеге асырып, өркениетке бет түзейік!
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 6 мамырдағы үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институционалдық реформаны жүзеге асыратын 100 нақты қадамды белгіледі. Елбасының 5 институционалдық реформасын іске асырудағы ұлтымыздың қадамдық жоспары баспасөзде жарияланды. «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. «100 нақты қадам» елімізге «2050-Стратегиясын» жүзеге асыру мен мемлекеттілігімізді нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты – «аурудың сыртқы белгісін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды», – делінген жарияланымда.
Жоспардың негізіне бес институционалдық реформа кірді: кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Бірінші реформа аясында мемлекеттік қызметке қабылдау дәстүрін жаңғырту қарастырылған. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы қызметінің нәтижесіне қарай өсіп отырады. Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу тәртібі енгізіледі. Мемлекеттік қызметкер үшін – жеке жылдық жоспарды орындау; мемлекеттік мекеме үшін – стратегиялық жоспарды орындау; министрлер мен әкімдер үшін – мемлекеттік қызмет сапасының арнайы индикаторы, өмір сүру сапасы, инвестиция тарту; Үкімет мүшелері үшін – интегралдық макроэкономикалық индикатор. Сондай-ақ мемлекеттік қызметті ашық және бәсекеге қабілетті жүйеге айналдыру үшін шетелдік менеджер, жекеменшік сектордың жекелеген маманы, халықаралық ұйымның қызметшісі болып табылатын еліміздің азаматы мемлекеттік қызметке жіберіледі. Үшіншіден, мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексі жасалады. Әдеп (этика) мәселесі жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымы енгізіледі. Осылардың барлығы «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңнан көрініс табады.
Екінші реформа бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшуді көздейді. Бұл жерде судья лауазымына үміткерге қойылатын біліктілік талабы қатайтылады. Міндетті талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Судьялыққа үміткер сотта стипендия төленетін 1 жылдық тағылымдамадан өтеді. Одан кейін 1 жылдық сынақ мерзімінен сүрінбеуге тиіс. Судьялардың жаңа этикалық кодексі жасалады. Соның негізінде азаматтар судьяның әрекеті бойынша Жоғарғы соттың жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алады. Сондай-ақ барлық сот процесіне бейне және таспаға жазу міндетті түрде енгізіледі. Судьяның бейнежазбаны тоқтатуға немесе дыбысжазбаны редакциялауға мүмкіндігі болмайды. Сонымен қатар Жоғарғы сотта ірі инвестор қатысатын дауды қарау үшін инвестициялық алқа құрылады. Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында AIFC халықаралық арбитраждық орталығы ашылады. Осы реформа аясында құқық қорғау органының қызметкерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу мәселесі қарастырылған. Жергілікті атқарушы орган мен халыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Бұл полицияның өкілеттігі қоғамдық тәртіпті қорғауға, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұруға, жол қатынасын бақылауға, ұсақ қылмысқа төзбеуге негізделеді. Ал әдепті бұзған полицейлердің іс-қимылын қоғамдық кеңес қарайды. Әрі мұндай кеңестің мәртебесі мен өкілеттілігі заңмен бекітіледі.
Еліміздегі индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыратын үшінші реформаға сәйкес, стратегиялық инвесторды ауыл шаруашылығы салаларына тарту жоспарланған. Бұл бағытта сүт және сүт өнімдері, ет өндірісіне ерекше көңіл бөлінеді. Негізгі міндет – үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімнің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету. Жұмыс ауылда кооперативтік өндірісті дамыту арқылы жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla үлгісімен ұйымдастырылады. Ауыл шаруашылығындағы бос жатқан жерді тиімді пайдалану үшін нарықтық айналымға беріледі. Бұл үшін Жер кодексіне және басқа да заңға өзгеріс енгізіледі. Сондай-ақ еліміз қосымша құн салығын (ҚҚС) шегеріп, құрылыстағы жаңа стандартқа көшеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚҚС орнына өнімді сатудан салық алуды енгізу мәселесін жан-жақты зерттеуді тапсырды. Елбасы «Бізде қазір ҚҚС басқа салықтан басым болып кетті. Күрделі, күңгірт ҚҚС орнына жанама салық енгізсек, ұтатынымыз анық», – деді. Сонымен қатар құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы («30-20-10») қағидаты енгізілмек. Бірінші саты – сәулеттік жобалауға тапсырма беру өтініш түскен күннен кейін 30 күнде жүзеге асырылады. Екінші саты – үлгі жобаны мақұлдау – 20 күнге дейін, үшінші – рұқсаттың өзі 10 күн ішінде беріледі. Тағы бір жаңалық – кеңес кезеңінен бері қолданылатын құрылыстағы ескірген норма мен ереженің орнына еурокод жүйесі енгізіледі. Мұнымен қоса, ТМД және Батыс, Орталық Азия елдерін қамтитын Астана халықаралық қаржы орталығының заңды мәртебесі Конституцияда бекітіледі. Болашақта Қазақстанның қаржы хабы әлемдегі 20 алдыңғы қатарлы қаржы орталығының қатарына енуге тиіс.
Төртінші реформа барша отандастарымыздың біртектілігін нығайтып, азаматтық қоғамның тұтастығын қалыптастыруға жағдай туғызады. Бұл бағыттағы нақты қадамға «Мәңгілік ел» патриоттық актісі, «Менің елім» ұлттық жобасы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасы және т.б. жатады. Мысалы, «Менің елім» ұлттық жобасы аясында «Қазақстан энциклопедиясы» атты кең көлемдегі ғаламтор жобасы құрылады. Басты мақсат – әр азаматқа, шетелдік саяхатшыға еліміз туралы көбірек мәлімет беруге көмектесу. Портал бір есептен еліміздің «сапарнама карточкасына», ұлттық жол көрсетушісіне, лайықты азаматтың құрмет тақтасына және виртуалды хабарласу тұғырнамасына айналады. Сонымен қатар орта мектептегі білім беру бағдарламасына «Мәңгілік ел» құндылығы енгізіледі.
Бесінші реформа есеп беретін мемлекетті қалыптастыруды мақсат етеді. Алдағы жылдан бастап мемлекеттік мекеме басшысы халық алдында стратегиялық жоспар және аумақтық даму бағдарламасының маңызды көрсеткіші туралы жыл сайын ашық баяндама жасайды. Және олардың есебі ресми веб-сайтта орналастырылады. Ұлттық жоғары оқу орын жетекшісі де өз қызметі туралы жыл сайын есеп береді. Орталық мемлекеттік мекеменің статистикалық базасы мәліметіне онлайн-қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Республикалық және жергілікті бюджеттің орындалуы туралы есеп ашық жарияланады. Округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі. «Ашық үкіметті» құру үшін ақпаратқа қолжетімділік туралы заң әзірленеді. Ол заң мемлекеттік мекеме иелігіндегі тек мемлекеттік құпия мен заңмен қорғалатын ақпараттан басқа кез келген ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centrelink үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады. Бұл корпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықты бір жүйеге тоғыстырады.
Ел Президенті жанынан құрамы отандық және шетелдік сарапшыдан тұратын, бес жұмыс тобынан жасақталған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осы комиссия бес институционалдық реформаны кезең-кезеңмен орындауды келісілген басқару тәртібі бойынша жүзеге асырады. Ұлттық комиссия тұжырымдамалық шешім қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындайды. Оның ұсынысын Елбасы бекітеді. Бекітілген шешімді орындау үшін жедел түрде Парламент тарапынан заң, үкімет тарапынан қаулы қабылданады.
Қазіргі жаһандық деңгейде елдер бірлесе әрекетке көшіп, әлемдік нарық үшін бәсекеге барынша қабілетті болуға ұмтылуда. Еліміз де бұл үдерістен қалыс қалмады. Соның жарқын көрінісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институттық реформа және оны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары Қазақстан Республикасын дамыған мемлекеттердің отыздығына кіргізу жөніндегі бас жоспар болып табылады. Аталған жоспар ашық қоғам қалыптастыру арқылы мемлекеттік жүйені барынша оңтайлы етуге бағытталған. Мемлекет басшысы қабылдап келе жатқан тағдыршешті шешімдердің арқасында бұл жұмыстар да ұтымды қолға алынуда. Бұл ретте, Қазақстан Парламенті Елбасының жүктеген міндеттерін заңнамалық қамтамасыз етуге кірісіп те кетті. Сондықтан да, алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында мемлекеттік қызметті дамытудың мынадай басымдықтары айқындалған: мемлекеттік кадр құрамын сапа жағынан жақсарту, іріктеу мен кәсіби дайындық әдістемелерін жетілдіру; «А» корпусының білікті басқарушыларының қағидатты жаңа буынын қалыптастыру; меритократия қағидасын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту. Бұл ретте, әкімшілік реформаның екінші кезеңіндегі соңғы мақсат халыққа және мемлкетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіби мемлекеттік аппарат құру көзделген. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы халыққа Жолдауында: «Бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады», дегенді баса атап кеткен-ді. Соның бедерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның алғашқы 15-і кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналғандығы заңды. Өйткені, кәсіби мемлекеттік аппарат құру бүгінгі таңда ерекше маңызға ие. Олай болса, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысын барынша ашық ету мақсатында оған қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін, ақсақалдар алқасы мүшелерін және өзге де қызығушылық танытқан жақтарды қатыстыру орынды болар еді. Бұл өз кезегінде әділеттілік қағидасының сақталуына, қоғамды мазалап отырған шешімдердің дұрыс қабылдануына өзінің оң ықпалын беретіні айтпаса да түсінікті.
Ал енді мемлекеттік қызметке қабылдау жайын айтар болсақ, ол төменгі лауазымдардан басталуы тиіс деген қадам уақыт талабынан туындап отырғаны белгілі. Бұған дейін министрліктерге өмірлік тәжірибесі жоқ жастар келіп, депутаттардың қойған өткір сұрақтарына күмілжіп жауап таба алмай қиналатын. Бұл олардың сатылап емес, секіріп өскендігін көрсететін. Соның салдарынан білікті мамандар амалсыз ығысып, мемлекеттік мекемедегі жұмыс ақсап жататыны айтпаса да түсінікті. Білікті басшы ешқашан білімді кадрын далаға тастамас еді. Сол төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттері негізінде жүзеге асырылуы керек және де үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу өте орынды. Сол іріктеулер барысында мемлекеттік қызметшіге үміткердің іскерлігі ғана емес, оның айналасындағыларға құрметі мен ізеті де жан-жақты саралануы тиіс. Елбасы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің алдын ала қорытындыларына арналған кеңесте сыбайлас жемқорлықты болдырмауға ықпал ететін фактор ретінде мемлекеттік қызметшілердің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуі керектігін жеткізуінің астарында осындай үлкен салмақ жатыр. Өйткені, мемлекеттік қызметшінің бет-бейнесі мен жүріс-тұрысы мемлекеттің айнасы екенін қаперден шығармаған жөн. Сондықтан да, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар қатаң әрі оларға деген құрмет те жоғары болғаны абзал. Сонда ғана белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болмақ.
Транспарентті және есеп беруші мемлекет құру негізгі реформалардың бірі болып саналады. Елбасы атап кеткендей, сондықтан да мемлекеттік биліктің ашықтығын қамтамасыз ету, оның халықпен өзара іс-қимыл қағидаттарын азаматтардың мұқтаждықтарын қанағаттандыру мәселесіне мейлінше кәсіби тұрғыдан қарауды қамтамасыз ету үшін қайта қалыптау қажет. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін барынша арттыру көзделуде. Реті келгенде, аталған құрылымның посткеңестік кеңістікте алғаш рет біздің елімізде дүниеге келгенін орнымен атап кеткен жөн. Мемлекеттік қызметті халыққа жақын ету мен жемқорлық әрекеттердің алдын алу мақсатында құрылған бұл агенттік кадрларды іріктеуде тиімді тетіктерді жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік қызметшілерді барынша халыққа жақын ету мақсатында бұған дейін «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң және Мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі қабылданғанын айта кету керек. Тіпті, 23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні ретінде бекітіп, осы қызмет беделін барынша арттыруға күш салынуда.
Әйтсе де, кемшіліктер де жоқ емес. Бұл тұрғыда, Елбасы бірқатар кемшіліктерді атап көрсетті. Мемлекеттік қызметтегі кәсібиліктің әлі де өз деңгейінде болмауы қынжылтады. Әрине, оған тиісті кадрларды іріктеудің әлі де жетілдірілмегені, білім беру деңгейінің төмендігі мен басқарушылық машықтың жолға қойылмағандығы кері әсерін беруде. Германия мен Жапонияда мемлекеттік қызметке тек төменгі лауазымдарға ғана алынатындығы бізге де үлгі бола алады. Төменгі лауазымдағы жайғасқан адам өзін көрсете білсе, саты бойынша жоғарылай береді. Оның үстіне, сол Германияда әрбір лауазым иесінің жалақысы атқаратын жұмысы мен көлеміне қарай нақты көрсетілген. Англосаксондық құқықтық типті елдерге жататын АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Жаңа Зеландия сияқты елдерде де лауазымға таңдау ашық конкурс арқылы жүргізілетінін айта кету керек. Бұл елдерде де қоғамдық бақылау жолға қойылып, ашықтық қағидаты сақталған. Сондықтан да, мемлекеттік қызметтің барлық позициясының (төменгі, орта және жоғарғы) ашық болуы қағидаты енгізілген. Қазақстан да өз тарапынан мемлекеттік қызметшіні таңдауда халықаралық тәжірибені ескере отырып, барынша ұтымды тетіктерді қолдануды қолға алып келеді.
Кадрларды іріктеуде ең алдымен оқу орындарында білім алып жүрген дарынды да талапты жастарды таңдап алып, олардың біліктілігін арттыру үшін мемлекеттік органдарда шыңдау мәселесі әлі шешімін таппауда. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын дарынды да жалынды жастардың қабілеті ескерусіз қалып келеді. «Болашақ» бағдарламасымен шетелдердің озық оқу орындарында білімін ұштап қайтқан жастардың талғамы елдің ішіндегі қалыптасқан жағдаймен қабыспай жатады. Сондықтан да, көптеген талапты да талантты жастар өз қабілеттерін паш ететін орын таппай сенделуде. Мардымсыз жалақыға жұмыс істегісі келмейтін олар өз бақтарын жеке сектордан табуға талпынады. Оның үстіне, «командалық» ауыс-түйістер жастардың бір орында тұрақтап, сол мамандықты барынша ұштауға мүмкіндік бермей келе жатқаны да беті ашық әңгіме. Мемлекеттік қызметке қабылданар кезде де тамыр-таныстыққа жол беріледі деген сыбыстардың «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайдының» керін білдірерін қаперге алсақ, әлі де жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың бар екенін несіне жасырамыз.
Президент үнемі сынға алып келе жатқан орынсыз шығындарға жол беру де әлі тыйылмай отыр. Мемлекет есебінен дастарқан жаю немесе қызметтік көліктерді өз мақсатында орынсыз пайдалану мәселелеріне көзді жұмып қарайтын болдық. Барлығы да осындай ұсақ-түйек сияқты жайттардан басталарын ескерсек, қоғамдық бақылау арқылы сол келеңсіздіктерге жол бермеуіміз керек. Мысалы, Қытайда мемлекет есебінен дастарқан жаю немесе қызмет көлігін пайдалану сияқты келеңсіздіктері үшін шенеуніктер қатаң жауапкершілікке тартылады. Мұндай үрдіс әлемнің көптеген елдерінде қалыптасқандығын ескерсек, Қазақстанда да бұл қатаң қадағалануы тиіс. Сол Аспанасты елінде қызметке алынатын адамды сынақтан өткізген кезде оның аты-жөнін не комиссия мүшелері, не алушы мекеме білмейді екен. Бұл – сынақ алу кезінде ықпал ету тетіктерін жоққа шығарады деген сөз. Демек, бізде де кадр таңдауда Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің базасында бір ұтымды жүйенің болғаны жөн.
Елбасының мемлекеттің барлық институттарын жаңғырту жөніндегі Елбасының бес институттық реформасының маңызын айтар болсақ, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы сол кәсіби мемлекеттік аппарат жұмысымен тығыз байланысты. Жергілікті жерлерде кәсіби мемлекеттік аппарат жақсы жұмыс істейтін болса, онда арыз-шағымдар орталыққа ағылмас еді. Барлық мәселелер жергілікті жерлерде шешімін тауып, тұрғындардың уақыттары мен қаржысын тиімді жұмсауына жол ашар еді. Осы ретте, мемлекеттік қызметшінің жеке жоспарларды орындамағаны үшін жауапкершілікті енгізу және оның жұмысына автоматтандырылатын баға беру көңілге сенім ұялатады. Әйтсе де, лауазым иесінің жұмысын бағалауда тиімді тетік қарастырған жөн. Сондай-ақ, шенеуніктердің жұмысын бағалайтын тетіктерді енгізумен қатар, олардың әлеуметтік және өзге де жеңілдіктермен қамтамасыз етілуін жан-жақты қарастырғанымыз қажет.
Мысалы, Германияда мемлекеттік қызметшіге көрсетілер құрмет ерекше. Атап айтқанда, мұнда «Тұрақты мемлекеттік қызметші» деген мәртебе бар. Ондай мәртебені алу қиын, егер оған қол жеткізген жағдайда мемлекеттік қызметшіге барлық жеңілдіктер қарастырылып, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі екен. Оның демалысы мен емделуі де соның ішінде екенін айта кеткен жөн. Бұл мәртебеге қол жеткізген адам зейнеткерлікке мемлекеттік қызметінен шығуға тырысады. Себебі, мемлекеттік қызметкерлердің зейнетақы мәселесі оңтайлы шешімін тапқан. Жалпы алғанда, өркениетті елдерде мемлекеттік қызметшінің сыбайластыққа онша бара бермейтіні де сондықтан. Оның үстіне, қоғамдық бақылаудың күштілігі сол, бұл елдерде артық қаржы лауазым иесіне ыңғайсыз сұрақтардың қойылуына алып келуі мүмкін. Олай болса мемлекеттік қызметші өзін сыбайластық әркеттерден аулақ ұстауға ұмтылады.
Қазақстанда да қазір мемлекеттік қызметшінің беделін арттыратын жолдар қарастырылуда. Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу – осының жарқын көрінісі. Бұл аталған жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге және меритократия қағидатын барынша сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға жұмысқа кірген кезде үміткерлерге деген біліктілік талаптары да арта түсетіні белгілі. Жеке жоспарларды орындамағаны үшін тікелей жауапкершілік енгізіліп, жоспар орындамағаны, алға қойылған міндеттерге қол жеткізбегені үшін қызметшілерді жұмыстан шығару мәселесі де өткір қойылуда. Мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалау үшін автоматтандырылған жүйенің енгізілуі құптарлық деп санаймыз. Өйткені, қазір көптеген мекемелерде үш-төрт белсенді мемлекеттік қызметші жұмыс істесе, кейбіреулері бір қағазбен шұқыланып жүріп алады. Оны Елбасының өзі де талай айтып, ескертті де. Егер мемлекеттік қызметші өзіне белгіленіп берген жоспарларды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатын болса, онда ол ешқашан мұндай немқұрайдылыққа бармас еді.
Оның үстіне, әрбір мемлекеттік қызметшінің еңбегіне қарай ақы төленуі тиіс деген талап көтеріле бастады. Бұл жерде жалақы жұмыс ауқымына қарай төленсе, онда мемлекеттік қызметші өз жұмысына барынша ұқыпты қарап, баяғыдай шығарыпсалма көзқарастардан мейлінше тазарар едік. Бұған қоса мемлекеттік қызметті барынша тартымды ету бағытына да күш салынуы тиіс. Сонда ғана әркім өз жұмыс орнын қадірлейтін болады. Өйтпеген жағдайда сырттан келіп сол мансапқа жайғасатындардың қатары да мол болмақ.
Қорыта айтқанда, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы мемлекеттік қызметті барынша оңтайлы етуге бағытталған. Өйткені, елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңінде бұл өте қажеттілікке айналып отыр. Индустрияландыру бағдарламасының аясында елімізде 770 жоба іске қосылса, соның ішінде 200 жобаның өндірістік қуаты әлі де толық пайдаланылмай келеді. Міне, осындайда білікті кадрлар қажеттігі анық байқалады. Қазіргі әлемдік экономиканың күрделі ахуалды бастан кешіріп отырғанын ескерсек, халықаралық жағдайды бағамдай алатын және ұтымды шешім шығаратын кәсіби мемлекеттік аппараттың қажеттігі еш күмән туғызбайды. Сонымен қатар, әзірленіп жатқан «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасында осының барлығы көрініс табуы тиіс. Реформаның маңызы да осында.
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері елдің ертеңі, ұлттың болашағы, ұрпақтың келешегі деген басты бағдар бір сәт те күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Мұның бәрінің басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Жасалған реформалар, жүргізілген қыруар жұмыстар жағаласқан жаһандану тұсында тұсалған аттай кібіртіктемей, қадамды ашып, қарыштап, ілгері басты. Ол тиянақты ізденістерге ұштасты.
Соның әдемі бір нәтижесі елдігімізді танытып, береке-бірлігімізді көрсетіп, жұдырықтай жұмылып, осыдан бірер айдың алдында президенттік сайлау өткіздік. Бұл төрткүл дүниеге Қазақ елінің абырой-беделін көрсетумен қатар, келешегінің кемел екенін дәйектеді. Енді, міне, алда атқарар бағдарлар белгілеп, соған жұмыс істеп жатырмыз. Мұның бастысы, тіпті ғасыр жобасы деуге тұрарлық Елбасының «100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» деген Ұлт жоспары еді.
Мемлекет басшысы Президент лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде асуы мол, бірақ атқарылуы керек мақсат-міндеттерді алға тартқан еді. Бұл міндеттер «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2030» Стратегиясынан, «Нұрлы Жол» бағдарламасынан бастау алды.
Елбасы 5 реформа бойынша 100 нақты қадаммен жаһандық, ішкі-сыртқы қатерлерге төтеп беріп, 30 дамыған елдің қатарына қосылуды алға тартты. Оның біріншісі, 10-15 жылда атқарылатын ұлттық міндет еді. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мен реформа жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын», деген болатын.
Көп кешікпей сол жұмысқа ұйытқы болатын Ұлттық комиссия құрылды. «100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты жоспар жарияланды. Енді сол нақты қадамдарға көз жүгіртер болсақ, оның біріншісі: «Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс», деп келеді. Шынында, мемлекеттік қызметке төменнен қабылдау өте тиімді деп білемін. Себебі, көктен түскендей болмай, өмірдің өткелінен өтіп, іс тетігін төменнен меңгеріп, алған білімді тәжірибе үстінде шыңдап шынығып барып, биіктеу өз нәтижесін береді. Яғни, табаныңмен тас басып көрсең, жер қадірін сезесің. Тау басына етегінен өрлеп, биігіне шыққанша қаншама жол жүресің. Ой-шұқырды, қыр белесті, көз алдыңнан өткізесің. Осының өзі үлкен сабақ. Мұндай қадам алдыңғы толқынның оңайлықпен діттеген жеріне жетпегенін де дәйектеп береді. Және бұл кейінгі толқынның сабақ алуына да қажет. Осы арқылы ұрпақтар арасындағы дәстүр жалғасып, үлкендер кейінгіге мейіріммен қарап, кейінгілер алдыңғы толқынға ізет көрсету үрдісі қалыптасады.
Иә, бұл бірінші қадам туралы байламымыз десек, бесінші қадам: «Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру» деп келеді. Бұл да ақылға қонады. Бірден мол қазынаға кезіксең, ол қазынаның қасиетін ұғына алмайсың. Тегін келгендей болып, оңды-солды шашуға бейім тұрасың. Керсінше, табанақы, маңдайтеріңнің өтеуімен қолыңа тиген қаржының қайырымы мол. Оның құны алтыннан да артық болары хақ. Ондай еңбектің өтеуін үнемдеуге қашан да бейім тұрасың. Орынсыз даңғойлыққа, бейберекет шашуға жол бере бермейсің. Бір сөзбен айтқанда, еңбектің мәнін түсініп, оның құны қалай ақталатынын білесің. Осы сөздерімді кейінгі жасқа қаратып айтып отырмын.
Мен өмір бойы қарапайым адамдармен жұмыс істеп келемін. Ауыл жайын да, қала тірлігін де бір кісідей білемін десем, артық айтқаным болмас. 100 нақты қадамға көз жүгіртіп отырғанда ойға оралғаны, мемлекеттік қызметкер, ол – халық қызметшісі екенін ұғыну болды. Бұл бізден гөрі жастарға қажет екені сөзсіз. Білімі мықты адам, жұртпен жақсы жұмыс істей алады. Ұлық болудың арғы жағында, кішік болу жатқаны мәлім. Мұны жүзеге асыратын ақыл мен парасат, пайым деп ойлаймын. Егер халықпен тіл табыссаң сөзің жерде қалмайды, ісің ілгері басады. Орынсыз қылық жасасаң – онда қателесесің. Осыны мемлекеттік қызметте жүрген әрбір жас азамат ой-санасына түйіп, Ұлт жоспарының астарында жұртқа қалтқысыз еңбек ету жатқанын түсінсе деймін.
Мемлекеттік қызметкер ең алдымен елдікті алға оздырса, жемқорлық жойылады. Бұл қатер көбіне көп өзімшілдікке ерік бергеннен болады. Ұлт жобасында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жайы да жан-жақты айтылған. Бұл арада әр мемлекеттік қызметшінің біріншіден, ұлттық рухы мықты, отаншылдық сезімі жоғары тұруы керек. Екіншіден, білім деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл екі нәрсе алған дипломмен, оқыған оқу орнымен өлшенбейді. Әр азаматтың білім деңгейімен ғана танылады. Бұған қалай жетуге болады деген мәселе тоғызыншы қадамда: «Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру» жайын нақтылады. Заман өзгеріп, техника мен технология жаңарып жатады. Соған сай болу үшін әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің білімін жетілдіріп отыру қажеттігі туындайды. Білімді жетілдіргеннен кейін оны іс үстінде тиімді қолданса жақсы нәтиже беретінін алдыңғы толқын жақсы біледі.
Жалпы, «100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының қай тарауын, қай тармағын алсаң да өркен жаяр елдің өрісті ісі, оған әр азаматтың қосар үлесі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл жерде, қай-қайсымыз да сөзбен емес, еңбегімізбен үлес қоссақ, өркениетті 30 елдің қатарына қосылу жолындағы Елбасы міндеттеген өрелі жұмыс өрісін кеңейтіп қана қоймай, Отанымыздың абыройы асып, экономикасы өркендеп, халқының әл-ауқатының артатыны сөзсіз.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Молдабаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік орталық жөніндегі орынбасары Данияр Берлібаевтың қатысуымен «X KAZENERGY Еуразиялық форумы: жаңа энергетика көкжиектері, ынтымақтастық және инвестициялар келешегі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Биыл KAZENERGY форумы оныншы рет өткізілгелі отыр. Осы уақыт ішінде аталған форум мұнай-газ саласының барлық энергетикалық өндірісі мен кәсіпорындарын біріктіретін беделді әрі ықпалды диалог алаңы болып қалыптасты. Еуразиялық форум Қазақстандағы ең ірі халықаралық шаралардың бірі болып табылады. Оның делегаттары – мемлекеттер мен ведомоство басшылары, дүниежүзілік және қазақстандық энергетикалық компаниялардың топ-менеджерлері, саланың жетекші сарапшылары, деді өз сөзінде Әсет Мағауов. Сондай-ақ, ол осы форумға бірқатар лауазымды тұлғалар қатысуға ниетті болып отырғандығын жеткізді. Атап айтқанда, IHS ВИЦЕ-төрағасы, «Өндіру» кітабы үшін Пулитцер сыйлығының лауреаты Дэниел Ергин, БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі және Тұрақты энергетика жөніндегі бастаманың бас директоры Канде К.Юмкелла, Жаңғырмалы энергетика жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Аднан З.Амин, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Йозеф Тот, Энергетикалық хартияның бас хатшысы Урбан Руснак, «ЭксонМобил» аға вице-президенті Марк У.Альберс осы форумға спикер ретінде қатысатындықтарын растаған.
Үстіміздегі жылғы форум жұмысы қазіргі заманғы энергетикалық және саяси оқиғалардың күн тәртібіндегі басты оқиғаларды, мұнай-газ және энергетика нарығында болып жатқан трансформацияларды талқылауға арналады. Осы орайда, жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге жауап ретіндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» шеңберінде саланы дамытуға ерекше назар аударылмақ. Жекелеген талқылаулар интеграциялық үдерістердің рөліне, ұзақ мерзімді сауда-экономикалық және энергетикалық серіктестік құруға, әсіресе, Еуропа және Азия өңірлерінде жаһандық энергетикалық тұрақтылықты қалыптастыруға арналады, деп атап өтті Ә.Мағауов.
Сонымен қатар, ол форум шеңберінде «Еуразия өңіріндегі энергия қауіпсіздігі: жаңа ынтымақтастық механизмдері» Жібек жолы экономикалық белдеуін құруға арналған мұнай-газ конференциясын өткізу жоспарланып отырғандығын айтты. Ал бұл мәслихат ҚХР Инженерлік академиясының ұсынысымен және 2013 жылғы қыркүйекте Казақстан мен Қытай басшылары кездесуі барысында ұсынылған Жібек жолы экономикалық белдеуін құру бойынша бастамаға байланысты өткізілейін деп отыр.