10.07.2015, 11:30

Маңғыстау облысында денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді

Маңғыстау ауданы Жыңғылды және Үштаған ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялардың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жыңғылды ауылында медициналық мекемені салуға 174 млн теңге жұмсалды.  Нысан құрылысы өткен жылы қыркүйекте басталған.

«Саламатты Қазақстан» ҚР денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында заманауи  құрылғылармен жабдықталған дәрігерлік амбулатория салынуда, соңғы екі жылда Маңыстау облысында 7 денсаулық сақтау ғимараты пайдалануға берілді. Бүгін басты міндеті тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету болып табылатын жаңа дәрігерлік амбулатория ашамыз», − деп атап өтті өңір басшысы Алик Айдарбаев.

Өткен оқу жылында Жыңғылды ауданында 200 орындық жаңа мектеп-интернат ашылған. Елді мекенде алғаш рет жолды асфальттау жұмыстары басталды. Биыл балабақша салуға 270 млн теңге бөлінді. Газ мәселесін шешу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ инвестжобасы іске асырылуда, соның аясында құны 420 млн. теңгелік «Таушық-Жыңғылды» газ желісін төсеу жұмыстары басталды.

Үштаған ауылында да жаңа амбулатория салынды, оның құны 126 млн теңге.

Бұдан басқа, Шайыр ауылында ардагерлер үйі ашылды. Оны салуға 3,8 млн теңге жұмсалды. Өткен жылы балабақша, емхана, «Жыңғылды-Шайыр» автожолы салынған. Ақсақалдардың өтініші бойынша, бес шақырымдық асфальт жол төселді, оның құны 216 млн. теңге. «Шайыр-Жыңғылды» жолын асфальттауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Шайырдан Теген елді мекеніне дейін жол құрылысына 100 млн. теңге бөлінді.