17.06.2015, 11:55

ОҚО-да дуальды оқыту жүйесіне басымдық берілуде

Фото: bnews.kz

Шымкентте кезекті рет бос орындар жәрмеңкесі өтті, оған техникалық кәсіпті меңгерген жастар қатысты.

Кәсіпорын басшыларының алдында қалалық №3 колледждің тәлімгерлері өз жұмыстарын ұсынды. Осылайша болашақ дәнеркерлеуші, сырлаушы және өзгеде техникалық мамандық иегерлері жұмыс берушілердің назарына ілікті.19 жастағы Виктор дәнекерлеуші мамандығын игеріп жатыр. №3 колледж студенті өзінің мамандығының қыр-сырын меңгеруден жалыққан емес. Оқумен қатар жалданып жұмыс атқарады. Оның қисынды қиыстырар шеберлігін замандастары да мойындайды. Болашақ білікті маманның айтуынша, оқу ордасындағы дуальды оқыту жүйесі қазірден бастап, нәпақасын табуға үйретіпті.

«Дуальды жүйе студенттері үшін өте тиімді. Бір жағынан оқысақ, екінші жағынан тәжірибеден өтеміз. Біз керектісі тәжірибе, мұнда көп нарсе үйренеміз», - дейді  студент Виктор Минин.

Дуальды оқыту жүйесі елімізде бес жылдан бері қолданылып келеді. Бұл, әсіресе, техникалық мамандарды даярлауда өз жемісін беріп отыр. Өзі таңдаған мамандығын теория жүзінде оқыған студент, сол сәтте өндіріс орнынан тәжірибе арқылы оның қыр-сырын меңгереді. Дуальды жүйе Германия, Австрия, Дания, Нидерланды және Швейцарияда жолға қойылған.

Ал Қазақстанда 176 колледж пилоттық жоба ретінде тәжірибеге енгізілген. Оған екі мыңнан аса кәсіпорын тартылған. Өндіріс орындарында қырық мыңға жуық студент білімдерін тереңдетіп алуда. Бұл жүйеге қызығушылық танытып жатқан кәсіпкерлер жыл санап артып келеді. Өйткені, техникалық маман тапшылығы кез-келген зауытта сезіліп отыр.