«Жаңа реформа нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі бөліктен құралады, оның біріншісі – мөлшері бекітілген негізгі еңбекақы, ал, екінші бөлігі–жұмыс нәтижелері бойынша берілетін бонустардан тұрады.
«Мемлекеттік қызмет» туралы жаңа заң қабылданған соң, мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарлануда . Сондай-ақ, Тестілеу бағдарламасы өзгереді. Бұл ретте, тестілеудің шекті мәні барлық заңдар бойынша жинақталған ұпай санының қосындысының белгілі бір пайызын құрайтын болады».
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Ерлан Ермаханбетов «Қазақстан-Шымкент» және «Отырар» телеарналарына берген сұхбаты барысында мәлім етті.
- Жаңа реформа нәтижесінде мемлекеттік қызметке әрбір кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау үшін жаңа сынақтар енгізіледі. Сала мамандарын іріктеудің тәртібі күшейтіледі. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталады. Мемлекеттік қызметтің мәртебесіне деген құрметтің төмен сатылы қызметтік орындардан басталуы лауазымды тұлғаның қандай қиындықта да оңтайлы, тығырықтан алып шығар шешім қабылдауына, ұжымды ұйыта білуіне негіз қалайды. Мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалау үшін автоматтан-дырылған жүйенің енгізілуі құптарлық деп санаймын.
Барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданады, - деп атап өтті Е.Ермаханбетов.
Департаменттің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін орталықтандыра отырып, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар үшін міндетті сынақ мерзімін үш ай сайын межелік бақылау арқылы алты айға дейінгі мерзімге белгілеу көзделуде.
Сондай-ақ, білімді де білікті азаматтарды мансаптық жоғарылатуды көздеп қана қоймай, мемлекеттік қызметке қосқан үлесі мен сіңірген еңбегіне қарай жалақы төлеу жүйесі де жетілдірілмек.