17.10.2018, 16:42

Қара суықта 7 баласымен далада қалған көкшетаулық ерлі-зайыптылар паналайтын шатыр таппай отыр

Көкшетау қаласы іргесіндегі Застанционный кентінде 7 баласы бар отбасы күздің қара суығында қайда барарын білмей тентіреп жүр. Өйткені өз баспанасы тамыз айындағы топан судан соң тұруға жарамсыз боп қалған. Олардың айтуынша, әкімдіктегілер балаларын жетімдер үйіне тапсыруды болмаса қаңғыбастарды бейімдеу орталығына барып тұруды ұсынған көрінеді. Ал, 8-ші балаға аяғы ауыр ана перзенттерін беруден үзілді-кесілді бас тартып отыр деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Күздің қара суығында шиеттей баласын шұбыртып жан сақтайтын орын таппай жүрген Бехтольдтар отбасы алдағы қыраулы қысты үреймен күтіп жүр. Бүгін оларды уақытша жалдаған пәтер иесі қуып шыққан. 7 баламен  жалдамалы үй табу да оңай емес. Ескі де болса, ұядай баспанасынан айрылғалы екі ай болыпты. Жаңбырлы жазда үйлерін топан су басқан. Дүние де, киім кешегі де сол кезде жарамсыз болып қалыпты.

"Қазір күйеуім таксимен ақша тауып, шамасы жеткенше жөндеп жатыр. Тапқаны тамақтан да қалмайды. Сенесіз бе, көмек сұрап барғанда балаларымды жетімдер үйіне тапсыр деді. Басшылар қаңғыбастар үйін де ұсынды. Кішкентай балалармен онда қалай барам? Не істерімді білмеймін", - дейді көпбалалы ана Марина Бетхольд.

Бүрсең қаққан балалардың кішісі 1 жарым жаста. 4,7,9,10 жастағы төртеуі балабақшаға, мектепке барады. Екі баласы студент.

Шиеттей 7 баласы бар отбасына жалдамалы пәтер беруге әркім келісе бермесі анық. Дәл қазір үй жалдауға қаражатымыз да таусылды дейді көз жасына ерік берген Марина. Қаңғыбастар мен жетімдер үйін ұсынған басшылардан көңілі қалған отбасы тым болмаса жергілікті тұрғындар көмек қолын ұсынар деген үмітте.

Судан мүжіліп қалған шағын үйін отағасы біртіндеп ретке келтіре бастаған. Пешті қайта салып, қабырғасын да тұрғызған. Бірақ әлі де тұруға жарамсыз. Құрылыс материалдары қажет екен. Ал көпбалалы отбасы санатында кезекке тұрған Бехтольдтерге пәтердің ауылы әлі алыс сияқты.

"Көпбалалы отбасы санатында пәтер кезегінде Марина Бехтольд 3424-ші болып тұр. Ол пәтер қашан болатынын ешкім айта алмайды. Отбасының бүгінгі жағдайына қарап, кезексіз пәтер алып бере алмаймыз. Бізден көмек сұрап келген де жоқ олар", - дейді Көкшетау қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы Юлия Кароль.

Қазір отбасы кенттегі үйлерді аралап, бір күн түнеп шығатын орын іздеуге аттанбақ. Аяғы ауыр Марина 8-ші сәбиін 3 айдан кейін өмірге әкелуі тиіс. Бірақ, қалай қайда барып күн көрерін білмей дал.