Елбасы «Ұлт жоспарында» да бұрынғыша сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан алда бұл кеселмен күреске үлкен басымдылық берілмек. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес төрағасы Берік БЕКЖАНОВ мәлім етті.
Оның мәлімдеуінше, департамент 100 нақты қадамның алғашқы кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы бөлімін басшылыққа ала отырып, Елбасының және халықтың сенімін ақтау үшін мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін жоғарылатуға, олардың қызметін қарапайым азаматтардың қажеттіліктері және мүдделерімен сәйкестендіруге, мемлекеттік қызмет сапасын жақсартып, мемлекеттік қызметшілердің бойында этикалық және тәртіптік мінез-құлық қалыптастыруға бар күш-жігерін салуда.
- Азаматтық қоғам институттарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпкерлермен, жастар және ардагерлер ұйымдарымен және мемлекеттік қызметшілермен өткен әрбір кездесуде «100 нақты қадам» стратегиялық жоспарын талдап, талқылаудамыз. Өйткені, мемлекеттік қызметшілерді жоғары лауазымдарға ілгерілету барысында жеке жетістіктерін, кәсіби біліктілік деңгейлерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін ескеру талап етіледі.
Жалпы алғанда «Ұлт Жоспарында» қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертудің негіздері көрсетілгендіктен, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар мен патриотизмге баулу басты қағидалардың біріне айналып отыр. Сол үшін «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы» атты жобаны іске асыру арқылы халықтың да, биліктің де психологиясын заман ағымына қарай өзгерту талап етілуде. Әрине, адам санасына бетбұрыс жасау үлкен күш-жігерді қажет етеді. Мәдени инфраструктура бүкіл қазақстандықтар үшін қолжетімді болуы шарт. Енді «Мәңгілік ел» құндылықтарын мектеп партасынан бастап оқытуды ойластыруымыз керек, - деп атап өтті ол.
Департамент басшысының орынбасары мұның бәрінің Ұлт жоспарын жүзеге асырудың бастапқы әрекеттері ғана екенін, алда көптеген жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді.