Алматыдағы ескі үйлердің жартысы Түрксіб ауданында орналасқан. Алдағы уақытта екі қабатты 16 үй сүрілсе, пайдалануға берілетін баспана саны 4 есеге көбейеді. Ал «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша «Жас қанат» ықшамауданында 47 тұрғын үй бой көтерді. Жыл аяғына дейін 90 отбасы жаңа пәтерде қоныс тойын тойлайды.
Алматы қаласының Түрксіб ауданында ескі үйді сүру бағдарламасы бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр деді аудан әкімі. Бағдарламаны іске асыру үшін аудан 4 аумаққа бөлінген. Осы арқылы сүру мен құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Оның алғашқысы келер жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр. Кезекте екіқабатты 16 ескі үй тұр. Олардың орнына 800 пәтерді қамтитын 40 жаңа үй бой көтереді.
«Барлық шара келісім арқылы жүргізіледі. Келісім болмаса сот арқылы шешіледі де, ескі үйлер сүріледі. Қазір тиісті жұмыстар істеліп жатыр. Жоба бар, келер жылдың бірінші тоқсанында, менің ойымша, жаңа үйдің құрылысы басталады», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі Павел КУЛАГИН.
Аудан әкімінің айтуынша Түрксібтегі қордаланған мәселелердің дені жаңадан қосылған аумақтарда екен. Жарықтандыру, газ жүргізу, инфрақұрылымды жақсарту, заңсыз құрылысты жою жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 370 көшеге шам орнатылып, 3 жерасты өткелі пайдалануға берілген. «Алматы-1» темір жол вокзалы алдындағы алаң да көріктендірілді. Екі аптадан соң қоғамдық көліктерге арналып аялдамалар қойылады. Ал келер жалы аудан толықтай көгілдір отынмен қамтылмақ.
«Жеке тұрғын үй секторында бірнеше үйлер көгілдір отынмен қамтылуы тиіс. Олардың дені магистралды желілерден алшақ орналасқан. Оларды биыл қамтып үлгермейміз. Бірақ келер жылдың бірінші жартысында аудандағы барлық үйлерге газ жүргізіледі», – деді Павел КУЛАГИН.
9 айдың көрсеткіші бойынша ауданда барлық салада оң нәтиже байқалған. 30 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, шағын және орта бизнес мекемелерінің саны 102 пайызға артыпты. Бас-аяғы 7 мыңға жуық кәсіпкер пайда көруде. Жыл басынан бері 3 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Олардың саны жаңа әуежай терминалы салынса, тағы еселенбек.
«Қазір жаңа әуежай терминалының сызбалық жұмыстарына халықаралық конкурс жарияланды. Жақын арада сіз бен біз сол жобамен танысамыз деп ойлаймын. Көпшілік назарына ұсынылады. Әзірленіп жатқан жоба бойынша қазіргі әуежайдың оң жағында бос аумақ таңдалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі.
Ауданда жаңа балабақша, мүгедектерге арналған психоневрологиялық интернат үйі және медициналық мекемелер салынып жатыр. Аулаларды көріктендіру мен оның қауіпсіздігіне де ден қойылуда. Қазір 4000 бейнебақылау камералары орнатылған.