$ 498.34  519.72  4.85

Іле ауданының әкімі тұрғындардың барлық мәселесін шешіп беруге уәде берді

Алматымен іргелес жатқан Іле ауданындағы жол, су, жарық, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сынды әлеуметтік мәселелер толығымен шешімін табады. Ауданның жаңа әкімі Бағдат Қарасаев Іленің 90 жылдық тойына орай өткен жиында журналистерге осылай деп уәде берді.

200 мыңнан астам халқы бар ауданда ірі өнеркәсіп орындары көп. Сәйкесінше, аудан облыс бюджетінің 51 пайызын беріп келеді. Бірақ мемлекетке түсетін салықтық түсімнің көптігіне қарамастан, ауданға қарасты елді мекендердің мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған. Ауданның құрылғанына орай өткен жиында әкім болып тағайындалғанына екі ай енді толған Қарасаев аталған жұмыстарды реттеп, жұрттың жүріп-тұруына жақсы жағдай жасаймын деді.

«Халыққа, біраз ауылдарға барып, жартылай аралап, танысып шықтым. Бүгінгі күні әрине, халықтың көтеріп жатқан мәселесі – жол, су, жарық, сондай-ақ, білім мен денсаулық саласы бар. Бірақ көбі тұрғын үй шаруашылығына қатысты мәселелер болып тұр. Біз жаңадан салынып жатқан үйлердің маңына айрықша назар аударып отырмыз. Суына, жолына бағыттап қаражат сұраймыз. Тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру – басты міндетіміз», – деді Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВ.

Іле ауданы да өзге елді мекендер секілді 1928 жылы ұжымдастыру аясында құрылған. Ауданның 90 жылдығына орай өткен тойда коммунистердің кесірінен туындаған келеңсіздіктер де кеңінен айтылды. Байларды құдалау мен аштық жылдарындағы асыра сілтеушіліктен болған қиындықтар тарих қойнауына кеткенмен, адам төзгісіз азаптаулар әлі де ел есінде. Ал 1937-1938 жылдары атылған Алаштың ардақтылары да дәл осы Іле ауданына қарасты Жаңалық пен Боралдай ауылдарында жатыр. Сондықтан 90 жылдықты тойлау – қызыл жендеттердің жеңісін емес, қиындық көрсе де, бүгінде өз алдына жеке шығып, жетістікке жеткен елдің жемісін жұртқа жеткізу, рухын көтеріп, жігерлендіру, алда атқарар істерді айқындау деді аудан басшылары. Елбасының тапсырмасы бойынша ауданда «7-20-25» бағдарламасы аясында да белсенді жұмыстар жасалмақ.

«Банкирлермен, құрылысшылармен кездесіп, қазіргі Өтеген батыр ауылындағы 20 пәтерлі үйді, Боралдай ауылындағы 38 пәтерлі үйді осы бағдарламаға енгіздік. 538 мемлекеттік қызметкер кезекте тұр. Солардың бәрін іріктеп, төлем қабілетін анықтап, 200-ге жуығын осы бағдарламаға енгіземіз», – деді Бағдат ҚАРАСАЕВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары