Соңғы екі жылдан бері сәтті жүзеге асып келе жатқан «Алматы жастары» бағдарламасы талай жас отбасының проблемасын шешіп бергені айтпаса да түсінікті. Жеңілдетілген несие арқылы берілетін баспаналар былтырдан бері жүздеген адамға пана болды. Алматылық жастардың бағдарламаға деген қызығушылығы артқан. Биылдың өзінде 1,2 мың азамат осы жоба аясында үй алуға құжат тапсырыпты.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру жайында айтылған болатын.
«Жайлылық дегеніміз - ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы», - деген болатын Мемлекет басшысы.
Елбасы азаматтар тұрмыстық ахуалын арттыруда ең алдымен сапалы әрі қолжетімді тұрғын үйге қол жеткізу керектігін айтты.
«Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді», - деді Президент.
Алматы әкімдігі Президент Жолдауының үдесінен дөп шығатын бірегей бағдарламаны екі жыл бойы жүзеге асырып келеді. Қала әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасындағы «Алматы жастары» бірегей бағдарламасы жастардың баспана мәселесін шешуде үлкен септігін тигізіп отыр.
Қала жастарына жеңілдетілген несие беруге арналған «Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы қолға алынған болатын. Ол үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген еді. Бағдарлама аясында 2017 жылы 6 657 өтініш түсіп, 108 отбасы былтыр қоныс тойын тойлаған. Оларға пәтер кілтін 2017 жылы 15 желтоқсанда Алматы әкімі Бауыржан Байбек салтанатты түрде табыстаған болатын.
Жақсы нәтижелерге қол жеткен соң биыл да қала əкімдігі «2020 жылға дейін жастарды қолдау жол картасы» аясында «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңі іске қосқан еді.
Сонымен қатар, әкімдік аталған бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінетін қаржыны екі еселеді. Биыл осы бағдарлама аясында жастарға арзан баспана алып беру мақсатында бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп. Осы орайда биыл тағы 150-ден астам жас азамат арзан пайызды несиемен баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алады.
«Алматы жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі пайыздық төлемнің төмендігінде, яғни жобаға қатысушылар жылдық мөлшер 5% болатын 10 млн теңгеге дейінгі жеңілдікпен несие ала алады. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі төлем қабілетіне қарай 3 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта жеке жасалады. Бағдарлама аясында несиелендірудің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Несие тек бастапқы тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік береді, оны бағдарлама қатысушысы өз бетінше таңдайды», - деді əкімдік баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, 2018 жылы бағдарламаға бірқатар жаңартулар енгізілген.
Былтыр тұңғыш бала үшін 10, кейінгі әр бала үшін 15 балдан берілді. Отбасы құрған әр жылына екі балдан қосылды. Қосымша балдарға меншік түріне қарамастан қаланың әлеуметтік саласында жұмыс істейтін жастар ие болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша 10 балдан берілді. Алматының бизнес қаласы екендігі ескеріліп, жас кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілді, мұндағылар әр жұмыс істеген жылдары үшін бір жарым балдан алған болатын.
Ал, биыл бірінші балаға - 10 бал, ал әрбір келесі балаға 20 балдан есептеледі. Балдық жүйеде хабарландыру шыққаннан бастап некеде 1 жыл тұрған жас жұбайларға 30 бал бөлу қарастырылған. Биылғы үміткерлердің құжаттары 9-20 шілде аралығында қабылданды. Сайттағы ақпаратқа сүйенсек, биыл 1206 адам қатысуға өтініш білдірген.